
2021 жылға арналған бюджет жоспарына сәйкес облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 149,1 млрд.теңге қарастырылған, оның ішінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсету пакеті аясында – 93,3 млрд. теңге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде – 55,8 млрд. теңге. Өткен жылмен салыстырғанда бюджет 25,6% - ға ұлғайды. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында мәлім болды.
Қазіргі таңда амбулаториялық-емханалық деңгейде медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту, күндізгі стационарларды қаржыландыруды ұлғайту көзделген. Сонымен қатар, профилактикалық медицинаға, балалар денсаулығын сақтауға, мектеп медицинасына, онкогематологияға ерекше назар аударылатын болады.
«Қор тарапынан ЭКҰ-ға квоталарды ұлғайту бойынша "Аңсаған сәби" және ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалтуға - "Қамқорлық" бағдарламаласы іске асырылуда. "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота көлемі 7 еседен астам ұлғайды. 2020 жылы - 95 квотадан 2021 жылы - 738 квотаға дейін ұлғайды»,-дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев.
Алматы облысы бойынша медициналық сақтандыру Қорында амбулаториялық – емханалық көмек деңгейінде препараттарды сатып алуға 10,2 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсету шеңберінде – 7,66 млрд теңге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында – 2,6 млрд. теңге жоспраланған.
Мамандардың айтуынша, қор халықты медициналық сақтандырумен қамту бойынша жұмысын жалғастыруда. Алматы облысының тұрғындары арасында медициналық сақтандырумен қамтылған халықтың пайыздық үлесі - 77,2% болып табылады, бұл шамамен 1,6 млн адам. Облыстың 460 мыңнан астам тұрғыны МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
Сақтандырылмағандардың ішінен 180 мың адам тұрақсыз төлеушілер болып табылады. Айта кетейік, облыс халқының 90 мыңға жуығы МӘМС-ке мүлде жарна төлемеген.