
Биыл Жеңістің 76 жылдығына орай, Көксу ауданы әкімдігінің қызметкерлері барлық карантин талаптарын сақтай отырып ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлері Николай Огнев пен Петр Голышенконы Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтауға арнайы барып, ардагерлерге гүл шоқтары мен себет толы сыйлықтарын табыстады.
«Жеңіс күні - бұл ұлттық мереке. Бұл тарихи дата барлық ұрпақтың жадында мәңгі қалады, ұлттық ұлы ерлік күні ретінде. Егер соғыста жеңіс болмаса, болашаққа ұмтылған тәуелсіз Қазақстан болмас еді. Біз сіздердің ерліктеріңізге, адалдықтарыңызға, табандылықтарыңызға және Отанға деген қасиетті сүйіспеншілік сезімдеріңізге тағзым етеміз! - деді әкімдік қызметкерлері. Ардагерлер қонақтарды ризашылықпен қабылдап, естеліктерімен бөлісті, соғыс жылдарындағы бастан өткерген ауыр еңбек, жан түршіктірер естемелері туралы және Жеңіске қол жеткізген сәттегі айтып жеткізгісіз сезімдері туралы әңгімеледі.
1941-1945 жылдар аралығындағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүние жүзілік соғыстың бір бөлігі ретінде тарихта қалды. Бұл соғыста Қазақстандағы отбасылардан да жүздеген мың адам қолына қару алып майданға аттанды. Кеңес заманындағы адамдардың патриоттық рухының асқақтығы сонша, Қазақстан халқы да Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты. 4 жылға созылған соғыс жеңіспен аяқталса да, қан майданда жан беріп, Отанын қорғаса да отауына оралмай қалған боздақтар қаншама? Деседе, «Ерлік – елге мұра» деген ұлағатты сөз бар. Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңген ардагерлеріміздің ерлігін қанша ұлықтасақ та жарасымды.
Солардың бірі де бірегейі соғыстың суық желі азынап тұрған сол бір кезеңде, майданға аттанып, қайтып оралмаған ер жүрек батыр ЖАҢБЫРБАЕВ Бекжігіт атамыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды!» дегендей, соғыста атойлап алда жүретін атамыз бес рет ауыр жараланып, майданда қаза тапса да, артында қалған ұрпақтары яғни қызы Тарбия апамызбен Бекжігіт атамыздың немерелері батырдың 1944 жылдың 8 - наурызында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғанын анықтады. Ресей федерациясы президентінің куәлігі мен «Қызыл жұлдыз» ордені және Көксу ауданының әкімі Алмас Әділдің құттықтау хаты майдангердің қызы Тарбия Бекжігітқызына салтанатты түрде табысталды.
Құттықтау хатта:
«Құрметті Тарбия БЕКЖІГІТҚЫЗЫ!
Ұлы Отан соғысында Жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмай қалған сіздің әкеңіз және біздің атамыз Бекжігіт ЖАҢБЫРБАЕВ соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен 1944 жылы 8-наурызда мараппатталған екен.
Ел басына күн туған кешегі соғыс кезінде Бекжігіт атамыз қолына қару алып, ел қорғауға аттанған болатын. Ардагер 19-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында атқыш мерген болған. Ресейдегі мұрағаттардағы құжаттарға сәйкес, Бекжігіт батыр атамыз шайқас кезінде бірінші болып аттанған деген деректер бар. Талай қанды қырғынды басынан кешіріп, жеңісті жақындатқан майдангер батыр атамыз бес рет майданда ауыр жараланған.
Жеңіс күні бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке. Бұл тек сол соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес. Ол сол еліміздің берік қорғанындай болып қалған, соғыстан қайтпаған, майдан даласында қаза болған батыр аталарымызды еске алатын күн.
Зұлмат соғыс жылдардағы атамыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды және қаза болған батыр атамыздың рухына тағзым етеміз!
Бұл мереке жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де осынау мерекенің жемісі делінген.
«Жақсы әкенің аруағы қырық жыл сүйрейді» дегендей, өздері тіктеген отаудың ғана емес, елі мекендеген отанның жүгін арқалап, алапат соғыстың арасына, қан майданға аттанып кеткен асқар тау әкесін сағына еске алып, батыр әкенің көзіндей болған куәлікті тебіріне қолына алған Тәрбия апамыз көзіне ыстық жас алып:
-Менің 6 айымда әкем Панфиловқа курсқа кеткен екен. Кейіннен сол жақтан ары майданға аттанып кетіпті. Әлі есімде, енді ғана ес кіре бастаған кезімде, үйдегі сандық үшбұрышты хатқа толып тұратын. Мынау не апа? деп анамнан сұрағанымда, әкең жазған хаттар ғой дейтін. Оқып берші десем, оқи алмаймын, көрші Гүлдана тәтеге оқытып ал дейтін. Әрбір хаттың соңында мені сұрайтын. Мектепті үздік бітіріп, математика мұғалімі болған кезімде соғыс аяқтап, жеңіс тойланып жатты. Енді жұрт жапырылып, біреу әкесін, біреу аға-бауырын тауып жатты. Менде қарап отырмай әкемді іздестіріп жан - жаққа хат жаздым. Сұрастыра келе ол кісінің Литвада болып ерлікпен қаза тапқанын анықтадық. Содан Литвамен байланысқа шығып, Литваның орталығындағы тас мемориалда жерленгенін білдік. Енді міне ең кіші немересі «Қызыл жұлдыз» ордені бар екен деп осы куәлікті алып келді. Оны алуға Нұр-Сұлтандағы Ресей елшілігі көмектескен куәлікті көріп әкемді көргендей болдым...деді.
Бұл сол бір зұлмат жылдардағы өмірдің бір көрінісі, кешегінің бүгінге жалғасқан сарқыты. Осылайда осылай әке баладан, отбасынан, бала ата-анасынан, аналар арқа сүйер азаматынан көз жазып, қаралы хаттармен қайғысын сүртіп, арманда өтіп кеткен жандар қаншама. Сырғып уақыт, жылжып жылдар өтсе де, қазақ халқының тарихында Ұлы Отан соғысының iзi мәңгi өшпейдi. Жеңiс үшiн қанша адам отбасын тастап, соғысқа аттанды. Жетімсіреген жүректердің жарасы жазылмады. Бойларын рух пен намыс кернеген азаматтар ел басына күн туған, ауыр кезде от пен оқтың ортасында жүрiп, Отан үшiн азап тартса да, келер күннен үмiт үзбей, жеңiске, азаттыққа үмтылды. Қазақ халқы ата-бабасы қорғап, келер ұрпағына мұра ретiнде қылған дарқан даласында қанат жайып, өркендеп, өсiп келедi.
Мiне, Жеңiстiң Ұлы күнi. Осындай бейбiт күндi сыйлаған аталарымызға мың алғыс. Егер бабалар болашақ үшiн ерлiк көрсетпегенде, бiз осылай өмiр сүрмес те едiк... Олар жерi, елi үшiн шайқасқа түсiп, кеудесiн оққа тосты. Отан соғысында ерлiк көрсеткен жүзге жуық қазақ азаматы Кеңес Одағының батыры атағын алды. Енді, жастар, ғылымда озық, өмiрде тәрбиелi, ұлтжанды болып, батыр ұлттың ұрпақтары ретінде, соғысты болдырмауға және Отанымызды сатпауға, елiмiздiң тыныштығын сақтауға күш салуы керек.