
Бөлекбаев Сағади Байұзақұлын 1964 жылдан Талдықорған облысына қарасты Мұқыры ауылына келін болып түскеннен бері білемін. Туыстық жағынан туған қайын інім. Сыйластығымыз өте жақсы еді.
Қайын інім туралы естелік жазамын деп ешқашан ойлаған емеспін. Міне, өмірден өткеніне де 40 күннің жүзі болыпты. Амал не, жазуға тура келді. Неден бастарымды білмей, басым дал болып отыр.
Ол жасынан досқа адал, адамгершілігі мол, кісі баласына қиянат жасай білмейтін, аса сабырлы да, салмақты, жібектей мінезімен естен кетпес тұлға.
Өмірден көргені, түйгені көп, білімі де, білікті, үлкен жүректі Байұзақұлы Сағадидің әлі де тірі жүруі қажет-ақ еді ғой. Осыдан бес жыл бұрын Сәкенің 70-ке келген мерейтойын ағайын-туыс, құда-жекжат, жолдас-жора, қызметтес әріптестері болып тойладық емес пе?! Бір қарағанда, бұл да аз ғұмыр емес сияқты. Алайда, Сәкенің бергенінен, берері көп еді ғой.
Әкесі Байұзақ пен анасы Әбдірахманқызы Дәкеннің көзінің ағы мен қарасындай бір тал баласы еді. Ата-анасы өте парасатты, ел жұртына сыйлы, түсініктері мол, туыстарға қамқор, ақылшы, мейірімді жандар болатын. Бөлекбаев Сағади Байұзақұлы 1946 жылы Талдықорған облысы, Гвардия ауданы, Буденный ауылында дүниеге келген. 1973 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің философия-экономикалық факультетін бітірген. 1982 жылы Философия тарихы мамандығы бойынша докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғады.
Сағади Байұзақұлы талантты педагог ретінде жас ғалымдардың қалыптасуына көп көңіл бөліп, оның ғылыми жетекшілігімен үш докторлық және 4 кандидаттық диссертация қорғалды.
Сағади Байұзақұлының 225-тен астам ғылыми еңбегі жарық көрді. Еңбектері Польша, Чехия, Нидерланд, Германия, Пакистан, Ресей, Украина, Молдавия, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, басылымдарында жарық көрді және 7 монография, 7 оқу құралы, бір оқулық жазылды.
Сағади тек қана дәріс берген ұстаз емес, өзінің мағыналы, өмір жолымен, ішкі рухани байлығымен, асыл адами қасиеттерімен, кішіпейілділігімен, еңбекқорлығымен, парасаттылығымен бәрімізге үлгі болған-ұлы тұлға.
Ғылым қуған барлық жастардың рухани көсемі, ақылшысы, тәрбиешісі, бапкері, қамқоршысы бола білді. Оның адами қасиеттері де ерекше еді. Жарқын жайдары мінезі, тазалығы, адалдығы, сабырлы, салмақты сөздері, төңірегіндегі жандардың бәрін өзіне тартып тұратын.
Жалпы оның ұстаздық өмірі де, ғалымдық өмірі де өте бай, әрі мазмұнды. Бұл жөнінде ол кісіні бақытты адам деп айтуға болады.
Сәкенің өміріндегі тағы бір тиянақты тұғыры-өзінің отбасы. Бөлекбаевтар отбасы бақ пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, жылы шуақ пен жақсылықтың ордасы еді. Сәке осы ордаға бас ие, қамқоршы бола білді. Сүйікті жар, сүйкімді әке, аяулы ата болды. Адал жары Разия заң ғылымдарының кандидаты, жүздеген студенттерді қолынан ұшырған ұлағатты ұстаз. Бас иесінің ақылшысы, жанашыры, сүйеушісі, берекелі дастарханның иесі, қасиетті шаңырақтың киесі. Салт-дәстүрді бұлжытпай орындайтын қазақтың нағыз келіні. Сәке екеуі алтындай ұл-қыздарды тәрбиелеп, жоғары білімді азамат етіп жеткізді.
Ұлдан да, қыздан да немерелер сүйді. «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Ата-ананың тәрбиесін көріп өскен ұл-қыздары білімді, кішіпейіл, мақтауға тұрарлық жастар.
Соңғы кезде Сағади Байұзақұлы түркі әлемінің әлем тарихы мен өркениетіне қосқан үлесі жөніндегі мәселелерді зерттеумен айналысып келді.
Еңбегі ескерусіз қалмады.
Сағади Байұзақұлы «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен ҚР БҒМ министрінің үш мәрте құрмет грамотасымен және ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 2011 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық грантының, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ЭТУ мерейтойлық медалінің иегері болды. Жоғарыда аталған жетістіктер бұл профессор Сағади Байұзақұлының үлкен жұмыстары мен жетістіктерінің бір ғана бөлігі.
Ата-анасының ыстық алақанында тәрбиеленген ол қатарынан қалмай, ата-анасының үкілі үмітін ақтап, Қазақстан мен шет елдерге танымал қоғам қайраткері, ғалым атанды.
Сағади Байұзақұлы кенеттен жабысқан аурумен бір жарым жыл алысып бақты. Кореяға барып ем алып қайтты. Короновирустың кесірінен екінші рет барып емделе алмады. Алматыда білікті дәрігерлердің бақылауында болды. Сәкенің бұрынғы студенттері, қызметтегі әріптестері, жолдас-жоралары, шетелдегі таныс-білістері, туған-туыстар Сәкенің жазылып кетуіне себепкер боламыз ба деп қолдан келген көмектерін аямады. Туралап келген ажал дегенін істеді. Сағади мәңгілікке көз жұмды.
Ол кісіні еске ала отырып айтарымыз – ол кісінің аты, атағы да, болмысы да ұмытылмайды. Өйткені артында бай мұрасы, терең іздері, игілікті істері қалды. Артында ғылыми еңбектері бар. Тәрбиелеп өсірген жүздеген шәкірттері бар. Іздейтін, сұрайтын мұрагерлері бар артында.
Жалпы халқымыздың адал перзенті, қазақ ғылымының мақтанышы, ұлағатты ұстаз, Сағади Байұзақұлының атын ардақтап, есімін есте қалдыру үшін артында қалған әріптестері мен шәкірттері қолдан келген барлық шараларды іске асырады деп сенеміз.
Қаншайым Садыққызы,
ардагер ұстаз
Мұқыры ауылы.