ӘЛЕУМЕТ

САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 03.06.2021
Оқылды: 1470 Печать страницы
САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ

Қазір жаз мезгілі. Ал жаздың сәні – суға түсу. Күннің ыстығында бір сергіп, суға шомылған жақсы-ақ! Алайда, суға түсудің соңы қайғылы жағдайға душар ететінін қаперден шығармау керек.

 

 Мәселен, биыл өңірде ата-ана бақылауынсыз қалған бір бала тілсіз жаудың құрбаны болды. Жиырма сегізінші мамыр күні Көксу бекетінде бір үйдің 5 жасар кенжесінің суға кеткені естіген адамды есеңгіретті. Тапа-тал түсте ата-аналарынан ойнауға кеттік деп сұранып шыққан бір үйдің төрт баласы судың жағалауында ойнаған. Осылайша оқыс оқиға орын алып үйдің кенжесі өзенге батып, ажал құшты. Артынан інісін құтқармақ болып он жасар ағасы суға секірген. Алайда, қаршадай бала тілсіз жауға қарсы тұра алмады. Өкініштісі туған інісі көз алдында көз жұмды. Оқиға куәгерлерінің шақыруымен құтқарушылар кешікпей жеткенімен, балдырғанды құтқарып қалу мүмкін болмады. Байқасаңыз, оқиға өзенге жақын орналасқан ауылда болған. Оның үстіне, балалар бақылаусыз жүрген.
    Орын алған оқиғаларда бала қауіпсіздігі туралы қанша айтылғанымен, нәтиженің жоқтығын көрсетеді. Әлі оңы мен солын танып үлгермеген бүлдіршіннің өзін қараусыз далаға жіберу – ақылға сыймайтын іс. Ата-ана бақылауынсыз қалған балалар кейде жол-көлік оқиғаларының да құрбаны болып, түрлі жазатайым оқиғаларға тап болады. Сонымен қатар жазғы уақытта қараусыз жүрген балалар жиі жоғалып кетеді. Сол себепті ата-аналар балаларды қатты бақылауы керек, бақылаусыздық салдары жоғарыда айтылғандай су айдындарында, жолдарда балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғаларға әкеліп соқтырады.
Айдана Тасболатова, Көксу АПБ ЖПҚБ ЮПТ УПИ полиция аға лейтенанты: «Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде ғана облыстың су айдындарында 14 адам суға кетті. 27 адам құтқарылды, оның ішінде 3 бала. Ал, Көксу ауданы бойынша 2020 жылы суға кету бойынша оқыс оқиға болмағанымен, 2021 жылы, 28 мамыр күні 1 факт тіркелді. Осы ретте оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері Көксу аудандық білім бөлімімен, денсаулық сақтау мекемесімен және төтенше жағдай бөлімімен бірлесіп жұмыстар жүргізудеміз. Сонымен қатар осы мақсатта мектеп оқушыларымен «Zoom» қосымшасы арқылы ата-аналармен және жас өспірімдермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Көксу АПБ instagram, яғни police_koksu парақшасында, Көксу АПБ бастығының және УПИ тікелей эфирінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде».
Жасұлан Қасенов, азаматтық қорғау капитаны: Көксу ауданының аумағында суға шомылуға арналған арнайы жабдықталған орындар жоқ. Алайда, Төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдар мен АПБ қызметкерлерімен құрылған мобильді топ ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап, мереке және демалыс күндері дала өртінің алдын алу және судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша, 16 рейдтік іс-шаралар және тұрғындарман 10 жиын өткізіліп, 478 дана жадынамалар таратылды. «Zoom» қосымшасы арқылы, онлайн режимде білім беру мекемелерімен 15 дәріс өткізілді. Жергілікті атқарушы органдарға «2021 жылғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы» және өзендер мен су каналдарында суға түсуі мүмкін орындарды анықтап, шомылуға тыйым салу белгілерін орнату туралы хаттар жіберілді. Сонымен қатар, 2021 жылдың 29 сәуір күні, Көксу аудандық Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссиясының 2021 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, №5 комиссия отырысы өткізілді. Аталған тақырыпта, нақты тапсырмалар беріліп, тиісті мекемелерге жолданды.
Осы бағыт бойынша жұмыстар суға шомылу маусымы кезеңінде жүргізілетін болады».
Суға түсуге барған адам ең құрығанда қарапайым қағидаларды ескеруі қажет. Ол адамның өзінің бас амандығы үшін қажет. Ережелерді сақтай отырып суға түскенде ғана қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Ол қандай ережелер? Демалу орындарының су айдынына барғанда мас күйде суға түсуге, қайықтардан, катерлерден, өткелдерден суға секіруге, тексерілмеген, жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге, жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге болмайды. Одан бөлек, су айдындарын ластауға және қоқыс тастауға жол берілмейді. Ең бастысы, балаларды ересектердің қарауынсыз суға жібермеу қажет. Балалардың судан ажал құшу оқиғаларының жиілеуі осыдан – суға ересектермен бірге бармауынан шығып жатыр. Баласының болашағын ойлаған әр адам осыны еске сақтауы керек.
Жоғарыдағы ережелердің бәрі тектен-текке айтыла салған жай сөз емес. Оның бәрі де Төтенше жағдайлар комитеті арқылы бекітілген ережелер. Алайда, адамдар суға түсерде бұл ережелерді ескермейді де, іс насырға шапқанда Төтенше жағдайлар комитеті мамандарын – құтқарушыларды кінәләп жатады. Ал полиция мен төтенше жағдайлар қызметкерлері суға түсу маусымы басталғалы табанынан тозып, түрлі тиімді шараларды жүзеге асырып жатыр. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еліміздің су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында суға шомылу кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды атқаруда.
ТҮЙІН: Бүгінгі жазылған мақала суға кету жағдайларының алдын алып, қайғылы оқиғалардың қатарын азайтары сөзсіз. Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да, суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау керек. Сонда ғана тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Қазақтың «Сақтансаң, сақтаймын!» деген аталы сөзінің төркіні де осы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.