
Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын осынау заманда ұстаздың шәкірт өмірінен алар орны бөлек. Кемелді ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында. Бұл факторды жүзеге асырушы субъект– ұстаз. Қай заманның ғалымын да, ойшылын да, ақынын да, басшысын да, басқасын да «тұлға» ретінде қалыптастыратын ол ұстаз. Оларды ұлттық құндылықтарға сай әрі ақылды етіп тәрбиелеу.
Бүгінгі қоғамның басты талабы– қолдан жасалған «ХХІ ғасырдың ғажайыптарын» тамашалау емес, еңселі ел тағдырын аманаттайтын тарландарды өсіру. Осы мақсатта заманға сай түрлі әдіс тәсілдерді меңгеріп, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырудамын. Мәселен, функционалдық сауаттылық. Қазіргі таңда дәл осы тәсілді әр пәннің ұстаздары кеңінен қолданып жүр. Себебі, бұл заман талабы.
Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Аталған функционалдық сауаттылық жаратылыстану мен гуманитарлық бағыт шеңберінде жүзеге асырылады. Айтпағым, әр пәннің өз бағытына қарай әдіс-тәсілдер қолданылады. Мәселен, мен 5,6 жастағы яғни мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқушыларға математикалық сауаттылықты әртүрлі әдіс-тәсілдермен үйретемін. Атап айтар болсам, «лабиринт», «сиқырлы сандар», «көршісін тап», «шындық па әлде жалған ба?», «сәйкестендір» деген сияқты түрлі ойындарды сызбасымен дайындап, оқушылардың қызығушылығы мен ынта-жігерін оятып, функционалдық сауаттылықты математика пәні арқылы арттырудамын.
Математикалық сауаттылық
- математиканың әлемдегі рөлін анықтау және түсіну;
- әртүрлі формада берілген сандық ақпараттарды оқу, талдау, түсіндіріп беру;
- дұрыс негізделген математикалық пайымдаулар айту;
- есептерді шығарудың тиімді тәсілдерін табу, орындау, өзін-өзі тексеру, өмірмен байланыстыру;
- математикалық білімді өмірлік жағдаяттарда кездесетін түрлі мәселелерді шешуде еркін қолдану.
Оқушылардың математикалық сауаттылығының қалыптасуы «математикалық құзыреттiлiктiң» даму деңгейлерімен (танымдық салалармен) сипатталады:
- білу (еске түсіру);
- қолдану (байланыстарды орнату);
- ойлау (пайымдау).
Қорыта айтатын болсақ, функционалдық сауаттылық- адамның алған білімін сауатты пайдалана алуы және үнемі жетілдіріп отыру үдерісі. Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың ұлттық болмысын, сана сезімін, өзіндік дүниетанымы мен көзқарасын қалыптастыруға негіз болатын құндылықтардың бірі-функционалдық сауаттылық. Ұлттық білім беру жүйесін өзгертуге мұғалімнің ықыласы, оның ұмтылысы және маңыздылығы мен қажеттілігін түсінуі жетістікке жетелейді.
Шолпан Жолтабарова,
Мұсабек атындағы орта мектебінің бастауыш
сынып мұғалімі.