
Үлкендерде баланы балабақшаға беру керек пе, керек емес пе, әлде оны үй жағдайында тәрбиелеген жөн бе деген сұрақтар туындайды. Бір жағынан баланың көпшілік ортада, білікті мамандар қолында тәрбиеленгені, өз қатарымен бірге болғаны дұрыс сияқты, екінші жағынан айналадағы адамдардың «асықпа, бала қатайсын, өссін» деген сияқты әр түрлі кеңестері ойлантады. Бала балабақшада алғашқы сәттерде көп жылап, жиі ауыратыны ата-аналарды алаңдатады. Әлбетте бала бас кезінде көп ауырып, ата-анасынан ажырап қалғанына қатты қиналады, соның салдарынан 3-4 күннен кейін ауырып қалатын жағдайлар кездеседі. Бірақ оған біреуді немесе тәрбиешілерді кінәлаудың қажеті жоқ.
Баланы балабақшаға қалай дайындаған жөн?
Ата-ана баланың жаңа ортаға үйренуінің қиын өтетінін біле тұра, уайымдағаннан басқа өкінішке орай ешқандай алдын-ала шаралар жасамайтыны рас. Ешқандай дайындықсыз баланы бөтен ортаға алып келеді. Осы жағдайға баланың өзінің көзімен қарап көріңізші. Оның өмірінде мұндай нәрселер бұрын-соңды болып көрген емес. Ол ата-анасынан мұндай ұзақ мерзімге ешқашан ажырап көрген жоқ. Мұндай белгісіз, өзіне түсініксіз жағдай баланың жүйке жүйесіне әсер етеді. Ол жылап, өзіне таныс емес адамдардың көмегінен бас тартып, ата-анасын шақыртып немесе үйге қашу әрекетін жасайды. Ата-аналар баласының бұл қылығына таң қалып, не себепті мінезінің күрт өзгергенін түсінбейді. Осы өзгерістердің барлығы баланың ұйқысы мен тәбетінің бұзылуына әкеліп соғады. Осы жағдайлардың әсерінен бала 3-4 күн ішінде дене қызуы көтеріліп, ауырып қалуы да мүмкін. Бала күйзеліске ұшырап, онымен бірге жанұя мүшелері қиналып қалады. Бұл жағдай тәрбиешілерге де оңайға соқпайды. Осы кезде балаға қалай көмектесуге болады? Оған баланың айналасындағы үлкендердің түгелдей атсалысуына тура келеді. Балабақша қызметкерлері – медбике, тәрбиешілер өз тарапынан көмектесуге әрдайым дайын тұрады. Олар балабақша күн тәртібімен, гигиеналық жағдайымен, шынықтыру-сауықтыру шараларымен, ас мәзірімен таныстырып өтеді.Балабақшаға бейімделу мерзімі баланың психологиялық жай-күйіне әсер етеді. Ата-ана баланы балабақшаға дайындауды әкелгеннен 1-2 ай бұрын бастаған жөн. Алдымен баланы үйде күн тәртібін балабақшадағыдай етіп сақтауды үйреткен жөн. Сонда ғана бала басқа балалармен бірге күн тәртібіне сүйеніп, уақытында тамақ жеп, уақытында ұйқыға жатады. Балабақшаға дайындау кезінде үйде тамақты түрлендіріп, көкөніс, сүзбеден дайындалған тағамдарды жегізіп үйреткен дұрыс, сонда ғана бала балабақшада таныс тағамдарын жеуден бас тартпайды. Өзі қасық ұстап, өзі киініп, шешініп үйренген бала өз бетімен үлкендердің көмегінсіз-ақ тез үйренісіп кетеді. Тәрбиешілер жаңадан келген баланың үйіне қатынап, бала туралы ақпарат алғаны жөн. Бала қандай ойыншықтарды жақсы көріп ойнайды, үйде баланы еркелете ме немесе қатты талап қоя ма, қалай атайды, тез ұйықтай ма әлде жай ұйықтай ма, осының бәрін тәрбиешісі біліп отырса, балаға көмектесе алады. Өйткені тәрбиеші баланы жұбатқан кезде сүйікті ойыншығын ұсынса да, балаға өзіне таныс нәрсе жақсы әсер етеді. Ата-аналар міндетті түрде балабақша қызметкерлерінің кеңестеріне құлақ түруі керек. Осы жағдайларды ескеріп, ата-аналар балабақша психологына жолығуы керек. Әрине, ата-ана өз сұрағына жауап алғаннан кейін, мұндай жағдайлардың кездесіп тұратынын, қалыпты жағдай екенін түсінеді.
Гаухар Досымбекова,
«Кәусар» бөбекжай-балабақшасының психологы.