
Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам мамандығын өзі таңдауы және оған құрметпен қарауы керек. Себебі мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді және адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі.
Адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасып жатады. Барлық адам асқақ арман мен биік мақсатқа ие. Әрбірінің өз бағыты, арман қылған бағындырар биігі болады. Ал биік шың адамға оңайлықпен беріспесі анық.
Кемеңгер дана Абай атамыздың «Сенде бір кірпіш дүниеге, тетігін тапта, бар қалан»,-деген қасиетті сөзі өз мақсатына жету үшін біздерге зор мүмкіндіктерге жол ашады. Болашақта үлкен мамандық иесі болатынын армандамайтын бала болмайды.
Көксу ауданы барлық жағынан да ілгері дамып келе жатқан аудандардың бірегейі десек, артық айтқандық емес. Қай ғасырда болмасын ұлт өмірін өркендетуші саналы да, салауатты, ұлтжанды, рухы биік, ақыл парасаты мол, өрісі кең, ұрпақты тәрбиелеу басты міндеті санаған Көксу политехникалық колледжі заман талабына сай білімді жастарды даярлауда өз үлесін қосуда.
1958 жылдан бері сан мыңдаған түлектерді ұшырған білім ордасының өміршеңдігі сол қанша жыл өтсе де маңызын жоймайтын халыққа қажетті кәсіпті ұсына алуында деуге болады.
Биылғы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-дан кейінгі қадамы сала таңдау десек болады. Оқығаннан кейін жұмысқа орналасып, отбасылық өмірде таршылық көрмеуі де осы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Айта кетерлігі, Көксу политехникалық колледжі 2021-2022 оқу жылына мектеп, гимназия, лицей бітіруші түлектерін оқуға қабылдайды. Қазір арман қуып Алматыға баратын емес, барыңды бағалап жақсы маман иесі атанып өз болашағыңды жасайтын заман екенін уақыт өзі дәлелдеп берді. Олай дейтініміз, ковид індетінен кейін адамдар да, ұстанымдар да өзгерді. Халық қаражатын оңды-солды шашпай, дұрыс басқаруды үйреніп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерге тереңінен үңіле бастады. Заманауи жабдықталған білім ордасы, жанында орналасқан жатақханасы мен ыстық тамағы тегін берілетін, жылына екі рет жол ақысы төленетін және де жақсы оқығандарға тағайындалатын шәкіртақысы бар мұндай мүмкіндікті пайдаланбау балаларының бақыты мен болашағы үшін барын беріп жатқан ата-аналар үшін де «қолда бар алтынның қадірін білмеумен» тең десек артық айтқандық емес. Себебі қазіргі ауыл шаруашылығында қызмет етіп жүрген азаматтардың басым бөлігі осы білім ордасының түлектері.
Сонымен, Көксу политехникалық колледжі даярлайтын сұранысқа ие 4 мамандықты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ауылшаруашылық өндірісіндегі
тракторшы-машинисті
Бұл ауыл шаруашылығында кең таралған мамандық. Ол әр түрлі тракторларды басқарады. Көктем-жаз кезінде тракторшы-машинист топырақты қопсыту, дәнді себу, өсімдіктерді күту, дәнді дақылдарды жинау жұмыстарына қатысады, мал фермалары мен комплекстерге күтім жасайды.
Сонымен бірге күнделікті тракторлар мен агрегаттарды күту, ақауларын қалыпқа келтіру, слесарь-монтаждық жұмыстарды орындау және тракторды қысқа сақтауға дайындайды.
Ауыл шаруашылығындағы тракторшы – машинист трактордың жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Ол трактордың, аспалы агрегаттардың құрылысы мен жұмыс принципін және ақауларды қалыпқа келтіру жолдарын біледі, жолда жүру ережесін сақтайды, агрегаттармен, құрылғылармен жұмыс жасай алады.
Алматы облысының басым бөлігі ауыл шаруашылығы бағытында болғандықтан тракторшы - машинист мамандығының маңызы зор. Қазіргі уақытта ауданымызда орналасқан Көксу қант зауыты мен «Уыз Май Industry» зауыттарында жұмыс қызу жүргізіліп жатқандықтан, жергілікті диқандар да егістік жерін баптап, жылдан жылға оны кеңейтуге көптеп күш салуда. Ауыл шаруашылығын тракторшы-машинист мамандығынсыз елестету мүмкін емес, бұл ретте мамандықтың сұранысқа ие екені сөзсіз. Сондай-ақ, осы мамандықта оқыған адамға ВС санатындағы автокөлік жүргізу құқығы бірге беріледі.
Электромонтер маманы
Аса жауапкершілікті қажет ететін бұл мамандық күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені электр энергиясы саласындағы өзгерістер күн санап қарқын алуда. Қазіргі уақытта, электриктер әрбір дерлік бизнесте қажет. Колледжде осы мамандық бойынша кәсіпорындардың электрмен жабдықтау желілері, электр жабдықтарын техникалық пайдалануды ұйымдастыру, электр берілісі мен тарату жүйелері желісін жобалау мен құрылымдық әзірлеу, темір жол көлігін электрлендіру жөніндегі өндірістік үдерісті ұйымдастырушы болып табылады. Халықта «электрик бір-ақ рет қателеседі» деген нақыл бар, қазіргі қоғамды бұл мамандық иесінсіз елестету мүмкін емес. Себебі, электр жүйесінің жұмыстарын кез келген адам емес, оны арнайы оқыған адамдар ғана атқаратындықтан, сұраныс көп. Біздің өміріміздің де электр желілерімен тығыз байланыста болғандықтан бұл мамандық та үздік төрттікте көш бастап тұр.
Электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер мамандығын 10 ай ішінде игеріп, маман иесі атануға болады.
Автокөлік жөндеу слесары
Бұл да өз кезегінде маңызға ие мамандықтардың бірі деуге болады. Автокөліктердің саналуандығы мен көптігі және көлік иелерінің машина жөндеуден хабары болмауы бұл сала мамандарының сұраныста болуына жол ашты. Автокөлік слесары – ол автомобиль техникасының бөлшектерін, металл бұйымдарын өңдеу, құрастыру және жөндеу, автокөлік құралдарына жөндеу жүргізу және техникалық қызмет көрсету, автокөліктің техникалық жай-күйін бақылау бойынша жұмыстарды орындайтын маман. Разрядына байланысты автомобиль жөндеу слесары қарапайым немесе күрделі жұмыстарды орындай алады. Және де бұл төрттікті аяқтайтын мамандық атауы ол – аспаздық.
Аспаз мамандығы
Аспаз - өте жоғары дәрежелі мамандық. Бұл мамандықтың қиындығы сонда, аспаздықты тек қана оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, оған адамның бойында осы керемет мамандыққа деген бейім, қызығушылығы және Алланың берген дарыны болуы керек.
Тамақты жақсы дайындайтын маман барлық жерде қажет. Перзентханада, балалар үйінде, зауытта, қазіргі заманғы офис пен сәулетті мейманханаларда аспаз таптырмайтын мамандық.
Колледжде білім алатын білімгер өндірістік оқытудан қол үзбей арнайы орта білім алу мүмкіндігіне ие.
Колледжде білім алу тегін, алыс-жақын ауданнан келген білімгерлерге колледж жатақханасынан ақысыз түрде орын беріледі. Жақсы және үздік оқитын білімгерлерге шәкіртақы беріледі. Аспаздықты жақсы игеріп алсаңыз өз кәсібіңізді ашып кәсіпкер де бола аласыз.
Түйін. Қазір қоғам күн санап өзгеруде. Соған қарамастан мамандықтардың маңызын жоймайтын төрт түрімен таныстырдық. Біз ауданымыздан алыстамай-ақ, тегін, қолжетімді, шәкіртақысы мен жатақханасы бар, білікті әрі тәжірибелі ұстаздары бар Көксу политехникалық колледжінің талапкерлерге ұсынатын барлық мүмкіндігін көрсеттік. Ары қарай таңдау жасау өз қолыңызда!