
Мұқаншы ауылдық округіне қарасты «Қарлығаш» балалардың демалыс және дамыту орталығы биылғы жазғы лагерді өз деңгейінде ұйымдастырды. Жаз басталса болды мектеп оқушыларының асыға күтетін қуаныштарының бірі жазғы лагерь. Биыл карантин жағдайында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып лагерь ауданның балаларын жазғы демалысқа қабылдады. Бұл 4 ауысымда демалған 300-ге жуық бала үшін ажырамас достықтың, жаңа таныстықтың, ойын-сауық пен жарқын балалықпен қайта қауышудың ұмытылмас оқиғасы болды десек артық айтқандық емес.
Биыл еліміз үшін пандемиямен күресудің екінші жылы болғандықтан, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған шектеу шаралары білім саласына да өз зардабын тигізбей қоймады. Аудандағы мектептер бала саны мен орналасуына байланысты бірі онлайн оқыса, келесілері қашықтықтан оқуға мәжбүр болды. Сәйкесінше ойын-сауықтар, спорттық, мәдени іс-шаралар тоқтатылып, мектеп бітіру кештері де онлайн өткізілді. Бұл жағдайлар оқушылардың көп уақытын үйде және интернетте өтуіне себеп болды. Алайда, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Қарлығаш» балалардың демалыс және дамыту орталығы қайта жанданып, балаларды қуанышқа бөледі.
«Қуанса, бала қуансын» демекші, ата-аналарға да, лагерь ұжымына да балалардың жүздеріндегі қуанышты көру үлкен мерей. Сондықтан, олардың дені сау, ақылды, білімді болып өсулеріне мүмкіндігінше барлық жағдайды туғызу маңызды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еліміздің ертеңі балалардан қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін, жүректеріне мейірім мен шапағат ұяласын деген мақсатта әртүрлі іс-шаралар, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен «Бақытты отбасы» тақырыбында сурет байқауы, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Қуаныш Дүйсенбаевтың қатысуымен «Көңілді мәре» эстафеталық ойындары ұйымдастырылса, Көксу аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Құсайын Күренов тәрбиеленушілер арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыс өткізіп, қорытындысы бойынша жеңімпаз ойыншылар Көксу аудандық спорт бөлімінің дипломдарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Екі блоктан тұратын ғимаратта 170 төсекке арналған он алты жатын бөлмелер, асхана, спорт зал, жүз орындық акт зал, ойын залы, медициналық кабинет, жуынатын бөлме, кітапхана мен демалыс бөлмелері бар. Балалар үшін компьютерлік үйірме, шахмат, дойбы, қолөнер, би, фотосурет, бейнефильм, дизайн-студия үйірмелері жұмыс жасайды. Таза табиғат бөктерінде орналасқан «Қарлығаш» балалардың демалыс және дамыту орталығы биылғы жазғы мауысымды да өз дәрежесінде ұйымдастырды. Бұл ретте, лагерь директоры Әйгерім Оразымбетова мен ондағы тәрбиешілердің, аспаздар мен жаттықтырушылардың жұмысына деген жауапкершілігі мен тиянақтылығын ерекше атап өткен жөн.