ӘЛЕУМЕТ

НҰРСҰЛТАН МЕН АСТАНА ЕГІЗ ҰҒЫМ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 01.07.2021
Оқылды: 1183 Печать страницы
НҰРСҰЛТАН МЕН АСТАНА ЕГІЗ ҰҒЫМ

Тәуелсіздігіміздің төл тұғыры, Алаштың асқақ айбары ару астананың төрткүл дүниені түгел таңдандырған тарихи құбылысқа айналғанына биыл 23 жыл. Астана бүгінде – жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық. Елорда көркімен де, көлемімен де, көшбасшылығымен де төрткүл дүниені мойындатты.
Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекеттің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атын экс-президент Н.Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді. 
Н.Ә.Назарбаев алғаш рет астананы Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы ойын айтқанда елдің жаңа астанасына лайықты қалалар ретінде көптеген ұсыныстар айтылды. «Жаңа астана ежелден ұлт ұясы саналған Ұлытаудан салынсын» деген де пікірлер болған. Бірақ Елбасы құрған комиссия тиісті мәселелерді қарастыра келіп, соған сәйкес деп табылған Ақмолаға тоқтады. Сол кезде Ақмола қаласында 290 мыңдай ғана адам бар еді. Таңдау өте дұрыс жасалды. Өйткені Ақмола тоғыз жолдың торабындағы, еліміздің кіндік тұсына орналасқан қала болуымен ерекшеленетін. 
«Тәуелсіздіктің негізгі мәні - тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр», - деген болатын Елбасы.
Қазіргі уақытта қалада көптеген заманауи сәулетті құрылыс жобалары іске асырылып, қала күннен-күнге көркейіп, өз келбетін көз алдымызда өзгертуде. 
1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этносаралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Қазақстан елордасының бауырлас қалалары арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және әлемнің басқа да қалалары бар. 
Бүгінде астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы  - Елбасының орындалған арманы.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазуынша, Астананы көшіру Қазақстанды жаңа Тəуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенімді болды. Бұл біріншіден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Шындығында, егемен ел, Тәуелсіз мемлекет атану да, ұлы істі қолға алып, елдің дербес астанасын таңдау мен оны салуға күш-жігерін жұмсау да зор бақыт. Осындай істе ең алдымен Елбасының ерлігі ерен екені айтпаса да түсінікті. Қазақстанның жаңа астанасының құрылысы бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы ең ауқымды жоба ретінде тарихқа енді. Қаланың сәулеттік тұжырымдамасын жасауда Н.Ә. Назарбаевтың қалаға еуразиялық келбет беру жөніндегі идеясы ескерілді. Астананың сәулеттік келбетінде Елбасының көптеген идеялары іске асырылды. Елордадағы сәулеттік кешендер мен қоғамдық ғимараттар Елбасының назарында болды. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев жасаған сызбалардың нобайы өзінің қайталанбас сәулетіне ие болды. Бұл тұрғыда «Бәйтерек» монументінің және Президенттік мәдени орталықтың бастапқы сызылған жобалары бүгінде ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы тұр. 
Міне, 23 жыл уақыт ішінде ару астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұртшылықты толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті. Ақиқат біреу – астана орнықты, елорда еңселенді. Уақыт тарихи таңдаудың дұрыстығын паш етті. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі Елбасының еліне деген сүйіспеншілігі, болашаққа деген үлкен үміті, көшбасшылық көрегенділігі мен өміршең идеялары тек елорданың қалыптасуында ғана емес, еліміздің әр аймағында, әр саласында көрініс тапқан. Әрбір қазақстандық Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сияқты отансүйгіш, білімді, парасатты, қарапайым әрі еңбекқор болуды өз бойына қалыптастырса, Тәуелсіз мемлекетіміз қарыштап дами беретіні анық.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.