
Өрт қауіпті кезеңде Көксу ауданы аумағында 19 (он тоғыз) дала өрті тіркеліп отыр, күннің аптап ыстығында таулы-дала және егін алқаптарында өрт оқиғаларының туындауы артатыны белгілі. Себебі, құрғақ шөп күннің ыстығынан, құрғақшылықтан, найзағай түсуден, табиғатқа демалуға шыққан азаматтардың жаққан оттарын сөндірмеуінен, малшылардың немесе көлік жүргізушісінің жол жиегіне өшірмей тастай салған темекі тұқылынан, отты абайсыз пайдаланудан және басқа себептерден тұтанса, аз мерзімнің ішінде ұланғайыр аумақтарға жайылып, алапат өртке айналмақ. Бұның барлығы да адамзаттың табиғат-Анаға деген немқұрайлы көзқарасынан туындайтындығы сөзсіз.
Егін – еліміздің байлығы мен қазынасы. Егін алқабындағы өрт – үлкен апат. Егін орағы – өртке өте қауіпті мезгіл: егін орағы басталмай тұрып, оған қатынасатын барлық қызметшілермен (бригадирлер, трактор, комбайн, автокөлік жүргізушілері т.б.) егінді ору және жинау кезіндегі өрт қауіпсіздігі туралы нұсқаулықтар өткізу қажет. Туындауы мүмкін өрттерді жылдам сөндіру үшін егін орағына қатынасатын комбайндар: - 2 өртсөндіргіш, 2 сұқпалы күрек және 2 сыпырғышпен; тракторлар: – 1 өртсөндіргіш, 1 сұқпалы күрекпен және қозғалтқыштың түтін шығу құбырлары шоқсөндіргіштермен жабдықталуы қажет. Егіс алқаптары және жол бойлары ені 4 метр минералды жолақпен жыртылуы керек.
Егілген егіннің жемісін көру үлкен еңбекті талап етеді, олай болса егінді алқаптардағы өрт қауіпсіздік ережесіне немқұрайлы қарау жат қылық.
Құрметті аудан тұрғындары қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, өңіріміздің көрікті табиғатымен даласын өрттен қорғап, отқа абайлық танытуларыңызды сұраймыз.