
Отбасы қай заманда да дені сау қоғамның және мықты мемлекеттің негізі болып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда қазақстандық тату отбасында патриотизм, еңбексүйгіштік, жаңа қоғам құру құндылықтарымен тәрбиеленген тұтас буын өсіп келеді. Қазақстанның болашағы өзара сыйластық пен татулыққа ұйыған. Жақындарына жанашырлық жасаумен бірге өзгелерге көмегін аямайтын, әркім өзінің сүйікті ісімен айналысатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бірлік пен келісім құндылықтары сақталған отбасы деп сеніммен айта аламын. Еліміздің тірегі болған осынау құндылықтар әрдайым біздің байлығымыз болып қала бермек.
Сексен жыл! Бар болғаны сексен-ақ жыл. Бір ғасырды шаршысына толтыру үшін әлі де жиырма жыл керек. Бірақ сол сексен жылдың өзіне қанша ғасырдың тақиясына тар келмейтіндей мәнді мазмұн сыйып тұр.
Ақ жаулықты анамыздың мерейтойында айтылар лебізді мұндай әдетпен бастауым тіпті де тегін емес. Шынында да, есептесек осындай уақытты есептейік. Осыдан тұп-тура сексен жыл бұрын 17-мамырда Жарлыөзек ауылында көпбалалы отбасында Гүлсағат Бакенова дүниеге келді. Өздері екі ұл, төрт қыз еді. Үлкен жанұяда тәрбиеленген кішкентай қыздың жүрегі кең болатын. Себебі бөлісуді, көмектесуді, қамқорлықты осы өскен әулетінен сіңірді. Он тоғыз жылды артқа тастап, мамырдың 17-і өзінің туған күнінде Алғабастық азамат Қарлығаш Мұхамедиевке тұрмысқа шығады.
Келген шаңырағы «Балам-барым, шығар да шықпас жаным» деп, жалғыз ұлын өсіріп отырған әулет еді. Гүлсағат Бакенова келген отбасына бірден үйреніп, өз отбасындай сіңісіп кетті. Жайдары мінез, жарқын көңіл, айналасына шуақ нұрын шашып жүретін жан отбасының ошағын күзетті. Ері түзде еңбек етсе, әйелі үйде барының берекесін келтіріп, қолқабыс жасады. Өмір – адамға бір - ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый. Осының жастайынан қадірін білген апамыз мәнді, мағыналы өмір сүруге ұмтылды. Отбасында енесін анасындай қабылдап, 40 жыл бірге тұрды, құрметтеп мерейін үстем етті. Жұбайымен бірге 4 ұл 6 қыз тәрбиелеп өсірген олар ата-анасының, ауыл ақсақалдарының ақ батасымен өсіп-өрбіді десек артық айтқандық емес. Аспады, таспады, ауыры мен қиыншылығына қарамастан сол кездегі бейнетті бірге атқарды. Еліміз тәуелсіздік алған кезде бір кісідей қуанып, осы бақытымыздың баянды болуы жолында көп еңбек етті. Тәуелсіздігіміздің берік орнығуына өз үлестерін қосып, еш аянбады. Ері бухгалтерлік және көлік жүргізуші мамандықтарын игеріп диспетчерлік қызмет атқарса, жұбайы қылшаға шығып, арасында қосымша жұмыс жасады. Мынау ауыр, мынау қиын демеді, керісінше күйеуіне қолдау көрсетіп бірге жүрді. Ауылдастары жас келіншектің бойында еңбекті қалай беріле атқарса, соншалықты ұйымдастырушылық қабілеті, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қасиеті бар екендігін жақсы танып білетін. Сол үшін де сыйлайтын, бір үйдің берекесін келтіріп отырғанына таңдана да, тамсана да қарайтын.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы. Гүлсағат Бакенова тұрмысқа шыққан соң өмірінің көп бөлігін отбасына, балаларына арнады. Күйеуінің анасын өз анасындай сыйлап құрмет көрсетті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетті, өзім көрмегенді балаларым көрсін деп жолдасы екеуі барлық баласын жоғары оқу орындарына түсіріп, білім алғызды. Бүгінде сол еңбегі еш кетпеді. Балалары сенімдерін ақтап, бір-бір мамандық иесі атанып, әртүрлі салада қызмет етуде. Гүлсағат апамыз қажырлы еңбек иесі ғана емес, алтындай 10 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана.
Кез келген қиындықтан алып шығатын бір жол болса ол – еңбек. Еңбек түбі береке дегендей, көп жылдар қант қызылшашысы болып жұмыс атқарған апамыз кейін 16 жыл Алғабас орта мектебінде тех қызметкер болып, сол білім ордасынан 1991 жылы зейнеткерлікке шығады.
Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Айта кетерлік жайт, апамыз қанша қиындық пен ауыр еңбекті бастан өткерсе де тағдырын қабыл алып, шүкіршілігінен таймаған. Бүгінгі күні бір шаңырақ астында 60 жыл бірге ғұмыр кешіп келе жатқан Қарлығаш атамыз бен Гүлсағат апамыздан тараған 10 баладан 21 немере 12 шөбере сүйіп, ел құрметіне бөленіп отырған жайы бар. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» дегендей, ата-анасының разылығын, елінің батасын алған кешегі жас отбасы бүгінде қанатын кеңге жайған үлкен әулетке айналды.
«Отан – отбасынан басталады». Береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта бермек.