
ХХІ ғасырда Қазақстан Республикасындағы қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарлар, қоғамның жедел ақпараттануы мен дамуы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім беруді заман талабына сай жаңғырту қажеттілігіне ерекше назар аудара отырып, Қазақстан экономикасының орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту және білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты бағыты болып отырғандығын ерекше атап көрсеткен.
Сондықтан да еліміздегі білім беру жүйесін қазақстандық қоғам дамуының қазіргі заманғы талаптарына және әлемдік білім беру кеңістігіне кіру шарттарына сәйкес жаңғырту қажеттілігі туындады, яғни ғылыми технологиялар қарыштап дамыған жаһандану дәуіріндеуақыт талабына сай білім беру жүйесін жетілдіру, оқытудың сапалық деңгейін арттыру, білім беру орындарында жан-жақты дамыған саналы ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Осы міндеттерді жүзеге асыруда бүкіл педагогтар өз мамандығына қажетті қабілеттерді және интеграциялық үрдістерді меңгеріп, әлемдегі жаңа идеяларды тиімді пайдалануы, әлемдік білім кеңістігінің өресінен шыға білуі қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр.
2020-2021 оқу жылында аудан мектептерінде барлығы 1059 мұғалім еңбек етті, олардың 239– ы жоғары және бірінші санатты, 131 –і педагог- шебер, педагог- зертеуші, педагог-- сарапшы мұғалімдер, яғни бұл 34,9% құрады.
Ұлт болашағы – ұрпақта десек, ұрпақ тәрбиесі - мектепте. Қазақстандық мектеп түлегінің білім деңгейін халықаралық дәрежеге жақындату мақсатында мұғалімдерді заман ағымына сәйкес деңгейлік және шет елдерде ваучерлік курстардан өткізе отырып, интеллектуалдық мектептермен тәжірибе алмасу қажеттігі жөніндегі Елбасының тапсырмасын келер ұрпаққа көрсетіліп отырған ерекше қамқорлық деп білеміз.
Педагог мамандардың теориялық-әдістемелік білім-біліктілігін арттыру бойынша өткен 2020-2021 оқу жылы ішінде 1059 педагогтың 172-сі «Өрлеу» АҚ, Педагогикалық шеберлік орталығы арқылы білімін жетілдірді.
Аудан бойынша 25 мектептің 8 мектебі Назарбаев зияткерлік мектептері іс-тәжірибесін тарату мақсатында жетекші мектеп болып бекітіліп, 17 серіктес мектептермен жыл ішінде жұмыс жүргізді. М.Құрманов атындағы № 2 орта мектебінің жетекші мектеп ретіндегі жұмысы аудан көлемінде семинар арқылы таратылды.
Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесін тарату және қолдануда аудандағы 24 мектепте деңгейлік оқыту курстарынан сертификатталған мұғалімдердің желілік қауымдастығы жұмыс жүргізеді. Қауымдастық жоспар бойынша шаралар өткізіп, әлеуметтік желілерге жүктеп отырды.
Аудандағы шығармашыл, ізденіспен жұмыс жүргізетін пән мұғалімдерінен 21 ассоциация құрылды. Ассоциация жұмысы негізінен қолданыстағы заңнамаларды, нормативтік-құқықтық актілерді, жаңашыл технологиялар, ғылым жетістіктері, өлшемдер мен бағалау жүргізу технологиясын түсіндіру, өзара тәжірибе алмасу, біріккен шешімдер шығару, білім сапасын арттырудың тиімді тәсілдерін қарастыру бағытында жұмыстарын жүргізді.
Мектептердің сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында дарынды балаларды оқытатын арнаулы білім беру мекемелерінің нәтижелі жұмыстарын оқу-тәрбие процесіне енгізу бастамасы аясында 3 мектеп: Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназия, М.Құрманов атындағы № 2 орта мектеп пен Н.Алдабергенов атындағы орта мектептер Талдықорған қаласындағы М.Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін «Экономика және бизнес» №24 арнаулы лицейі тәжірибесін оқып-үйренуде.
Мектептің жүрегі – мұғалім, білікті ұстаз. Сондықтан да ең маңызды міндеттердің бірі – педагог мәртебесін көтеру. Осы мақсатта 2020-2021 оқу жылында аудан бойынша түрлі кәсіби байқаулар ұйымдастырылып өткізілді. Кәсіби байқаулардың өткізілуі педагогтарды ізденіске жетелеп, біліктілік шеберлігін шыңдауға ықпал ететін игі шара. Бұл өз кезегінде бақытын бала тәрбиесімен байланыстырып отырған ұстаздар қауымының өз ісіне деген ынтасын арттырып, жігеріне жігер қосатыны сөзсіз.
Аудан бойынша өткен педагогикалық жарыстарда үздік шығып, облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысқан ұстаздарымыз жыл сайын жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. 2020-2021 оқу жылы ішінде аудан мектептері мұғалімдерінің іс-тәжірибесі облыс көлемінде өткен семинарларда таратылды. Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп - гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Сыдыкжанова мен М.Құрманов атындағы №2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Людмила Герман «Үздік педагог» атағын иеленді.
ТМД елдерінің арасында өткен «Жас ғалым-2020» байқауында төсбелгі иегері, облыстық «Педагогикалық идеялар» байқауында Ж.Егінбаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Уәлиев Ұлан Бақыткелдіұлы 1 орынды, «Шағын жинақты мектепте біріктірілген сыныптардағы үздік бейне сабақ» сырттай облыстық байқауында химия-биология пәнінің мұғалімі Серік Смағұлов 3 орын иеленді.
«Үздік оқу –тәрбие жоспары» облыстық байқауында Н.Алдабергенов атындағы ортамектеп жүлделі 2 орынды иеленді. Облыстық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік көшбасшысы» байқауында «Қуаныш» бөбекжай- балабақшасының меңгерушісі Шара Базилова 3 орынды жеңіп алды.
Облыстық әскери-патриоттық, спорттық байқауларда: «Жас Ұлан» -2 орын, «Алау» ойындары - 3 орын, «Үздік командир» байқауы- 2 орын, «Айбын»-З орын, «Жас Сарбаз» - 1 орын. Қыркүйек айында республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.
Аудандағы қосымша білім беру мекемесі- музыка мектебінің ұжымының еңбегін ерекше атауға болады. Аталған білім мекемесінің табысты жұмысының нәтижесінде шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық көлемде өткен жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, облыс көлеміндегі іргелі қосымша білім беру мекемесі атанып отыр.
Қазақстанның мәңгілік ел болуы – бүгінгі білімді де дарынды жастардың қолында. Шын мәнінде бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас түрегі, келешек келбеті. Дарынды жастардың бойындағы талапты шыңдай түсуде ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы оқу жылында аудан бойыншазерттеушілік жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» облыстық конкурсы бойынша 16 оқушы қатыстырылып, 8 жүлделі орынды иеленді. Оның ішінде, 3- үшінші, 2- екінші, 3- бірінші орын. 36 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен облыстық олимпиадаға қатыстырылып, 10-ы жүлделі орынды иеленіп қайтты (27,7%). Аудан көлемінде іріктелген оқушылардың 72 пайызы таңдаған пәндері бойынша дайындық деңгейлері жеткіліксіз, жүлделі нәтижеге жеткен жоқ. Осы орайда, аудан мектептерінде дарынды балалармен дайындық жұмыстарын жандандыру қажет екенін қатаң ескертемін.
Оқу жылы ішінде аудан оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобалар жарысына қатыстырылды.
Жеті бағыт бойынша: спорт, дағды мен дарын, кітап оқу, ұлттық мұра, туристік саяхаттар және еңбек тәжірибесі бағыттарында қатысушылардың мықтылығын, дарынын жетілдіретін «Елбасы медалі» жобасына ауданнан 43 оқушы қатысып, «Елбасы Медалі» қола медальмен марапатталды!
«Мың бала» Ұлттық Зияткерлік олимпиадасына ауданнан 19 оқушы іріктеліп, қатысып, нәтижесінде Қызыларық орта мектебінің оқушысы Ақерке Аблайхан, М.Құрманов атындағы №2 орта мектептің оқушысы Бибінұр Ерғалиева – жеңімпаз атанып, Жәутіков атындағы республикалық физика – математика мектебіне қабылданды.
Республикалық «Ай қанат» олимпиадасынның республикалық деңгейіне төрт оқушы қатыстырылып, М.Құрманов атындағы №2 орта мектептің 9 - сынып оқушысы Арқас Азаматұлы 1 орынды жеңіп алды.
Ж.Егінбаев атындағы орта мектеп оқушылары Алыбай Ерасыл, Тұрсынбай Ықылас жалпы білім беретін пәндер бойынша төртінші республикалық ғылыми жобалар байқауының 2 орын жеңімпаздары;
«Дарын экоарт» сурет және қолөнер республикалық конкурсының жүлдегері Жетіжал орта мектебі оқушысы Сатымбай Сымбат, «Экостанға саяхат» республикалық экологиялық конкурсының жеңімпазы Жетіжал орта мектебі оқушысы Батыл Нәрә, Әл-Фараби атындағы республикалық ғылыми конкурсының 3 орын жүлдегері Ж.Егінбаев атындағы орта мектеп оқушысы Тұрсынбай Ықылас, жас айтыскер ақын Мұқаншы орта мектебінің оқушысы Қанад Жансая.
Республикалық «Қадыр оқулары» байқауында Кызылтоған орта мектебінің оқушысы Ержан Гульнара 2 орын; республикалық «Мағжан оқулары» байқауында Жамбыл орта мектебінің оқушысы Сейтқұл Мирас 3 орын; ХХІ республикалық «Абай оқулары» байқауының 3 орын иегері Жетіжал орта мектебі оқушысы Жекебай Тілек аудан абыройын республика көлемінде асқақтатып жүрген оқушыларымыз.
Ауданда дарынды балалармен жұмысты жандандыру мәселесі бірнеше жыл күн тәртібінен түспей, өз нәтижесін беріп келеді. Бұл көрсеткіш осы залда отырған педагогтардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сондықтан алдағы оқу жылында да аудан намысын бермей, осы көрсеткіштен алда болуға шақырамын.
«Кез-келген ел өз келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады» демекші, шығармашылшық байқауларда жұлдызы жарқырап, дарынымен дараланған, оза шауып бәйге алып жүрген оқушыларымыздың да саны жыл санап артып келеді. Бұл да ауданпедагогтарының шығармашылдықпен, жаңашылдықпен жұмыс істеуінің нәтижесі.
Негізгі баяндамада да, менің баяндамамда да аудандағы білім саласындағы жетістіктер де, кемшіліктер де айтылып өтті. Негізінен білім саласы проблемасы көп, ауқымды, үлкен сала. Демек, бұл саладағы істелінген және істелінетін шаруа ұшан-теңіз деуге болады. Біз бүгін пленарлық отырыста оның негізгілеріне тоқталып, секция отырыстарында талқыладық.
Ауданымызда оқушыларымыздың білім алып, ұстаздарымыздың еңбек етуіне толық жағдай жасалып отыр. Мектептердің де, балабақшалардың да материалдық-техникалық жағдайы жақсы, апатты жағдайдағы мектептер жоқ, оқушылар орнының дефициті жоқ, үш ауысымды мектептер жоқ, білім ордаларында кадр тапшылығы мәселесі шешілуде, мұғалімдер жалақысы мен үстеме ақыларын уақытылы алып отыр. Мұның барлығы ел Президентінің ел ағасы ретіндегі көрегенді саясаты мен білім саласына деген ерекше қолдауы мен қамқорлықтың арқасында жүзеге асып отыр.
Аудандық білім бөлімі.