
«Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бүгінге баға беру үшін өткенге көз жүгірткен артық болмас. Өз заманында қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген нақыл сөзінің ақиқатына қазіргі таңда көзіміз жетіп отыр. Соңғы 30 жылда еліміздегі білім беру саласында үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. Оны, әрине, тәуелсіздік алуымызбен байланыстырамыз. Мақсатымыз айқын – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті, өз жұмысын жақсы білетін, жан-жағына бағыт-бағдармен қарайтын, әлемдік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмысқа, кәсіби өсуге, оңтайлы әрекет жасауға, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті азамат тәрбиелеу. Сондай-ақ, білікті маман, индустриалды-инновациялық жағдайды шешуге лайық, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, өз ойын еркін айта алатын, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған, шығармашыл, оңтайлы кәсіби маман дайындау.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Қайсар рух пен қара күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың ерлік жолындағы күресі бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген тәуелсіздік тұғырын биіктетті. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Білімдінің мыңды жығатын алпауыт күші барын анық ұғынатын, әрбір өскелең ұрпақтың жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуына өзіндік үлесін, білімі мен еңбегін аянбай төгіп жүрген Жетіжал ауылының тумасы Әділет Нұрғалиевтің өмірі өз замандастарына өнеге болсын деген мақсатта қалам сермеуді жөн көрдік.
Әділет Қайратұлы 1990 жылдың 18-желтоқсанында ауданымызға қарасты Жетіжал ауылында дүниеге келген. 1997- 2008 жылдары Жетіжал орта мектебін, сондай-ақ 2012 жылы Алматы қаласындағы Алматы гуманитарлы-техникалық университетін «экология-география» мамандығын үздік бітіріп, бакалавр академиялық дәрежесін алады. 2013 жылы Еуразия технологиялық университетіне түсіп, 2015 жылы «кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алып, 2014 жылы Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы №107 лицейде жаратылыстану пәнінен сабақ беріп еңбек жолын бастайды. Қолға алған әрбір ісіне тиянақты, жаңаша ойлай алатын, әріптестеріне үлгі бола білген жас маманның іскерлігін, кәсіби біліктілігін байқаған басшылары ерекше құрметтейді. Кейін 2016 жылы №59 мектеп-гимназиясына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Алып мегаполисте алған білімдері мен тәжірибесін ауыл жастарына арнап, туған жеріне білімімен, іскерлігімен өз үлесін қосу мақсатында өзі оқыған білім ордасы Жетіжал орта мектебіне директор болып тағайындалып, қазіргі уақытта қызметін жалғастыруда. Басшылық қызметке отырдым деп еш босаңсымайды, керісінше педагог маман болғандықтан өз білімін жетілдіру курстарынан өтіп, түрлі байқауларға қатысады. Атап айтар болсақ: «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығының VIII республикалық инновациялық – педагогикалық идеялар фестивалінде ІІ орын, «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсында жүлделі ІІ орын иеленсе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде мәдени мұраны сақтауға және дәріптеуге үлес қосқаны үшін және көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің алғыс хатымен марапатталған. Оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық білім сайыстарының жүлделі орын иегерлері, оқу гранттарының иегерлері. Сонымен бірге «Инфоурок», «КИО», «NIO», «Ақбота», «SMARTEEN international» халықаралық және республикалық қашықтықтан өткізілетін пән олимпиадалары мен ғылыми жобалардың жүлдегерлері.
Әділет Қайратұлын көпшілік Жетіжал орта мектебінің директоры ретінде ғана емес, шығармашыл ұстаз, табысты басшы ретінде таниды. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Әділет Қайратұлы өз ұжымындағы ұстаздармен бірлесе отырып, оқушыларды ғылыми негіздерге баулып, баптап, олардың ғылымға деген қызығушылығын тудырып, болашақта ғылымның қыр-сырын танитын ғалымдарды дайындауды мақсат етуде. Мұғалім жұмысының нәтижелі болуы оның өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауы шыққан тегі мен отбасындағы тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты. Тамыры тереңнен жалғасқан Нұрғалиевтер әулеті қандай деген ойға қалған болсаңыз әрі қарай оқи түсіңіз, өйткені білімді, білікті, ақылды, отансүйгіш, ата-анасына мейірімді ұрпақ әрбір отбасының игі арманы. Әділет Қайратұлының ата-анасы ұлдарын ұяға қондырып отырған жайы бар. Әкесі Кайрат Нұрғалиев инженер-техник мамандығы бойынша Жетіжал ауылында совхозда талай жылдар бойы қызмет етіп, еліне деген еңбегін аянбай атқарған жандардың бірі. Анасы Алтыншаш Байменова Жетіжал орта мектебінде мектепалды даярлық тобында 30 жыл педагог болып қызмет атқарып, жас бүлдіршіндерге жазу мен сызуды, әріпті танытып, оқуды үйретіп жүрген жайы бар. Ағасы Ринат Нұрғалиев Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінде аға-инженер қызметін атқарып, еліне елеулі үлесін тигізіп жүр. Жеңгесі Ақбота Орақова Алматы облыстық ауруханасында мейірбике қызметін атқаруда. Қарындасы Таңшолпан Қайратқызы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Жолдасы Гүлжанат Жүмәділлә Алматы қаласында орналасқан Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің екі шет тілі: ағылшын және француз тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, қызмет атқаруда.
Отбасының басым бөлігі ұстаздық жолды таңдап, еліміздің ағартушылық саласында өз үлестерін қосуда. Әділет Қайратұлы жұмыста өте ұстамды, оқушыларға, мұғалімдерге, ата-аналарға қолдан келгенше қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып жүреді. Жетіжал орта мектебінде қызмет атқарған екі жылда мектеп оқушылары биік белестерді бағындыруда. Биыл мектепте 9-сыныпты 13 оқушы аяқтаса, соның 1-і «Үздік аттестат» иегері, 7 оқушы 11-сыныпты аяқтап, 1 оқушы «Алтын белгі» иегері, 1 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанып ұстаздарының абыройын асқақтатып отыр.
Мектеп өмірінен басқа үйде де шаруашылықпен айналысып, бауырларына, ата-анасына қамқорлық көрсетіп, қолдайтыны тағы бар. Бос уақытында тауға шығып демалуды, кітап оқуды ұнатады. Әрине Әділет Қайратұлын қолдайтын отбасы, жары, ата-анасы, бауырлары, кереметтей ұжымы мен ауылдастары бар. «Жас келсе - іске» демекші жас болса да бас болып отырған басшыны ауыл тұрғындары да қолдап жүргенін көруге болады.
Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбіт аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуға жұмыс жасайды деп сенеміз. Себебі, ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында.
Жетіжал ауылы.