
Қоғам болып қолпаштап, ата-ана болып әлпештеп жүрген аяулы балапандар - адамзаттың болашағы, өмірдің жалғасы, елдің ертеңі. Олар – тыныштық пен мейірімнің символы. Сондықтан олардың бақытты болуы үшін аянбау асыл іс. Сондықтанда жыл он екі айдан жанға жайлы жаз маусымының 1 – күнін Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде қарсы аламыз. Бұл күн тарихына қысқаша тоқталып өтетін болсақ, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы болып, онда балалар бақыты, әлем тыныштығы жайында талқыланады. Себебі екінші дүние жүзілік соғыстан соң балалар денсаулығы алаңдатарлық мәселелердің бірі болған. Соғыстан соң қараусыз қалған балалардың көз жасы мен зары әлем жұртшылығы назарын еріксіз өзіне аударған болатын. Сөйтіп 1950 жылдан бастап – 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіле бастады. Содан кейі, 1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы балалар құқықтары туралы Конвенция қабылданып, Бұл құжатқа бүкіл әлем балаларын қорғау туралы заң мен жобалар енгізілді. Осы мерекені тойлаудың басты миссиясы – жұртшылық назарын жетім балаларға, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш өткізуге және өз елінің толық құқықты азаматы ретінде өсуіне көз жеткізу болып саналады.
Өмірдің мәні, көңілдің сәні болған тәп-тәтті балапандарымыздың мерейлі мерекесі аудан әкімі Алмас Әділ Қабдулұлының да назарынан тыс қалған емес. Жыл сайын жылы лебіз, құнды тілегімен балаларды құттықтап, бақыт тілеп келеді. Карантин жағдайына байланысты биылғы балаларды қорғау күніне жоспарланған іс шаралар онлайн және офлайн екі форматта өтетін болады. Мәселен, «Әрқашан күн сөнбесін!» тас жолға сурет салу байқауы бойынша, Көксу аудандық Жұлдыз бөбекжай-балабақшасының балдырғандары офлайн форматта балабақша ауласындағы асфалттерге бірі табиғаттың, бірі жануарлардың, енді бірі отбасының суреттерін салып, балауса көңілдеріндегі балғын армандарын бейнелесе, жетім балаларға арналған мерекелік қайырымдылық іс-шарасы онлайн форматта өткізілмекші.
Халықаралық балалар күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Қоғамда кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн. Балаларды қорғау күнінде қорғау шаралары ғана емес олардың көңіл-күйлерін көтеру концерттері де болады. Бұл мереке балалардың асыға күтетін мерекесі. Себебі,жыл сайын бұл мерекеде бүлдіршіндерді қуанту үшін іс-шаралар өткізіледі. Осылайша, «Балаларды қорғау күні» мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет - болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Балаларға жастайынан жақсы тәрбие беруіміз керек. Балалар күнінде де осы тақырыпты қозғайды. Сонымен қатар осы мерекеде өте қызықты іс-шаралар болады. Балаларды қорғай білейік.
Егемен елдің ертеңі, бейбітшіліктің болашағы болған балапандарымыздың алды ашық, маңдайы жарық болсын! Аңсаған армандарына жетер азаматтардан болып, тәуелсіз Қазақстанның аспанында қырандай қалықтасын!
Мереке құтты болсын!