
Адамзат тарихында үлкенді-кішілі он бес мыңға жуық соғыс өткен.Бірақ солардың ішінде ауқымы құрбандары мен алапаттығы жағынан ең жантүршігерлігі Екінші дүниежүзілік соғыс және оның құрамдас бөлігі-Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жж.) болды.
Бүгінгі соғыс кезіндегі қазақстандықтардың шығыны жайлы әртүрлі пікір қалыптасқан. Соғыс қимылы біздің жерде өтпесе де, қазақстандықтар Кеңес Одағының бөлігі ретінде фашистермен жан аямай соғысып, жеңіске өз үлестерін қосты. Кейінгі деректерге сүйенсек, 1938-1945 жылдар арасында 18-ден 50 жасқа дейінгі ер адамдар, яғни Қазақстан халқының 70%-ы әскер қатарына шақырылыпты. Бұл көрсеткіш әлемдік тәжірибеде жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Тіпті соғыстың негізгі ұйымдастырушысы болған фашистік Германия жаппай мобилизация кезінде әскери іске 12 пайыз ғана халқын тартқан екен. Қазақстан бойынша соғыста қаза болған, тұтқында, аурудан немесе жарақаттан қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен адамдар саны шамамен 601011 немесе 11,2%-дай .
110 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері болды. Майданға республикадан тыс жерлерден шақырылған немесе әскери құрамаларға қосылған қазақстандықтар да өшпес ерлік көрсетіп,қаһармандықпен шайқасты. Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең ірі апат болғанын ұмытуға хақымыз жоқ. Осы соғысқа 72 мемлекет қатысты. Яғни, соғыс өрті жер шарының 80 пайызын немесе 1,7 млрд адамды қамтыды, 5,5млн-нан аса адам жараланды. Майдан даласында күніне 25 мың адам қаза болып отырған.
Ұлы Жеңіс адамдардың өмірімен, қанымен, маңдай терімен келді. Жеңісті жасаушы және шыңдаушы майдангерлердің, тыл еңбеккерлерінің ерліктері елге мұра, ұрпаққа ұран болып қала бермек. Олардың мәңгі ерліктерін ұрпақтар жадында сақтаудың аса үлкен тәрбиелік мәні мен маңызы зор. Бүгінгі өскелең ұрпақ, біздер аға ұрпақтың соғыстағы қаһармандық жолын білуге тиіспіз.
Жас ұрпақты Отанын, елін қорғай білуге, Отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа баулу мақсатында кітапханада іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.Жеңіс күні құтты болсын!
Ақбөпе Тұрысбекова,
Мұқыры ауылдық кітапханасының кітапханашысы.