
Қазақ халқы әу бастан бала тәрбиесін бәрінен жоғары қойған. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, сапалы білім бере білген. «Адам ұрпағымен мәңгі жасайды» деген халқымыз бар ықыласын балаға бөліп, болашағын бағамдаған.
Бала тәрбиесі жайлы қазақ ойшылдары әр түрлі ой-пікір айтқан. Жүсіп Баласағұнның өзі «Құтадғу білік» атты еңбегінде тәрбие жайлы: «...Баланың мінез-құлқы жақсы тәрбиеден туындайды. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өскен болса, бұған бәрінен бұрын оның ата-анасы кінәлі. Отбасы үшін бала – зор қуаныш. Баласыз бақыт жоқ. Бірақ, баланың тууы ата-анаға зор міндет, жауапкершілік те жүктейді. Отбасы тәрбиесі бала мінез-құлқы мен психологиялық бейнесін қалыптастыру негіздерінің негізі. Сондықтан оны балғын шағынан оқытып, жақсылап тәрбиелеу керек. Үй шаруасы мен баланы дұрыс күтіп-бағу үшін тазалық сақтайтын әйелді таңда. Баланы тәрбиелеу әкенің де парызы. Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі. Ақылды, білімді етіп тәрбиелеу үшін әке-шешесі баласын үнемі назарда ұстауы тиіс. Балаларды қолөнерге баулу, ғылым-білімге қызықтыру – ата-ананың қасиетті парызы. Балаңыз өмірде өксімес үшін оған білім мен кәсіп бер. Үлгілі тәртіптің негізі – білім, әдет-дағдыға машықтану. Сондықтан баланы кішкентайынан тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ағайын-туысты, ата-ананы қастерлеуге үйрету керек», – дейді.
Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ал оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық. Сондықтан да «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», – деп айтты ұлы Мұхтар Әуезов.
Тәрбие адамдардың пайда болуымен бірге туындаған. мінез-құлық кемшіліктері – бұл тәрбиені дұрыс бермеу нәтижесі деп есептелген. Халық баланың жас ерекшеліктерін және психологиясы туралы білімді ғасырлар бойы зерттеп жинаған. Баланың болашақта қалыптасуы біріншіден үлкендермен қарым-қатынасына байланысты болады.
Қара сөздер – жанұя педагогикасында кең тараған тәсіл. Халық педагогикасында қара сөз кодекстері кездеседі үлкеннің-кішіге, ұстаздың-оқушысына, халық кемеңгерінің-жастарға, әкенің-балаға арналған. Халық педагогика тәрбиесінде түрлі афоризмдер бар, оны педагогикалық категорияға қосады: бағыттаушы, алдын ала айту, сынау т.б.
Халық педагогикасында кең тараған тағы бір әдіс – үйрету. «Затты сумен жуады, баланы үйрету арқылы тәрбиелейді». Балаға үйрету арқылы үлкендер оларға тапсырма береді, оның орындалуын тексереді, мысалдар, мінез-құлық және әрекет үлгісін көрсетеді.
Сендіру – бұл тәрбие әдісін өзіне түсіндіру және дәлелдеу, яғни нақты үлгілерді көрсету жатады. Бала белгілі түсініктерден, әрекеттен күдіктенбеуі тиіс. Алдымен рухани тәжірибе жинап, кейін оны басқаруға қолданады.
Мадақтау және қолдау – бұл тәрбие әдісі жанұя тәрбиесінің тәжірибесінде кең қолданылады. Бала әрқашанда өзінің мінез-құлқына, ойына, жұмысына баға бергенді қажетсінеді. Жанұядағы ең бірінші мадақтау-ауызша мақтау және ата-ананың қолдауы. Мадақтау және қолдау балаға стимул болатын үлкен әсер береді. Халықта баланы жақсы әрекет жасауға тырысуы үшін мақтайды. Бұл жағдай балаға емес, ата-аналарына ризашылық білдіріп, мақтау берген.
Тұспалдап айту – тікелей немесе жанама, тәрбие әдісі ретінде әсер ету үшін бүкіл шығыс елдерінде қолданылады. «Қызым саған айтам, келінім сен де тыңда», – дегенге саяды.
Жеке өнеге (әсіресе, ата-аналардың) – бұл халық педагогикасында ең радикалды, ең әрекетті әдіс болып табылады. Ата-ананың рухани бейнесі, олардың еңбегі, қоғамдық әрекеті, жанұядағы өзара қарым-қатынасы, заттарға қарым-қатынасы, өнерге – бұның барлығы балаға үлгі болып табылады және олардың тұлғалық дамуына, қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Халық кемеңгері бала тәрбиесінде жағымды үлгіні айтады.
Ата-ананың бата беруі – халық педагогикасында ақындық форманы алатын тәрбиенің бір түрі. Жастарға ата-ананың бата беруі, олардың болашақ өмірлік позициясына үлкен әсер етеді.
Ойнау, еңбек ету және оқу барысында ақыл-ой, адамгершілік, физикалық және көркем тәрбие, даму процесі қатар жүреді. Бала осы кезде белгілі дәрежеде білім алады, іскерлікке үйренеді, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға, қоғамдық өмірдің әдет дағдыларын игеруге бейімделеді.
Ойын, еңбек, оқу арқылы біз балаларға белгілі бір тұрғыда ықпал жасай аламыз. Ойын, еңбек, оқытуды өзара ұштастырған жағдайда ғана баланың жеке басын дамытуда толық нәтижеге жете аламыз. Көптеген жазушылар бала ойынының психологиялық мәнін көркем бейнелер арқылы ашқан. Бала ойын арқылы өзінің қуанышын, ренішін, арманын бейнелесе, ертеңгі күні, яғни болашақта сол арманын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бүлдіршіндердің білімді, білікті, саналы болуында ойынның алатын орны ерекше. Жалпы ойынның қандай түрі болса да атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Ұлттық ойындардың негізгі мақсаты – бала бойына өнердің нұрын себу. Ұлттық ойындардың заман талабына сай өзгертіліп, жаңартылып отырғандары жөн.
Балалар – біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Олардың ойын арқылы алған тәлім-тәрбиесі болашақта балаға дұрыс жол көрсетеді. Ұлттық тәрбиелік білім жас ұрпақты әсемдікті игеруге, сұлулықты сезініп, қастерлей білуге, оны өз бойына дарыта білуге, яғни, эстетикалық тәрбие бере білуге, ең бастысы рухани даму сипатына жетелейді. Ұлттық тәрбиелік білім беру арқылы, жас өскелең ұрпақты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен таныстырып, адамның ішкі сезімін, жан дүниесін түсіне білуге бағыттауға ұмтыламыз. Халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттап, олардың бойына ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті.
Бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, әр жас ерекшелігіне қарай білім берумен сабақтастырған орынды деп ойлаймын. Ол дегеніміз бала дүниеге келгенде бесікке бөлеп, бесік жырымен сусындатудан басталғаны абзал. Өйткені, ананың әлдиіне жететін әдемі ән әлемде жоқ. Балаға жасына сай жұмбақ шешкізіп, батырлық жырларды жаттатқызып, жан-дүниесіне жақын мамандыққа қарай икемдеуге септігін тигізер болсақ, болашағынан үлкен үміт күттірер, өз елінің болашағын ойлар азамат тәрбиелеген болар едік.
Айнұр АЙТБЕКОВА,
Нұрмолда Алдабергенов атындағы
орта мектебінің педагог-психологы.