
«Үдемелі индустрия, қарқынды экономика» Тәуелсіздік жылдары Елбасының алдыға қойған тапсырмасы осы сөз тіркесімен астасып, тонның ішкі бауындай бірігіп жатты. Тұңғыш Президентіміз «Алдымен экономика, сосын саясат» деп елдің әлеуметтік жағдайын туралауға басымдық берді.
Бір ердің қолынан бүткіл елді аяқтан тұрғызу келмесі анық. Қиын сәтте елдің еңсесін тіктеуге өңірлердегі кәсіпке ебі бар, табанды азаматтар тіреу болды. Соның бірі 1952 жылы қарашаның 27-і күні дүние есігін ашқан Тұрар Жүнісова. Қойбыш ауылының тумасы.
10 сыныпты тәмамдаған бойжеткен, 1970-1973 жылдары медициналық колледжде білімін жалғастырады. Өмірде дара жолын қалыптастыру мақсатында көп ізденген. Ол тіпті, 2003 жылдары Көксу ауданындағы балабақшада қызмет атқарған. Араға 2 жыл салған соң Тұрар Бәзілқызының бағыты бизнеске ауысады. Тұрар ханымның әуелде асығы алшысынан түсті деп айту қиын. Оның айтуынша, алғаш кәсіпке бет бұрғанда, қисапсыз тексеріс аяғын енді басқан жас кәсіпкердің жолына тосқауыл болған. Таудың қызы табандылық танытты.
Жас кәсіп иелерін қолдаушысы әуелі Алла, екінші егемен елі болды. Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауда 20 жылдық тәжірибесі бар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының шарапатын Тұрар ханым да көрген.
Бизнеске білек сыбана кіріскен жылдары, «Даму» арқылы даңғыл жолға түспекке несие рәсімдеп, кәсібін дөңгелетуге қаржылай көмек алған. Осыдан бері, ат-көлігі аман-есен, кәсіптің көшін құлатпай келе жатыр. Биыл, Тұрар Бәзілқызының аталмыш салаға ауысқанына аттай 16 жылдың жүзі болған.
Тұрар Жүнісованың кәсіпкерлер әлімінің серкесі атауына жасалған бірінші қадам– азық-түлік дүкені. Кейіннен, наубайхана, кондитерлік бұйым өндіретін шағын цех, көлік жуу және техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан.
Азық-түлік дүкені көп салымды қажет еткенімен, пайдасы да жоқ емес. Әрбір екінші тұрғын дүкеннен қажетті тағамды алмай кетпесі анық. Алайда, ондағы сөреден табылатын тағам түрін қолдан жасап шығару бұл қазынаға түсетін пайданың көлемін арттыратыны анық еді. Кәсіптегі осы бір ұтқырлықты Тұрар ханым ұтымды пайдаланды. Сөйтті де, наубайхана ісіне ойысты.
Алғашында күндігіне 200 бөлке нан пісірсе, бүгінде оның саны бірнеше есеге артқан.
«Нан пісіру өте қызық. Жаңа піскен нанның исі мұрныңды жарады. Бір пісіргенде 100-ге жуық нан пісіреміз. Әрқайсысы өз алдына жеке қызарады. Бірінің реңі біріне ұқсамайды»,-дейді бизнесвумен.
Дүкен сөрелеріндегі тәтті-дәмдіні көргенде көздің жауын алып, тіпті кей-кезде сілекейіңді шұбыртады. Ол әрине, жасалған өнімнің сапасына байланысты. Бүгінгі таңда қол еңбегін талап етпейтін, жаңа технологияның көмегімен әзірленетін түрлі тәттілер бар. Оның сапасы сын көтереді ма? Тұтынушының көңілінен шығады ма? Бұл мың көңілдегі - бір сауал.
Ал, кәсіп иелері үшін басты талап тұтынушының санын арттыру, сәйкесінше тауар сапасын жақсарту. «Тәуекел түбі-жел қайық, өтесің де кетесің» дегендей. Тұрар Жүнісова тағы да белін бекем буды. Ол кондитерлік бұйым жасауды алға мақсат етіп қойды. Қалай? Нені? Кімге? Дәл осы сұрақтар Тұрар ханымның күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырды. Өйткені «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген қазақы мәтелді жадына тоқыған Бәзілдің қызы үшінші кәсіпті бастауда ұзақ ойланды.
Бастамас бұрын, аядай ауданның әлеуетін өзінше зерделеді. Ол кезде кондитерлік цех жоқтың қасы. «Бір жағы өзіне пайда келсе, екінші жағынан ауыл халқы жұмысқа тұрып, еңсесі тіктелетін еді»,- деген ой осы сәтте туындайды. Осылайша, алғаш рет цехтің іргетасы қаланып бастайды.
Қажетінің бәрін алған соң ауыл адамдарын жұмысқа тартты. Бүгінде Тұрар ханым 20 отбасын жұмыспен қамтып, күнкөрісіне себепкер болып отырған жан. Жұмысшылардың еңбегін қанамайтын абзал анаға деген құрметі сол, Тұрар апайдың қоластында еңбек етіп жүрген адамдар оған адал. Қазіргі кезде күндігіне 1000-нан астам кондитерлік өнімдерді өз дүкендерімен қоса, өзге дүкендерге жөнелтеді.
Еңбегі жанды деген осы емес пе? ЖК «Жүнісованың» шағын наубайханасы мен кондитерлік цехынан шыққан бұйымды бір ауданның халқы тұтынады. Бұл толағай табыс, ауыз толтырып айтарлық жетістік. Осылайша, ЖК «Жүнісованың» бизнестегі босағасы бекіді. Бүгінде Көксу ауданында «Жүнісова» кәсіп иелерін танымайтын адам кемде-кем.
Һәкім Абай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дегендей, бүгінгі кейіпкерді де өр шыңға шығарған сенімділігі мен ішкі ұстанымы еді.
«Бармын деп аспайтын» ардақты ана әлі де кәсіпкерлік саласына қосар үлесім бар дейді. Ол алдағы таңда жеке сауда үйін ашпақ. Бұл Көксу ауданындағы көрнекті ғимарат пен демалыс орны болмақ. Аталмыш бастама, шағын өлкенің өркендеуіне берілген тағы бір мүмкіндік. Топырағын басып, ауасын жұтып жүрген мекеннің жайқалуына қосқан азаматтық үлес, перзент атаулының жұмыр етіне мақтаныш сезімін ұялатады. Әзіз жан, алғашқы кезекте отбасы қамы үшін жасаған істер деп айтқанымен, мұның артында қараша халықтың нәпақасы тұр еді.
Әуелде, өзі ғана бастаған іс, ата кәсіпке айналған жайы бар. 2 ұлы, 8 немересі, 2 шөбересінің өмірлік азығы да, азық-түлік дүкенінен бастау алған бизнестің үлесінен болып отырғаны жасырын емес.
Еңбегі еленді, бизнесте бағы жанды, бабы қатар шапты. 10 жылдан артық төгілген маңдайдағы ащы тердің, тәтті жемісі көрініс тапты. Еліне елеулі, халқына қалаулы азаматша «Береке бастау» фестивалінің 3-дәрежелі дипломының, «Кәсіпкер әйелдер Ассоциациясының» сертификатының иесі.
Сондай-ақ, Алматы облысы және Көксу ауданы әкімдерінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Қазіргі кезде өзі тұратын, Көксу ауданының «Құрметті» азаматшасы. Міне ел анасының талай жылғы еңбегінің нәтижесі осындай. Табан ақы, маңдай тері ақталды деген осы.
«Сағаттар сырғып, минуттар жылжып» жатқан қысқа ғұмырда еншісін алып қалуға ұмтылған бұрымдының бар өмірі бір әулетке емес, барша елге үлгі. Көксудың кешегі керім сұлуы, бүгінгі ел анасының келбеті осындай.
Айгүл Айманбекова,
аудандық мәслихат депутаты.