
Бүгінге дейін ауылдағы сайлау тақырыбы сан түрлі әңгімеге арқау болған еді. Енді әр ауыл өз әкімін өзі таңдап алады. Жақында Ақорда Президенттің ауыл әкімдерін сайлауға қатысты заңға қол қойғанын жариялады. ...Әйтсе де, заңда жазылғандай ауылдың өзінде әділ сайлау өтетініне күмәнмен қарайтындар бар. Сайлау барысы ауылдағы ағайынның арасына жік салады-ау деп секемденетіндер де жоқ емес. Қалай дегенмен басталмаған сайлауды мақтағымыз, не даттағымыз келмейді. Тек біршама сала мамандарының пікірін тыңдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Әкім болам десеңіз...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақтырақ айтсақ «Қазақстандағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістерді енгізетін құжатқа қол қойды. Тың өзгерістер ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге жол ашады. Заңға сәйкес, кандидаттың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ әкімдікке саяси партиялар өз қатарынан кандидатты ұсына алады. Сайлауға түскен үміткерлер 2 адамнан аспаған жағдайда аудан әкіміне де бір үміткерді ұсынуына мүмкіндік берілген. Әкім болғысы келетін азаматтарға біршама талап қойылып отыр. Үміткердің жасы 25-тен кем болмауы керек. Аталған лауазымға біліктілігі, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жалпы талаптарға сай болуға тиіс. Жоғары білімінің де болуы шарт. Үміткердің өзі мен зайыбы активтері мен міндеттемелері туралы сайлау комиссиясына декларация өткізуге міндетті. Ол декларацияны мемлекеттік кірістер комитеті бес күннің ішінде тексереді. Ауыл әкімдігіне үміткерлердің тізімін аудандық сайлау комиссиясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдайды. Өз тарапынан ҰҚК 30 күннің ішінде арнайы тексерудің нәтижесін сайлау комиссиясына жолдауға тиіс. Кандидаттар әкім болуы үшін бір реттік минималды айлық төлем мөлшерінде жарна өткізеді. Алайда жарна өткізу талабынан саяси партиялардан ұсынылған үміткерлер босатылады. Олар үшін жарнаны партиялардың өзі төлейді. Сайлаудың қашан өтетіні 40 күн бұрын жарияланады.
Аудандағы ахуал...
Көксу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанар Байұзақованың мәліметіне сүйенсек, Көксу ауданы бойынша ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 4 ауылдық округ әкімдері сайланғалы отыр. Олар: Айнабұлақ, Жарлыөзек, Қабылиса және Мұқаншы ауылдық округтері әкімдерін биыл алғаш рет ауылдың жергілікті тұрғындары сайлайтын болады. Көксу ауданы бойынша 1 аудандық сайлау комиссиясы- құрамында 7 адам және 37 сайлау учаскесі- құрамында 211 адам жұмыс атқарады. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауына 4 округ бойынша 11 сайлау учаскесі қатысады. Науқанның жалпы ұзақтығы - бір ай. Сайлау кемінде 40 күн бұрын тағайындалады және қызметтегі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізіледі.
Депутаттар не дейді...
Ауыл әкімдерін сайлау – өте маңызды қадам. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл әкімдерін сайлауда халықтың басқару жүйесіне белсене араласуына мүмкіндік беріп отыр. Мұндай сайлау елімізде алғашқы рет өткізілгелі тұр. Себебі бұған дейін ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары сайлап келген еді. Сайлау мәдениеті төменнен қалыптасқаны дұрыс,–дейді аудандық мәслихат депутаты Айгүл Айманбекова. Осы орайда, аудандық мәслихат депутаттары халықтың өзі таңдаған қалаулылары екенін ескерсек, ауыл ақсақалдарының, атқа мінер азаматтарының ауызбірлік танытып, ауыл әкімін таңдауда да дұрыс шешім қабылдайды деген халыққа сенімін білдірді.
Әкім бол-халқыңа
жақын бол
«Ауыл әкімі лауазымы – кәдімгі мемлекеттік қызмет. Мемлекеттік қызметтерге қандай талап бар – ауыл әкімдеріне де сондай талап қойылады. Әкімдіктің жұмысы оңай емес. Қаражатқа байланысты қаншама қағаз-құжат бар. Ол өзі компьютерімен конкурс ұйымдастыруы керек. Бәрі үшін ауыл әкімі жеке жауап береді. Оған қоса ол елмен сөйлесе білуге тиіс. Ауыл әкімі деген халықпен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін, оған қойылатын нақты талаптардың болуы заңдылық. Биылдан бастап Президентіміз ауыл әкімдерін жергілікті халқы сайласын деген заңға қол қойды. Мен өз ойым әкімді халықтың сайлағаны дұрыс деп есептеймін. Себебі, ауыл әкіміне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біздің жоспарымыз жүйелі болмаса, жұмысымыз да жақсара түспейді. Ол ауылдың халқы мен халі, кірісі мен шығысы, мүмкіндігі мен кедергілері, әлеуметтік-экономикалық жағдайы барлығы ескеріліп, халықпен тығыз байланыста жүйелі жұмыстар жасалу керек. Ауыл әкімінің жұмысын өзгеге қарағанда өз ауылы жақсы біледі. Сол үшін ауыл әкімінің жұмысын бағалап, халқы өзі сайлағанына толықтай келісемін»-, дейді Айнабұлақ ауылында 2012 жылдан бері округ әкімі болып жүрген Мәулен Бәзілов.
Ақсақалдардың да
айтары бар...
Қабылиса ауылдық округі ауыл әкімінің сайлауы өтетін округтің бірі. Ауыл ақсақалы Қоқымбай Жұманов биылғы сайлауда таңдауды ауыл халқына бергеніне толық келіседі. Себебі, ауыл әкімі ең бірінші ауылдың гүлденуіне жұмыс жасауы тиіс. Осы орайда ауылына кімнің әкім бола алатынын халық өзі таңдаса, ауыл әкімі де елі сенім артып таңдағандықтан, жұмысына да аса жауаптылықпен қарайды деп есептейді. Биылғы сайлауды асыға күтіп жүргенін де жасырмады.
ТҮЙІН. Халық таңдауындағы әкім сайлауы елімізде алғаш рет өткізілгелі отырғандықтан халық көкейінде де сауал көп. Халық арасында әкімдік қызметті ойлағаннан емес, беделін өсіру үшін өз руының адамын қояды ма деген де күмән жоқ емес. Қалай десек те, келісіп пішкен тон келте болмас дегендей, ауыл әкімін сайлау ауыл әкіміне ғана емес, ауыл халқына да үлкен сын болып тұр. Сайлаудың нәтижесі қалай болатыны болашақтың еншісінде.