ӘЛЕУМЕТ

Адамдық қасиеті – абыройлы қызметіне сай

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 01.07.2021
Оқылды: 1225 Печать страницы
 Адамдық қасиеті – абыройлы қызметіне сай
«Өз елі – өз Ерлерін ескермесе,
Ел тегі, қайдан алар кемеңгерді?!..»
 
Ілияс Жансүгіров.
 
Иә, иә... бәлкім, өзі туған өлкенің,  Ақсу өзеніндей адуынды да құлагер ақын – Ілияс Жансүгіров: дәл осы өлең  жолдары арқылы, менің кейіпкерімді сипаттап тұрғандай қабылдағандықтан болар, осы үзіндіні сол кезде жазып бастаған очеркіме «эпиграф» етіп алған едім.
... Алғаш көрген адамға осы бір мығым денелі, темірдей тәртіппен шыныққан, бидай өңді жігіт ағасының, бір қарағанда өте қатал көрінетін сыртқы келбеті – барлай, бажайлай білгенге өз болмысының құпиясын адами, құнды қасиеттерімен, асықпай ашатынына сұхбат барысында көз жеткізгендеймін...
Иә, жасыратыны жоқ, сұңғыла бабаларымыздың  «Бақ бірде ауып қонса, бірде тауып  қонады»,- деген тәмсілінің соңғы жолы да осы кейіпкеріме арналып айтылғандай әсер алдым. 
Өйткені, осындай биік тұғырдан өз орнын ойып тұрып алған, айбынды басшының айтулы жетістіктері мен бағындырған асуларының жалғыз- ақ сыры – оның шынайы бет- бейнесі мен қарапайымдылығында жатқанын бірден ұғындым.
Аталмыш тұлғаны – айтқан  әр сөзі мен өзін- өзі ұстау әдебі арқылы жете тани түстім. 
Тіпті, өмірдегі бақытын – өзінің зейінді білімімен, зерделі білігімен, адал еңбегімен, адами қасиетімен, «абыройлы қызметінен»  тапқан азамат екеніне еш шүбә келтіре алмадым.
Жұмысы қанша тығыз, уақыты қаншалықты тапщы болса да, өтінішімді аяқ асты етпей, өзіммен әңгімелесуге көңіл бөлген бас- аяғы 1 сағат 15 минутта, жайшылықта кез- келген адам байқай бермейтін біраз жайға қанық болдым.
Тек, әскерилерге ғана тән нақтылық пен қатаң тәртіп тізгініне қатып қалмай, адам баласына аса қажет, сан алуан құнды қасиеттерді бойына сіңіре біліп, парасат- пайымының өте терең екенін таныта білген осы бір тәлімді азамат, тәжірибелі басшының «көркем мінезділігіне» тәнті болғанымды жасыра алмаймын...
 Жер жәннаты Жетісудың, Сарқан ауданы, Шекарашы ауылында 1963 жылы, жомарт күздің 19 қазанында дүние есігін ашқан ұлт ұланы – бүгінде бір ғана атаның емес, күллі, иісі қазақ жұрты мойындаған, Алаштың бел баласына айналғаны баршаға аян.
Жастайынан зерек өсіп, алдына мақсат қойып дағдыланған бозбала мектеп бітірісімен арманына қол созып, КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің Заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1985 жылы заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды.
Қызмет барысында етек алатын қандай да бір мәселеге «ұсақ мәселе» деп, бей- жай қарай алмайтын, әр орын алған мәселені өзектілігіне қарай өз көкірек көзімен саралап, ой сүзгісінен өткізіп барып шешім қабылдауды әдетке айналдырған сұңғыла басшы, әскери қызметтің ат жалын тартып мінген 22 жасынан бастап, осы дағдысынан бір рет те айнымағанына көзім жетті.
Тағылымды басшы – абыройлы еңбек жолын 1985 жылдан – Талдықорған қалалық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасының тергеушісі болып бастап, бір- ақ  жылдан соң, аға тергеуші қызметіне көтерілген екен.
Ал, 1990 жылдан – Талдықорған қалалық атқару комитетінің ІІБ СМТСҚКБ бастығы, 1992 жылдан –Текелі қалалық ІІБ бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, 1994 жылдан – Алматы облыстық ІІБ ЭҚҚКБ бастығының орынбасары, 1995 жылдан – Қазақстан Республикасы МТК ЭҚҚКБ АМІ жөніндегі бөлімінің бастығы, 1996 жылдан – Талдықорған облысы бойынша ҰҚСЖТББ Басқарма бастығының орынбасары қызметтерін, одан соң 1997 жылдан – Талдықорған қалалық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарса, 1999 жылдан – Алматы облыстық ІІБ Алакөл ауданының ІІБ бастығы, 2001 жылдан – Алматы облыстық ІІД Тергеу басқармасының бастығы, 2007 жылдан – Алматы қалалық ІІД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары секілді қызмет  баспалдағымен, облысымыздың әр ауданында еңбек жолын жалғастырыпты.
Ал, 2010 жылдан 2013 жылға дейін – Солтүстік  Қазақстан облыстық  Ішкі істер Департаментінің  бастығы қызметтерін абыроймен атқарған Мұрат Жәлелұлы – 2013 жылдың қазан айынан, 2020 жылдың қаңтарына дейін  Алматы облыстық Ішкі Істер Департаментінің бастығы қызметін биік абыроймен, зор жауапкершілікпен атқарды.
Иә, айтып өткенге оңай, осы бір мазмұнды да мағыналы қызмет тізімінде қаншама маңдай тер, тынымсыз еңбек жатқаны әркімге де түсінікті.
Кезінде, өзі өрімдей жас маман боп алғашқы қызмет баспалдағын аттағанда, осы бір қиындығы мен құпиясы шаш етектен келетін, күрделі де ауыр мамандыққа өзін жетекші ұстаз ретінде баулып, бейімдеген тәлімгерлері – Нұрлан Наурызбайұлы Қарабеков, Нұртай Мүткейұлы Мұзболақов секілді ішкі істер саласының ардагерлерін құрмет тұтатынын да ерекше ықыласпен еске алды.
Иә... өмірінің әр белес, әр кезеңінде өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығына адал болып, сүйікті қызметін пенделік қажеттіліктердің бірінші кезегіне қоя білген Мұрат Жәлелұлы  – бүгінде «Ердің жасы – елуді»  еңсерген тағылымды ұстаз, сарабдал басшы.
 Мамандығын мақтаныш тұтатын, өз кәсіби саласының нағыз хас шебері.
Жүріп өткен жолындағы қалдырған ізіне – елі, жұрты марқая да  мақтана қарайтын, шәкірттері мен ізбасарлары  сүйіне де сүйсіне қарайтын халқының қалаулы ұлы.
Кейіпкер тұлға – уақыт күн тәртібіне өзі қойып отырған, заманымыздың барлық кезеңдерінде  өзектілігін ешқашан жоғалтпаған,  қоғамымыздың «күретамыры» іспеттес ең бір маңызды, «ішкі істер» саласын басқарып келгені кездейсоқтық емес. 
Аталған саланың қоғамдағы ең бір күрделі де тағдырлы сала екенін ескерсек, Мұрат Жәлелұлының осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» тәжірибелі көшбасшысы екенін айтпай кетуге болмайды. 
Бұған ардақты ағаның сонау 1985 жылдан бері, республика көлемінде қажырлы күш қайратын аямай салып, абыроймен атқарған қызмет бабының сан алуан сатысы куә.
Осы жылдар ішінде Мұрат Жәлелұлының қажырлы еңбегі де үкімет назарынан тыс қалған емес. 
Атап айтсақ, сансыз Алғыс хат пен Дипломдармен қатар, ІІІ – дәрежелі «ІІМ – дегі үздік қызметі үшін» (1988ж), «Мінсіз қызметі үшін» (1991ж), «ҚР ІІМ- нің Еңбек сіңірген қызметкері» (2004ж), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005ж), «Ішкі істер органдарының ардагері» (2006ж), ІІ- дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» (2007ж), «Қазақстан Республикасы Полициясына 15 жыл» (2007ж), «Астананың 10 жылдығы» (2008ж), «Ресей ІІМ Қылмыстық іздестіруіне 90 жыл» (2008ж), І- дәрежелі «Қайсар» (2008ж), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011ж), «Қазақстан Республикасы Полициясына 20жыл» (2012ж) медальдарымен марапатталған. 
Өнегелі басшы – осындай өнімді де нәтижелі еңбегінің арқасында, 2015 жылы мамыр айында,  Тұңғыш Президентіміз, Елбасы – Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен, Қазақстан  Республикасының  полиция генерал- майоры атағын алғаны – ішкі істер саласындағы, күллі қазақ сардарларының мақтанышы деп білемін.
Өзі қызметте болған барлық аймақтарда, «қарапайымдылық пен кішіпейілдікті»  өмірінің басты өлшемі етіп ұстанған атпал азаматтың, бүгінгі жеткен асуында, адал  еңбегіне  қарай,  мемлекет тарапынан  көрсетілген, жоғарыдағы  шен- шекпені мен мақтау, марапаттары  осының  айғағы болса керек.
Ал өзінен кейінгі шәкірттеріне үлгі болар тәлімгер басшының, өлшеусіз еңбегі мен өнегелі өмір жолын адами тұрғыдан таразыласақ, қалың бұқараның, елінің, жұртының  ықыласы мен құрметіне бөленуден артық қандай атақ- даңқ болуы мүмкін?...
Сұхбатымды түйіндей келе: «Сіз ұстанатын ең басты қызметтік қағида қандай?»,- деген  сұрағыма – «шыншылдық пен уәдеге беріктік» деп іркілмей жауап берген ұлт перзентінің, өз халқының сүйіспеншілігінен кенде емес екеніне еш күмәнім қалмады. 
Осы тұста,  кейіпкерім  жайлы  оңды әсерімді, жоғарыда өзімді тәнті еткен, кез- келген басшының бойынан табыла бермейтін «қарапайымдылық феномені» де толықтыра түскенін мойындадым.
Өйткені, өз елін, туған жерін сүйіп, өз мемлекетінің рәміздерін қадір тұтып, ұлттық салт- санасын қастерлейтін, өз мамандығына шын беріліп, халқына қалтқысыз қызмет ететін, келер ұрпақ үлгі тұтып, өнеге алуға лайық, Мұрат Жәлелұлы Ұрұмханов секілді «Тұлға» ғана – артына осындай ұлағатты із, тағылымды соқпақ, өнегелі еңбек жолын қалдырары анық.
Иә... сұхбат барысында, алдын- ала әзірлеп  барған  сұрақтарыма тұшымды  жауап алып, «қойын дәптерімді»  өзіме қажетті мағлұматпен толықтырып, көңілім марқайып қалғандай болды. 
Тіпті, әңгімелескен осы бір аз- маз уақыт аясында, аталмыш тұлғаны баяғыдан танитын адамдай әсер алып, өзімді арқа- жеңім кеңіп сала бергендей сезіндім. 
Бәлкім... Мұрат Жәлелұлының кез- келген адамның  ішкі әлеміне, атүсті қарай алмайтын имандылығын көре біліп, ерекше, адами жан жылуын аңғарсам керек...
Бекзат болмысты, салиқалы тұлғаның, ешқандай қимылды қалт жібермейтін  қыранға тән – қырағылығы мен әр сұраққа қысқа да нұсқа, нақты әрі айқын жауап қайтаруы – парасатының өте жоғары екенінен хабардар етті. 
Биік зердесі мен өткір де ойлы жанары, адам жанының сан алуан қатпарындағы құпия сырларын, қас- қабағы мен қимыл- әрекетінен- ақ қиындықсыз танитын білімі мен білігін байқатты. 
Иә... орыс халқының «Свято место – пусто не бывает», деген тәмсіліндей, «Тегін адам – басшы болмайды», деген атамыз- қазақтың қасиетті сөзі де бекер айтылмаса керек...  
Шынымды айтсам, құқық қорғау саласын басқаратын басшыны – жан дүниесі осынша терең, нәзік пернелі сезім иесі болады деп, ешқашан ойламаған едім. Қарапайым адамның түсінігінде, бұл саланың адамдары – тек, заң тілінде ғана сөйлейтін, темірдей тәртіп сақшылары ретінде қалыптасып қалғандығына сол мезет көзім анық жетті.
Өйткені, қоғамның басым көпшілігі бұл салада қызмет жасайтын адамдарды  – көбінесе, адамның ішкі жан дүниесіне бойлай бермейтін, суық та салқынқанды, пендеге тән сезім- күйден  ада, қатыгез деп қабылдайтыны өтірік емес. 
Алайда, «Бес саусақ бірдей болмайтыны» секілді, барлық адамға бірдей баға беру де мүмкін емес қой.
Сондықтан да менің ұстанымым: өзім жақын араласып, білісіп, көз жеткізбейінше, жалпыға ортақ, қалыптасып қалған жаттанды пікір мен таптаурын  болған көзқарасқа сене бермеймін. 
...«Білгенім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз»,- деген осы да, сірә?...
Айналып келгенде, сол бір сұхбаттасудан  алған әсерім, дәл осы сөздің шындық екеніне толық көзімді жеткізді...
Бүгінде Мұрат Жәлелұлы – сан жылғы қажырлы еңбегі мен жоғары дәрежелі тәжірибесінің арқасында, жаңа қызметтің көш басында отыр.
Кезекті қызметтің – «Қазақстан Республикасының  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл Агенттігі 5 ші Департаментінің бастығы» лауазымы екенін айтсақ, ары қарай түсіндіруді қажет етпейтіні баршаға мәлім деп ойлаймын.
Ендеше, кенен де киелі Көксудың, жақсылықты жырлаудан танбайтын журналист  қызы  ретінде, мәртебелі Тұлғаны – кәсіби  мерекесімен  құттықтай  отырып, жаңа жұмысында да асқаралы биіктерді бағындыра беруіне шынайы тілегімді білдіргім келеді.
 
 
Қаракөз Сейітжанқызы,
ҚР Журналистер 
одағының мүшесі,
Қазақ Журналистикасының қайраткері.
{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.