ӘЛЕУМЕТ

Күреспен келген сынықшылық

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 10.06.2021
Оқылды: 1698 Печать страницы
Күреспен келген сынықшылық

Сан ғасырлар бойы науқасты емдеу жолдарын жан-жақты зерттеу нәтижесінде халық  емшілерінің тәжірибесі толыға түскені аян. Бүгінгі дәстүрлі медицинаның көптеген жетістіктері осы халық медицинасының, ата-бабаларымыздың емшілік дәстүрінен алынған. Оған ешкім де дау айта алмас. Ерте замандарда қолының ебі бар халық емшілері дәрілік өсімдіктердің, минералды заттардың емдік қасиеттерін біліп, зерттеп, оны науқастарды емдеуге молынан пайдаланған. Халық медицинасында сынық салу, бұлаулау, сүлік салу, қан алу, жараны күйдіріп емдеу сияқты тәсілдерімен емдеу кеңінен қамтылған. Соның бірі сынық салу атадан балаға ауысып отырған. Көпшілік тілінде сынықшы деп аталатын бұл кәсіпті меңгергендер бұрын баршылық еді. Бүгінде сынықшылықтың сирек кәсіп түріне айналғаны рас. Бұрындары әр ауылдың өзінің сынықшысы болса, бүгінде бір ауданның өзінен бір сынықшыны табу қиын болып қалды. Ойда-жоқта аяқ, қолын сындырып алғандар алдымен дәрігерге емес, сынықшыға барғанды дұрыс көреді. Бұл дәрігерлердің еңбегін елемеу емес. Жасырары жоқ, кей жағдайда дәрігер дұрыс салмай, сүйектің қисық бітіп жататыны жасырын емес. Медицина мықты дамыған десек те, халықтық медицинаның бір тармағынан тараған сынықшыларға деген елдің ықыласы ерекше. Осы сирек кәсіп түріне еніп кеткен сынықшылар туралы қалам тарту көптен ойда жүрген болатын. Сол бірегей кәсіптің иесі дейміз бе, әлде сүйектің сырын етене танитын жан дейміз бе, кім десек те әңгімеміздің арқауы Жұмағали Дәуітәлі болмақ.
Еңбекшіқазақ ауылында дүние есігін ашқан Жұмағали Кінәзұлы сынықшылығым бар деп жарияға жар салып, жарнама беруден аулақ. Десе де, жарақат алып шипасын сұрай келгендерді кері қайтармайды. Төрге шығарып, жағдайын ыңғайлап, сынған, шыққан жерінің емін жасайды. Айта кететіні, ешкімнен ақы да сұрамайды. Алланың берген қасиетін қастерлеп ұстауға ниеттенген бір тоға азамат зардап шеккен жандардың азабын жеңілдетуге ғана құштар.
Атадан балаға қонатын ерекше қасиет дегеніміз бекер емес. Жұмағали ағаның айтуынша әкесінде осы қасиет болған екен. Шынында да сынықшылық, емшілік қан қуалап, ген арқылы ауысып, беріліп отырған қасиет. Сынықшылықты кез келген адам үйрене алмайды. Себебі қан жүйесінің қозғалу бағытын, тамыр соғысын тек ішкі түйсік арқылы біліп, байқап барып ем жасамаса, сынықшылық қасиет қанына бітпеген жанға оны үйрену мүмкін емес. Қай буынның қай жілігі сынғанда қан айналымы бағыты бойынша айқындап, біліп отыру керек. Қалай, қайтіп, неге сүйеніп, бұл жағын түсіндіріп бере алатын сынықшы болмайды. Жұмағали аға өзі ешқашан да сынықшы боламын деп ойламаса керек. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ата дәстүрдің бойына қонғанын алғашқыда өзі де байқамаған. Аудан орталығындағы спорт мектебінде күрестен жаттықтырушы болып жүрген кездерінде оқушыларының жаттығу немесе сабақ кезінде және жарыстарда шыққан, сынған сүйектерін жайлап, сипалап отырып орнына салып, таңып бастаған. «Сынған сүйек рентгендегідей көзіме анық көрініп тұрады. Талай рет қисық біткен сүйекті қайта салған кездерім де болды. Жол апатына түскен бір жігітті алып келген еді. Аяғы морт сынып, гипстеп тастаған екен. Ауруханадан алып келді. Гипсін алып көргенімде дұрыс салынбай, еті шіри бастапты. Бір ай бойы әупірімдеп, қалпына келтірдім. Сол жігіт қазір аман-есен, қатарға қосылды. Одан кейін де сынған аяғы қисық бітіп балдақпен жүрген талай жанның сынығын сындырып, қайта салғаным бар. Алдыма келген адамдардың ешқайсысы да ренішін білдірген емес» дейді.
Жұмағали Кінәзұлы қазақша күрестен қырық төрт жыл еңбек өтілі бар жаттықтырушы. Біз сырына үңілген сынықшы қазіргі таңда балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде әдіскер қызметін  атқарып жүрген ұстаз. 63 жастағы жаттықтырушы жеке тәжірибесінде 14 чемпионды тәрбиелеп шығарған. Олардың барлығы да өз кезінде елімізді әлемге танытқан спорт шеберлері. 
Түйін: Бүгінде Пайғамбар жасына келген ағамыз – шәкірт тәрбиелеу, олардың спортта шыңдалуына өзінің ұстаздығын көрсете білді. Сонымен қатар талай жанның өмірін сақтап, үміт сыйлап, медицинаға үлкен көмек жасап, үлес қосып келеді. Жұбайы Ләззат Қанатқызымен 33 жыл бір шаңырақ астында ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, немере-жиендердің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешуде. Ойымды қорытындылай келе, ел ризашылығына бөленген ағамызға халықтың атынан алғыс айтып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.