ӘЛЕУМЕТ

Конфессияаралық қатынастар саласындағы саясат

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 14.05.2021
Оқылды: 1840 Печать страницы

Еуразия аймағында ұлан-ғайыр аумақты мекендеген еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихы Батыс пен Шығыс өркениеттерінің тоғысқан аймағы ретінде 130-дан астам ұлттар мен 18 конфессия өкілдерінің отанына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытып, конфессия өкілдерінің ұстанымдарына түсіністік таныта отырып, мемлекеттігіміздің тұғырлығын әлемге әйгілеп келеді. Халқымыз ұлтаралық және дінаралық ынтымақтастыққа бастайтын құндылықтарды халықаралық алаңда да насихаттауда. Конфессияаралық келісімді орнату, бейбітшілік пен өзара төзімділік құндылықтарын насихаттау арқылы Қазақстан әлемдік саясатта жоғары құрмет пен беделге ие болды. Жаһандық алаңда көптеген елдердің сенімді әріптесіне айналды.
Еліміздің мемлекеттік саясаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің арасындағы сындарлы үнқатысу көпірін құру қадамы осы мақсаттың жүйелі жүзеге асырылуын айқын көрсетіп отыр.
Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – Елбасының жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. Оның жемісін Елордамызда үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы арқылы көрсетудеміз.
Мағыналы конфессияаралық орталық болып қалыптасқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі төңірегінде діни қауымдастықтар өзара түсіністік пен сыйластық табуда. Сонымен қатар, съезд әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің қазіргі заманғы шешімін таппаған жаһандық проблемаларды бірлесе шешуге бағдарланған мағыналы жиыны болып отыр. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған аса өзекті де, ауқымды бұл жобаға БҰҰ және ЮНЕСКО секілді басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері, белгілі саяси қайраткерлер, әлемдік сарапшылар жоғары баға беруде.
Толеранттылық пен діни тағаттылық – конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының басты тетігі. Еліміз үшін төзімділік қағидаттары саяси мәдениеттің бағыттары ғана емес, мәдениетті қолдап-қуаттайтын мемлекеттің негізгі ұстанымдары болмақ.
Мемлекеттің дінге қатысты ұстанымын ең алдымен оның заңдарынан көруге болады.
Елімізде діни ахуалды реттейтін Қазақстан Республикасының                    2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласында ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатындығы атап көрсетілген. Бұл – ислам дінінің қазақ мемлекеттілігінің және халықтың рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болғандығын, сондай-ақ соңғы үш ғасырлық тарихы қазақ елімен ортақ, әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православиелік христиандықтың Қазақстан халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл Заң Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінің, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
Қазақстанның дін саласындағы саясаты – конфессияаралық келісімнің, діни ахуалдың тұрақтылығының кепілі. Ел аумағындағы барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттілік қағидаты мен дінаралық татулық санасын қалыптастыру мәселесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды. Сондықтан мемлекеттің дін саласындағы саясаты елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуын басты мақсат деп біледі.

Азамат Қисметов,
Көксу ауданының
ішкі саясат
бөлімінің басшысы.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.