ӘЛЕУМЕТ

ҚАШЫҚТАН СОҒЫЛҒАН СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 27.05.2021
Оқылды: 1516 Печать страницы
ҚАШЫҚТАН СОҒЫЛҒАН СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлады. Биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар мен оқу жылы жалғасатын оқушылар үшін соңғы қоңырау жазғы демалыстың басталғанын білдірсе, алтын ұясынан түлеп ұшқан түлектер үшін шын мәнісіндегі «соңғы қоңырау».

 Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас. Өйткені, ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар барлық шаһарлар мен өңірлердің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз. Алайда соңғы екі жылда пандемияға байланысты тарихи салтанатты шара ерекше сән-салтанатымен, яғни кішігірім форматта өтті. Ауданымыздың барлық білім ошағында соңғы қоңырауға тек  9-11 сынып оқушылары қатысса, қалғандары үшін бұл сәт онлайн режимінде өткізілді. Иә, эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы қоңырау қашықтан соғылды. Аталған жағдайға байланысты аудан әкімі Алмас Әділ жас түлектер және барша мектеп оқушылары мен ата-аналарды соңғы қоңырау мерекесімен онлайн режимінде әлеуметтік желі арқылы құттықтады.
Ол өз сөзінде «Сіздерді 25 мамыр – соңғы қоңырау және оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұл жиынды ұстаздар мен оқушыларымыздың қауіпсіздігі үшін тек бітіруші сыныптардың қатысуымен өткізіп отырмыз. Бүкіл әлем жұртшылығының өміріне әсер еткен пандемия, біздің де үйреншікті дәстүрімізге өз өзгерістерін тигізбей қоймады. Дегенмен, тығырықтан жол тауып, білім саласының қызметкерлері оқыту, тәрбиелеу үрдісін тоқтатқан жоқ. Үрдіс қандай форматта болса да, биылғы оқу жолында аудан ұстаздарының, оқушылардың жеткен жетістіктері көңіл қуантады.
Құрметті түлектер, алдағы уақытта да тек жақсы жетістіктеріңізбен, жоғарғы көрсеткіштеріңмен қуанта беріңіздер. Сіздерге аудан жұртшылығы атынан жоғары білімді азамат, білікті маман болып, болашақта еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіремін. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарыңыз сәтті болсын!»,- деді.
Бүгінгі күні мемлекетімізде білім саласына ерекше мән беріліп, оқушылардың толыққанды дәріс алуына барлық жағдайлар жасалған. Айта кетейік, өңіріміздің білім саласына соңғы екі жылдың ішінде 12 млрд-тан аса қаражат бөлінген. Аталған қаражат соммасына мектеп ғимараттарын жөндеуден өткізіп, спорт алаңын жайластыру жұмыстарын жүргізіп, қашықтықтан оқытуға арналған құрал-жабдықтар тағы сол сияқты білім ошақтарына қажетті заттар сатып алынды. Биылғы жылы Алғабас,Талапты орта мектептерінің спорт алаңдарын жайластыру, сондай-ақ, Қалқа Жапсарбаевтың 135 жылдық мерейтойына орай  ақынның атына берілген мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы білімнің нәтижесін айқындайтын ҰБТ-ға келер болсақ, барлығы 344 оқушы тіркелген. Бүгінгі күнге тест тапсыратын оқушы саны 312. Қалған 32 оқушы тесттен бас тартқан. Олардың 23-і Алтын белгі иегері болса, 20-сы үздік аттестатқа үміткерлер. Жоғарыда айтып өткеніміздей биылғы оқу жылының нәтижесі көңіл қуантады. Алтын белгі иегерлері мен үздік аттестатқа үміткерлер үкілеген ақ үмітті ақтаймыз деп отыр.
Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы мектеп гимназияның түлегі, «Алтын белгіге» үміткер Мейірлан Өтепбергенұлы: ҰБТ-ға дайындалып жатырмын. Меніңше, бұл өмірдің бастапқы кезеңдерінде кездесетін кішігірім сынақ. Одан сүрінбей өтемін деп ойлаймын. Ақпараттық жүйелер мамандығын таңдап отырмын. Себебі бұл менің бала күнгі арманым. Оқуға Алматыдағы «Сүлеймен Демирелі» университетіне түскім келеді.
Ұлына үлгі болып отырған «Алтын белгі» иегерінің анасы Сара Сандыбаева ұстаздарға деген құрметі арта түскенін жеткізді.
«Елімізде төтенше жағдай болса да, барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, соңғы қоңырау мерекесін өткізуге рұқсат бергендері үшін ел билігіне алғыс айтамыз. Ұл-қыздарымыздың бақытты сәтін баршамыз тамашалап отырғанымызға қуаныштымыз. Қазір ұлым ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Барлық жас түлектерге сәттілік тілеймін. Ұлым Мейірлан «Алтын белгі» иегері. Мен үшін бұл – үлкен бақыт. Асыл перзентімді білім нәрімен сусындатып, осындай дәрежеге жеткізген барша ұстаздарына алғыс білдіремін. Себебі пандемия кезінде мұғалімдердің жұмысының қадірін ерекше түсіндік. Оған көзіміз жетті», - деді ол.
    Ж.Егінбаев атындағы интернаты бар орта мектептің түлегі, «Алтын белгіге» үміткер Тоғжан Қобдолдаева: «11 жыл алған білім мен аяулы ұстаздарымның еңбегін ақтайтын сәт те алыс емес. Алда болатын маңызды сынаққа дайындығым жақсы. Ең алдымен ұстаздарымызға мың алғыс айтамын. Сондай-ақ, менің сыныптас достарыма алдағы уақытта тек қана сәттілік тілеймін. ҰБТ-дан жоғары нәтиже жинап, мектептің абыройын көтеріп, өздерінің қалаған оқу орындарына түсіп, мықты мамандық иесі болуға тілектеспін».

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.