ӘЛЕУМЕТ

БАЛАБАҚША - БАҚЫТ БАСПАЛДАҒЫ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1545 Печать страницы
БАЛАБАҚША - БАҚЫТ БАСПАЛДАҒЫ

 Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, болашақ ұрпақты саналы тәрбиелеу үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата-ана өздеріне қағида ретінде ұстанса құба-құп болар еді. Ал балабақшадағы тәрбие ата-анадан берілген тәрбиені жалғастырып жандандырады. Бөбекжайдың оқу-тәрбие жұмыстары еліміздің мемлекеттік жалпыға бірдей стандарты бағдарламалары бойынша жүргізіледі. 

Қазіргі таңда Зылиха Тамшыбай ауылындағы Айгөлек балабақшасында 25 адам қызмет етеді. Соның ішінде 11-і педагог қызметін атқарады. Пандемия кезеңіне байланысты 3 топ жұмыс істейді. Әр топта 15 бүлдіршіннен бар. Біздің балабақша өз қызметін 2010 жылдан бастап атқарып келе жатыр. Осы жылдар аралығында көптеген түлектер мектепке дайындық жасап, білім нәрімен сусындады. 10 жылдың ішінде балабақша үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жетістіктер меңгеруші Клара Байболованың мықты жетекшілігі мен адал еңбегінің арқасы деп білеміз. Сонымен қатар ұжымда әр маман білікті. Өз ісінің шебері. Отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын ерке балалар да жоқ емес. Бірі үйдің кенжесі, бірі тұла бойы тұңғышы. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулитын ортада білім беру оңай емес. Білімді мамандардан тәрбие алған өскелең ұрпақ та саналы болмақ. Осы ретте баланың жасына сай сабақтар, сонымен қатар қосымша ағылшын, орыс тілі, тіл дамыту, айналамен таныстыру, валеология, сауат ашу секілді пәндер оқытылады. Ән-күй, дене тәрбиесімен айналысатын арнайы залдар жұмыс істеп тұр. Бүлдіршіндерді би өнеріне баулимыз.  Ұжымда тәжірибелі педагогтар бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақырып, білімдерін ән-бимен, өлеңмен, бейнелеу өнерімен ұштастыруда. Олардың туған жерін сүюге, өз елінің патриоты болып өсуіне барынша жағдай жасалған. 
ТҮЙІН: Мағжан Жұмабаев атамыз өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген: «Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек». Иә, Мағжан атамыз айтқан даналық ой бүгінгі күнгі білімді ұрпаққа қаратылып айтылғаны көрініп тұр. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – балдырғандырымыз. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда тәрбиешілер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.

Әсел Байтасова, 
Зылиха Тамшыбай ауылы,
«Айгөлек» бөбекжай- балабақшасының тәрбиешісі.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.