ӘЛЕУМЕТ

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАЖЕТ ЖЕТІ БАҒЫТ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 10.06.2021
Оқылды: 1741 Печать страницы
БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАЖЕТ ЖЕТІ БАҒЫТ Ертеде бір мал ұрлайтын кісі қылмыс үстінде ұсталыпты. Елге тигізген зиянын есептей келе, оны өлім жазасына кесуді ұйғарған екен. Сөйтіп, не керек, белгіленген үкімнің де орындалар сәті келді. Көпшіліктің көзі жаза алаңында. Бірі, бәлкім, кешіріп қалар деген үмітпен қараса, екіншісі бұл іс қашан бітер екен деп тағатсызданып тұр. Төреші ұрыдан соңғы тілегін сұрап еді, ол анасын көргісі келетінін айтты. Бұл жағдайды естіген анасы құстай ұшып келген беті сол еді, баласы оның тілін қыршып тұрып жұлып алды. Жиналғандар: «Туған анасына бұлай жасағаны қалай?», «Бұл не істегенің?», «Неткен қатігездік?!», «Өлім жазасына кесілгенің дұрыс болды»- деп, шулай жөнелді. Бірақ ұры еш саспастан анасына қарап тұрып: «Анашым, есіңізде ме?! Мен алты жасымда көршіден тауықтың жұмыртқасын ұрлап келгенімде үндеместен қуырып беріп едіңіз ғой. Сол кезде «қой» деп, істің бұрыстығын түсіндіргеніңізде бүгін өлім жазасына кесілмеген болар едім» - деген екен. Иә, дер кезінде дауаланбаған аурудың соңы - өкініш. Баланың да тәрбиесі дәл сондай. Егер бүгін алты жасар баламызға уақыт бөліп, оның шалалығына сабыр ете алмасақ, кейін оның түрмеге түсуіне немесе әңгімедегідей нәтижеге сабыр етуіміз керек болады. Кейде жас екендігін алға тартып, өзі түсінер деп жатамыз. Бірақ сізге өз балаңыз отызда болса да, бала болып көрінеді. Осындайда «Отызында орда бұзбаған, қырығында қамал алмайды»,- деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі. Шыны керек, қазір көбіміз баламызға уақыт бөлмейміз. Мазасы қашып жылаған баланы жұбатып, оған не қажет екенін сұрағаннан, телефонды бере салып «Сен тимесең, мен тиме, мына мультфильмді көресің бе?» деп жайына қалдыру ата-ана үшін әлдеқайда жеңіл болып кетті. Бұл тәсіл өте тиімді-ақ. Бала мазаламайды, жұмыс біткен, қонақ күтілген, жүйке де тыныш. Бірақ балаңыз не көріп жатыр? Не үйренді? Қандай тәрбие алды? Жо-жоқ, бұған сізді кінәлаудан аулақпыз. Қайнаған қоғам, жаһандану дегендей... Егер адам ұйықтау, жұмыс істеу, тамақтану, демалу мерзімін күнделікті нақтылы бір уақыт белгілеп, сол сағатта тапжылмай қайталап отырса, оның өмірінде бұл дәстүрлі әдетке айналып кетеді. Соған орай ағзасы да бейімделеді. Күндік режимді дұрыс ұйымдастыра білу баланың өмірге бейімділігін арттырып, жұмысқа қабілетін күшейтеді, денсаулығын жақсартуға әсер етеді. Бала күн тәртібін сақтаған жағдайда еш қиындықсыз жүйке жүйесінің қуатын ұйқыдан сергектікке, демалыстан кейін жұмыс істеуге, жұмыстан кейін әртүрлі ойындарға ауыстыра алады. Күн тәртібін ұйымдастырудың бала тәрбиесі тұрғысынан өте пайдалы екенін ескере отырып балаңыз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол, уақытын тиімді пайлана алатын жан болып өссін десеңіз, бала кезінен бастап-ақ ерте тұруға әдеттендіріңіз. Байқайсыздар ма, бүгінде үлкен кісілердің барлығы дерлік «бұрынғыдай емес, уақыт қысқарған» деп жатады. Бұл - күннің шығу уақыты ұзарып не қысқарып кетті деген сөз емес, уақытты дұрыс пайдалана алмағандығымыздан. Екінші нәрсе балаңыз ұйқысынан тұрғаннан кейін өзіңіз қосылып кемі 15 минут бірге жаттығу жасатыңыз. Балаға «жаса» деп қана айту жеткіліксіз болады. Сол себепті балаңызға өзіңіз мотиватор болыңыз. Бұл жаттығулар балаңыздың күні бойы сергек жүруіне, қан айналымының жақсарып, денсаулығының мықты болуына әсер етеді. Сонымен қатар, бүкіләлемдік зерттеулердің нәтижесі таңертеңгі аш қарынға жасаған жаттығулардың адамға энергия беріп, төзімділігін арттыратынын анықтаған. Үшінші – тазалық уақыты. «Тазалық - иманның жартысы» дейді қазақта. Өз бойын таза ұстап үйренген бала барлық істе қабілетті, ширақ келеді. Оған өмірімізден де көптеген дәлелдер бар. Тіпті таза жүретін бала ауырмайды. Төртінші – тамақ ішу уақыты. Иә, таңғы астың уақытында көбіміздің тәбетіміз бола бермейтіні рас. Бірақ таңғы астың біздің өмірімізде алар орны орасан зор. «Таңғы асыңды өзің іш, Түскі асыңды досыңмен бөліс, Кешкі асыңды жауыңа бер» дейтіні содан. Таңғы асты ішпес бұрын асқазанды тазарту керек. Таза 1 стакан су ішу немесе 1 дана банан жеу керек. 15 минуттан кейін таңғы асқа отыруға болады. Сондай-ақ, таңғы асқа сүт өнімдерін пайдаланған жөн. Бесінші – білім уақыты. «Ой, мынау кімнің баласы? Тілі жатық, сөзге шешен екен!» - деп, балаңыз атағыңызды жақсы жағынан шығарып жүрсе, қандай керемет, иә?! Бірақ, кез келген жетістік еңбекпен келеді. Ол үшін балаңыздың тыңдау қабілеті қалыптасқан сәттен бастап-ақ батырлар жырын қызықтырып айтып беріп, ал тілі бал болып шыға бастаған уақытта қазақтың би-шешендері мен ақындарының нақыл сөздері мен өлеңдерін жаттатқызыңыз. Сонымен қатар, тек жаттатқызып қана қоймай, үйіңізге келген қонақтардың алдында айтқызып үйретіңіз. Нәтижесінде балаңыз көптің алдында өз ойын бүкпесіз, анық, ашық, жинақы жеткізе алатын болады. Алтыншы – ойын уақыты. Бала мен ойынды бөлек алып қарау мүмкін емес. Екеуі егіз ұғым іспетті. Ауылда болса жақсы, әрине, іш пыстырмайтын түрлі ойындар ойнауға болады. Ал қалада болса ше? Балаңыздың көп баламен достасуына мүмкіндік беріп, олармен бірге аулаға шығып, аз уақытқа ойнап келуіне жағдай жасаңыз. Нәтижесінде миы сергіп, ынтасы артады. Және жетіншісі әрі маңыздысы – баланың мектептегі сабақ үлгерімі. Бала сабақтан келгенде бүгін қандай тақырып өткендігін, мұғалімнің қандай ескертпе айтып, қандай баға қойғандығын сұрап тұру керек. Баланы бастан баға үшін емес, сауатты болу үшін оқытсаңыз, өзінің босқа ауыр сөмке арқалап мектеп пен үйдің арасында салпақтап жүргендігінің де бір мәні бар екендігін ұғады. Сондықтан баланың сабағын қадағалаусыз қалдырмауға тырысқан жөн. Қадағалаусыз қалған баланың бағасы төмендеп, сабағы нашарлап қалуы ғажап емес. Бала әрдайым сіздің жол көрсетуіңізге мұқтаж екенін естен шығармаңыз. Айнұр АЙТБЕКОВА, Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектебінің педагог-психологы.
{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.