
Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өздерінің әр Жолдауында үнемі бұқаралық спортты дамыту керектігін баса айтып, осы салаға жауапты министрлікке, қала, облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп келеді. Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамытуға байланысты кешенді бағдарлама қабылдау керектігін жеткізді. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қол-жетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек»-, деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Мамыр айының жиырма жетінші жұлдызында аудан орталығы Балпық би ауылында дене шынықтыру сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталмыш шараға Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров, аудан әкімі Алмас Әділ, ел мақтаныштары Мәулен Мамыров, Жұмахан Күзбаев сынды спорт саласының майталмандары қатысты.
Мемлекеттік Гимн шарықтата шырқалған соң аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы сөз сөйлеп, жергілікті тұрғындар мен спортшыларды осы мерейлі сәтпен құттықтады:
«Құрметті спорт сүйер қауым! Біз бүгін аудандағы бірегей спорт кешенінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Дені саудың – жаны сау. Қазіргі заманда дені сау адам ғана табысқа жетеді. Мемлекетіміз ел тұрғындарының денсаулығын арттыру үшін барлық жағдайды жасауда, өйткені дені сау ұлт әрқашан бәсекеге қабілетті болады.
Тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында республикалық бюджеттен «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында нысан құрылысына 673 млн теңге қаражат бөлінді.
Спорт елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын күрделі саланың бірі. Тәуелсіздік жылдары талай жерлестеріміз халықаралық жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды сан мәрте асқақтатты.
Барша аудан тұрғындарын, спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді сәулеті мен сәні келіскен дене шынықтыру сауықтыру кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт кешенінде жаттығатындардың арасынан болашақ чемпиондар шығады деп сенемін-, деген жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров те аудан тұрғындарын спорт кешенінің салтанатты ашылуымен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 спорт нысанын салу бағдардарламасы аясында қолданысқа беріліп жатқан облыстағы 12-ші нысан екенін атап өтті.
Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионның территориясында орналасқан бұл жаңа спорт кешені ауданымыздың көркін ажарландыра түскендей.
3000 шаршы метрден астам орталықта жасөспірімдердің жаттығуымен қатар республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Заманауи нысан Президент жолдауындағы бұқаралық спортты дамыту тапсырмасы аясында салынып, ел игілігіне берілді. Жаңа спорт кешенде бір мезетте жүз елуден аса жасөспірім жаттыға алады. Ғимараттың ашылғанына өзгелерден бұрын осы ауыл балалары қуанып жүр. Енді олар бұрынғыдай мектептерде емес, заманауи үлгідегі үлкен орталықта шынығады. Кешенде 4 зал салынған: күрес, бокс, футзал және жаттығу залы. Ғимаратқа кірген сәттен бастап барлық коридор қабырғаларында адамға ерекше әсер қалдырып батылдық рух беретін ауданымыздың, облыс пен республиканың елімізге, дүниежүзіне танымал спорт майталмандарының суреттері ілінген. 2020 жылы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 12 спорт түрінен дәріс берілсе, 2021 жылдан бастап жеңіл атлетика қосылып 13 болды. Бүгінгі таңда 1486 балалар мен жасөспірімдер тәрбиеленуде.
Тәңірберген Сережанов, жаттықтырушы: – Бұрынғы спорт кешені ескілеу болатын. Мына жер кең, жаттығу жасайтын жер де бар. Осы спорт кешенінде жаттығып, үлкен жарыстарда ұтуға тырысамыз. Ғимаратта бокс пен күрес түрлеріне және командалық ойындарға арналған әмбебап зал бар. Сонымен қатар спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, жуынатын, тынығатын орындар қарастырылған. Байрақты бәсекелерден бөлек, алқалы жиын өткізіп, мәжіліс құруға болады. Мәулен Мамыров, Атланта олимпиадасының қола жүлдегері, Алматы облыстық олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры: – Көксу менің туған жерім. Алдымен жерлестерімді осы заманауи ғимараттың ашылуымен құттықтаймын. Спорт залдары балаларға арналып салынған. Стандартқа сай. Біздің кезімізде мұндай жағдай болмаған. Тапшылық болған. Соның өзінде қанша әлем, олимпиада чемпиондары шықты. Енді аудан орталығында тұрақты түрде спортпен шұғылданатын жасөспірімдер саны да, сапасы да артады деген үміт зор-, дейді.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деп дана халқымыз айтқандай еркін күрестен ҚР спорт шебері, Қазақстанның чемпионы, Республика және халықаралық жарыстардың жеңімпазы марқұм Әлімғазы Райымбеков атамыз, гір көтеруден еңбек сіңірген спорт шебері, 25 дүркін Әлем чемпионы, 2 мәрте Гиннес рекордтар кітабына енген «Гір спортының батыры» атағының және «Алтын гір» тасының иегері марқұм Әмірбай Рысқұлов ағамыз, гір көтеруден 6 дүркін Әлем чемпионы, 2 мәрте Гиннес рекордтар кітабына енген, Ресейдің «Крылатый лев» орденінің, «Алтын гір» тасының иегері Жұмахан Күзбаев; жеңіл атлетикадан спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сайлау Тұрыскелдін, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстанның 11 дүркін чемпионы Мәулен Мамыров; Азия ойындарының чемпионы, самбо күресінен 3 дүркін Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем біріншілігінің 2 дүркін жүлдегері, 2 дүркін қазақ күресінен «Жетісу бөрісі» турнирінің жеңімпазы Айдос Қаңлыбаев; самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы 2015 жылғы Әлем Кубогының жеңімпазы, Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері Динара Жұмабаева; армреслингтен Азияның 8 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері Абдуали Тастанов сияқты тағы басқа жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар спортшыларымыз ауданның даңқын әлемге асқақтатып жүргенін мақтан етеміз.
Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда.
Былтырғы жылы аудан көлемінде 10 спорт нысаны пайдалануға берілді. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен облыстағы аудан орталықтарында ғана емес, енді ірі ауылдарда да бұқаралық спортты дамыту жоспарланған. Осы мақсатта халық тығыз қоныстанған елді мекендерде де кіші спорт кешендерін салу қолға алынбақ. Осы игі шара алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауылдарда да спорт нысандары мен ойын алаңдары ашылады деген ниеттеміз.
Балпық би ауылы