ӘЛЕУМЕТ

Өңірлік газет - өміріміздің өзегі

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1599 Печать страницы
Өңірлік газет - өміріміздің өзегі

 «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды...» - деп Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінің алғашқы санында жазып, қазақ қоғамына газеттің қаншалықты керек екендігін білдірген еді. Бұл 1913 жылы болған. Қазіргі уақытта қоғам өміріне ақпарат құралдарының маңызын барлығы біледі. Әр газет-журналдың өзінің оқырманы және оқырман алдындағы міндеті, мақсаты бар. Айтулы мереке аудандық басылымның тарихына бойлап, шежіресіне қысқаша тоқталуды жөн санадық. 

 Ауданымыздың тыныс тіршілігін аудан тұрғындарына жеткізіп, насихаттап, дәріптеп жүрген төл тума «Нұрлы Көксу» газетінің ауданымыздың қоғамдық өмірінде өзіндік алар орны өзгеше. Газеттің алғашқы саны 1945 жылдың маусым айынан бастап шыға бастаған. Ең алғаш «Кировшы» - «Кировец», «Еңбек туы» - «Знамя труда», «Шаған шұғыласы» - «Шаганские зори», «Көксу таңы» деген атаумен оқырмандарға жол тартқан. 2010 жылдан бастап «Нұрлы Көксу» деген атпен өзгертіліп жарыққа шықты. Атауы өзгергенімен аудандық газеттің тарихын жалғастырушы мұрагер басылымда таңдаулы тұлғалар еңбек етті. Жақсылықтың жаршысы болған азаматтардың есімдері аудан тарихында жазылып, ел есінде қалды.  Атап айтсақ: Рахметтолла Толқымбеков, Рымтай Дәулетов, Сағындық Тәнекенов, Жамау Бұхарбаев, Жұматай Жақыпбаев, Қосай Абраимов, Сайлаубай Бәзілұлы, Ақбөпе Жиенқұлова  басшылық қызмет атқарды. Ал, 2016-2019 жылдары Маман Қаблисанов редакция директоры қызметін атқарса, қазіргі таңда газеттің басшысы Айгүл Айманбекова. Ал, Тұрсын Әбдуалиев, Әли Ысқабай, Әміре Әрін, Наурыз Қылышбаев, Атсалим Идигов, Кенжебек Бектемісов, Нұрила Бектемирова, Зайда Елғондинова, Амангелді Ыбраев, Әсет Әбдіқазырқызы, Клара Сыздыққызы, Нұртай Қыдырәлі, Ілияс Садықов, Қаракөз Садықова және басқа да қаламгерлер ауданымыздың жетістігін, халыққа насихаттауда өздерінің зор үлестерін қосты. 
Газетіміз Қазақстан  Республикасының  2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 18 бабының, 7 тармақшасына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып, бүгінгі күні «Нұрлы Көксу» атауымен шығып оқырмандарына жол тартуда. Ал сол газет тілшілері әр  түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Құрамында жеті адам жұмыс жасап отырған жергілікті басылым, аудан халқына рухани азық беріп, ақпараттармен, жаңалықтармен қамтамасыз етілуде.
Жарты ғасыр бойы аудандық «Нұрлы Көксу» газетінің ұжымы ауданымыздың бүкіл тыныс-тіршілігін қадағалап, әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдени - рухани өміріндегі айтулы оқиғаларды жедел түрде таратуға қарқынды атсалысуда. Сонау 1945 жылдан жұмысын бастаған басылым осынау тәуелсіздік жылдары ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Газеттің ұстаханасынан қаламы қарымды талай азаматтар тәрбиеленіп шықты. Қазіргі таңда «Нұрлы Көксу» газеті өзіндік үні, айқын бағыт-бағдары және мыңдаған оқырманы бар басылымға айналып отыр. Күні бүгін жас журналист Айгүл Жетпісбайқызы жетекшілік ететін газет ұжымы жаңа толқын жас мамандармен толықты. Бүгінде газетімізде Меруерт Рахмишова, Әлия Иманжантегі сынды  болашағынан үлкен үміт күттіретін жас тілшілер өз міндеттерін тиянақтылықпен жүзеге асырып келеді. Аудан өмірінің айнасына айналған өңірлік газеттің сапалы жарыққа шығуы тек журналистер қауымының күш-жігерімен шектеле қоймайды. Бұл тұста газеттің бетін қаттап, материалдарды орынды орналастырып, әр мақаланың әріп қатесін шығарып, оның дұрыстығын түпнұсқамен салыстыратын дизайнер мен корректорлардың, оны баспа машинасына басып шығаратын өндіріс ісі жетекшісі мен баспагерлердің рөлі ерекше. Яғни, оларды көрінбейтін майдан күрескерлері десе  де болады. Бір қарағанда, жеңіл жұмыс тәрізді көрінгенімен, олардың шым-шытырық тірлігінің түбінде зор жауапкершілік жатыр. Сондықтан, ұжымның әр қызметкерінің орны бөлек.
Талапқа сай дәстүр сабақтастығы, жаңашылдық өз жалғасын табуда. Қазіргі таңда кез-келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда аудандық басылымның шығармашылық ұжымы ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, заман талабына сай қызмет етіп келеді.
Бүгінде «Нұрлы Көксу» газетінің директор - бас редакторы Айгүл Айманбекова басылымның 76 жыл ішінде тек баспасөз қызметін атқарып қана қоймай, талай облыстық және республикалық деңгейдегі журналистерді де түлетіп ұшырғанын мақтанышпен айтады. Осы уақыт ішінде халық пен биліктің арасына алтын көпір бола білген аудандық «Нұрлы Көксу» газеті тарихтан ойып тұрып орын алды, - дейді. 
Ауданның тыныс-тіршілігін ақпараттандыру бағытында жемісті еңбек етіп жатқан 76 жылдық тарихы бар басылым алдағы уақытта да өз оқырмандарына сапалы мақалалар ұсыну үшін аянбай еңбек ететін болады. 
Мереке күні газеттің ұжымына және барша журналистер қауымына шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілейміз. Қазақстанның өркендеуі жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болып, қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.