
СЕКЕНБАЙ ШЕҢГЕЛБАЕВ, Облыстық мәслихат депутаты:
9 маусымда елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы бүгін республикалық телеарналар арқылы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеу жариялады.
Президент мемлекет үшін маңызы зор науқанға бір кісідей қатысуға шақырды. Кандидаттар тізімінде жаңа саяси тұлғалар болғандықтан, ол халықтың дана шешім қабылдайтынына сенім білдірді.
Байқап қарасақ, бүгінде билік халыққа етене жақындады. Ел-жұрттың мұң-мұқтажы айрықша назарға алынып, тұрмыстың түйткілдер кешенді түрде шешілуге бет бұрды. Нақты іс-шаралар тиянақты жүргізіле бастады. Сайлаудың қойылған уақытынан ерте болатыны саясаттың бір салқын соққан лебі сияқты. Себебі, қоғамды дамытуға серпінді қадамның бірі – сайлау. Мемлекетімізде халық таңдап алған басшы болса, батыл қадамдар жасауға жол ашылары айқын.
Қазіргідей әлемнің алмағайып кезеңінде жайбарақаттыққа жол беруге болмайды. Еліміз дамудың сапалық жаңа деңгейіне көтерілген кезеңде бәрінен бұрын ең қымбаты – уақыт. Оны зая жібермеу аса маңызды. Төрт құбыламызда алпауыт мемлекеттер тұрғанда, елімізге саналы, жанашыр президент керек.
Ұлт дамуының шешуші факторларының бірі отбасы. Бүгінгі таңда көп балалы аналарға қамқорлық мейлінше тегеурінді жүргізіліп келеді. Осыменен тоқтамай, бұл жұмысты одан әрі жандандыру керек. Ал, сайлау осы қозғалысқа тың серпін бере ме деген ойдамын. Өйткені, сайлау кезінде қарапайым халық өзінің ой-көзқарасын, ішкі пікірін ашық айтуға қолайлы сәт туады.
Сайлау кезінде әр азамат өзі үшін ғана емес, өз елінің болашағына алаң болады. Сайлау – азаматтардың саяси құқығына жол ашатын фактор. Сайлау бәсекелестікті арттыруға септігін тигізеді. Сондықтан, еліміз дамыған мемлекеттер қатарына енсін десек, алда болатын сайлауда нағыз елім, жерім дейтін жанды сайлауымыз керек. Еліміздің дамуы біздің қолымызда.