ӘЛЕУМЕТ

Ұстаздың жолы - ұлылық

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 04.05.2021
Оқылды: 1600 Печать страницы
Ұстаздың жолы - ұлылық

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтып кеткендей, білімді де білгір шәкірт тәрбиелеу ұстаздан бастау алары сөзсіз. Осы ұлағатты сөздің астарында білімділік те, ақылдылық та, мейірімділік те, зерделік те жатқан жоқ па? Кіршіксіз, пәк сезімді жас ұрпақты арман жолына жетелейтін де,білімнің қия шыңына көтеретін де ұстаз. Ендеше ұстаз білімнің отын жағып, бал-шырын нәрін шәкірт бойына сіңірудің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген мұғалім болу-адам бойындағы ұлы қасиет. Ол жүректің батырлығын да, сезімнің ақылдылығын да,  мінездің жайлылығын да, білімнің байлығын да топтастырып, бір арнаға тоғыстыратын,бір сөзбен айтқанда ұстаз - асыл қасиеттердің жиынтығы. Осындай ұлағатты ұстаздарымыздың бірі -Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі «Ы.Алтынсарин төс белгісі» иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Сүлейменова Орынбасар Яхметқызы. Білім беру саласында  өзіндік  қолтаңбасы бар ардақты жанның бірі- ерен еңбегімен, кәсіби шеберлігімен, парасат – пайымдылығымен, ұлтын сүйетін ұлтжандылығымен биік бола білген ұлағатты ұстаз. Орынбасар Яхметқызы  1950 жылы 9-қыркүйекте Көксу ауданы Мұқыры селосында дүниеге келген.
1967-жылы Талдықорған облысы, Киров ауданы, Ленин колхозындағы  В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітіреді. 1967-1971 жылдар аралығында  Алматы педагогикалық шет тілдер институтында  неміс тілі факультетінде оқиды. 1971 жылдан бастап Талдықорған облысы, Киров ауданы, Ленин колхозы  В.И.Ленин атындағы орта  мектеп  мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. 1973-1974 жылдары  ҚазССР «Интурист» мекемесінде гид-аудармашы болып жұмыс жасайды. 1974-1986 жылдары Алматы Мемлекеттік Медицина Институтының шет тілдер кафедрасының оқытушысы,  1986-1994 жылдарда Алматы Мемлекеттік Медицина Институтының шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы, шетел студенттеріне арналған дайындық бөлімінде деканның орынбасары, шетел студенттеріне арналған дайындық бөлімінің деканы, 2006 - 2019 жылдарда С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің шет тілдер кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеді. Медицина саласында жоғары білімді мамандарды дайындауға қосқан үлесі үшін Орынбасар  Яхметқызы бірнеше рет ҚР денсаулық сақтау министрлігінің және университеттің құрмет грамоталарымен, университеттің алтын, күміс медалімен марапатталған.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өзі білім алып, қызмет жолын бастаған мектебі Алматы облысы, Көксу ауданы, Ж.Егінбаев атындағы интернаты бар  орта  мектебінде мектеп әкімшілігінің  және Орынбасар Яхметқызының сіңлілері Ұлдана Яхметқызымен Орынтай Яхметқызының демеушілік көрсетуімен  ағылшын тілі пәнінен оқушылар арасында ұлағатты ұстаз Орынбасар Яхметқызы атындағы   мектепішілік олимпиада ұйымдастырылып, 8-9-10-11 сынып оқушылары қатысты.Олимпиада қорытындысы бойынша мектеп директоры Асылбекова Гүлжанат Ақболатқызы құттықтау сөз сөйлеп, білім  бәйгесінде оза шауып шыққан оқушыларды  I, II, III дәрежелі  дипломдармен және демеушілер ұсынған ақшалай сертификаттармен марапаттады. Олимпиада жалғасы еске алу кешімен жалғасын тауып, кешке Орынбасар Яхметқызының   туыстары  Уәлиев Бақытгелді Мақажанұлы, Меркебаева Несіпжан Ұзақбайқызы, Рысқұлов Асқар Тоқсанбайұлы қатысып  Орынбасар Яхметқызы жайлы өз естеліктерімен бөлісті. Оқушыларға ұстаз туралы естеліктер мен  бейнематериалдар көрсетілді. Мектеп ұжымының атынан демеушілік жасап, қолдау көрсеткен Орынбасар Яхметқызының  сіңлілері  Ұлдана Яхметқызы  мен Орынтай Яхметқызына үлкен алғысымызды білдіреміз. Олимпиада келер жылы да өз жалғасын табатынына сенімдіміз. Білімді шәкірттеріміз көп болсын.
Ұстаз ізгі  жүректерге гүл еккен,
Адалдықты көкіректе түлеткен.
Сіздің биік рухыңызға бас иіп,
Еске аламыз сағынышты жүрекпен.
Айткуль Утенова
Ж.Егінбаев атындағы интернаты бар орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.