
Мал шаруашылығы – халқымыз үшін азық-түлік пен ішіп-жемді қамтамасыз ететін негізгі тіршілік көзі.
Дана халқымыз «Қыстың қамын жаз ойла» деп бекер айтпаған. Бұл - төрт-түлік малдың қамымен көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздың отырықшылдыққа көшкен кездегі даналығы, қыс мезгіліне дайындықты жазда жаса, мал азығын дайындап ал деген нақыл сөзі.
Қытымыр қысқа қамданып алғанды жөн көретін шаруалар көктем мезгілінде егін салып, жайдары жаз ортасынан ауғанда малдың жемшөбін жинауға кіріседі.
Қазіргі таңда Алғабас ауылдық округінде 1080 жылқы, 2500 ірі қара, 12000 ұсақ мал өсірілуде. Мінсең көлік, саусаң сүт, жесең азық болып табылатын төрт-түлікті қысқы жемшөппен қамту оңай шаруа емес. Бірақ қолында қайраты бар, еңбексүйгіш округ шаруалары тың алқаптарды игеру мен мал азығын дайындауға белсене кіріскен. 507 гектардан көп жылдық шөп, 490 гектардан бір жылдық шөп, жалпы 997 гектардан шөп шабылуда. Ал жем әзірлеу бойынша 997 гектардан жаздық, 590 гектардан күздік арпа мен бидай жиналуда. Бүгінгі күні 500 тоннадан астам шөп пен 1700 тоннадан астам жем қамбаға толтырылып, егін ору науқаны қарқынды жүргізілуде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - деген сөзді ұран қылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біліп, тынымсыз тер төгіп жатқан шаруалар үшін науқан барысында техника мен жанар-жағармай жағынан ешқандай қолбайлау жоқ. Сондықтан да малға әзірленер азықтың қорын әлі де молынан жинаймыз деп бекініп отыр. Округ шабындықтарында ерен еңбектің көрігі қыза түсуде.
Бір сөзбен айтқанда, ашық күнді қолайлы шақты тиімді пайдаланып отырған округ шаруаларының ісі өнімді. Жылдың төрт мезгілінде де уақытпен есептеспей еңбек етіп, ел байлығын еселеп арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген мал шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы қарекеті қашан да құрметтеуге лайық. Олай болса қыстың қамын жаз ойлаған шаруалардың еңбектері еселеніп, жазда тартқан маңдай тердің бейнетін, қыс мезгілінде молшылығынан көрсін демекпіз.
Бақытжан Рақымжан,
Алғабас ауылдық округі.