ӘЛЕУМЕТ

Балабақшада заттық дамытушы ортаны қалыптастыру

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 19.08.2021
Оқылды: 1910 Печать страницы
Балабақшада заттық дамытушы ортаны қалыптастыру

Біздің дана халқымыз қашан да бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. «Бала – біздің болашағымыз. Болашағына немқұрайлы халықтан ештеңе күтуге болмас» деп, профессор Б.Кенжебаев айтқандай, біздің, яғни тәрбиешілердің алдында бір-бір еліміздің болашақ елеулі азаматтары отыр, сол себепті біз бала тәрбиесіне, берілетін білім сапасына бей-жай қарауға еш құқығымыз жоқ. 
Қазіргі таңда заман өте қарқынды дамуда. Осыған орай тәрбиешілер де үнемі ізденіс үстінде болу керек деп ойлаймын. Алдымызда отырған әр баланың қай-қайсысын болмасын бар жүрегіңмен, мейіріміңмен тәрбиелеп, дамытып, білім нәрін сусындатар болсақ, әрине де жұмысымыз нәтижелі болмақ.
Біздің басты міндеттеріміздің бірі – баланы жан-жақты дамыту. Балаға жеткілікті деңгейде сапалы білім беріп, оның дене дамуына ықпал ету мақсатында біздің балабақшамыздың әр тобында заттық дамытушы орта құрылған. Заттық дамытушы орта өзі үш бөлімнен тұрады: танымдық орта, эмоционалдық орта және еркін орта.  Бұл ортаның ерекшелігі, тиімділігі – жүйелілігінде, баланың оқу үрдісіне қызығушылығы артады. Танымдық орта балалардың білім алатын ортасы болғандықтан, ол жер оқу қызметтеріне қажетті заттармен жабдықталған және барлығы балаларға қол жетімді. Мысалы, қуыршақ театрын, түрлі аңдардың, жан-жануарлардың атрибуттарын көркем әдебиет, сөйлеуді дамыту оқу қызметтерінде қолданамын. Балаларға ол қатты ұнайды. Сонымен қатар, танымдық ортаны жазғы маусымда балабақша ауласында да ұйымдастыруға болады. өз тәжірибеммен бөлісетін болсам, мен өз ауламызда «Ойна да ойла» тақырыбында танымдық сағат өткіздім. Монтессори әдісінің элементтерін пайдаланып, «Бөліктерді құрастыр», «Жеміс-жидектердің орнын тап», «Су асты әлемі», «Геометриялық пішіндер» дидактикалық ойындары арқылы балалардың танымдық, эстетикалық қабілеттерін дамытып, қоршаған ортамен таныстыру, негізгі түстерді ажыратуды бекіттім. Балалар қызығушылықпен, белсенділік танытып қатысты.   
Эмоционалдық орта ол- балалар таңертеңгі уақытта балабақшаға келгенде, әртүрлі ойындар ойнатып, қалаған ойыншықтарын беріп, әңгімелесу арқылы жағымды көңіл-күй орнату. Мысалы алатын болсақ, балабақшаға жаңадан келген балаға жаңа ортаға қалыптасу оңайға түспейтіні анық, сол себепті ол балаға көбірек көңіл бөліп, жылы сөздер айтып, бар мейірімімізді төгіп, түрлі ойыншықтар беріп, жақсы көңіл – күй сыйлауымыз керек.
Еркін орта дегеніміз – балалардың өз еркімен өздері ұнататын ойыншықтармен ойнауы ойнауы, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуы. Баланы осы еркін ортада жаңа қырынан көруге болады.
Топтарымыз негізгі: ойын, табиғат, танымдық, спорттық және шығармашылық аймақтарға бөлінген. 
Ойын аймағында балаларға көбінесе еркін ойындар, дамытушы ойындар ұйымдастырылады. Табиғат аймағында балалар өздерін қоршаған жанды және жансыз табиғатпен үнемі тығыз байланыста болып, өздеріне таңсық нәрселермен танысып отырады. Спорттық аймағымызды көптеген қимылды ойындарға қатысты заттармен толықтырып отырамыз. Шығармашылық ортада бүлдіршіндеріміз сурет салып, жапсырып, мүсіндеп, өздерінің қиялдарын жүзеге асырады. Ал танымдық аймаққа келетін болсақ, бұл жерде жас ерекшеліктеріне байланысты түрлі танымдық ойындар, саусақ, қол моторикасын дамытуға арналған Монтессори, Воскобович әдістерінің элементтері бойынша жасалынған ойындар жинақталған. 
Осының барлығын ескеретін болсақ, заттық дамытушы орта мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты дамытуда аса үлкен роль атқарады. 
Қорыта айтатын болсақ, Тұңғыш Президентіміз - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» деп айтқандай, болашағымыз жарқын болуы үшін балаларға сапалы білім, өнегелі тәрбие беріп, жан-жақты дамытуда аянбай еңбек етуіміз қажет.

Айгерім Лигунова, 
 «Жұлдыз» бөбекжай - 
балабақшасының тәрбиешісі.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.