ӘЛЕУМЕТ

Кісілігі мен кішілігі – таудай дәрігер

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 03.09.2021
Оқылды: 1091 Печать страницы
Кісілігі мен кішілігі – таудай дәрігер

...Пенде болған соң, ауырмай тұрмайсың. Жаның қысылып, тынысың тарылғанда, ауруға араша тұрар ақ желеңді абзал жандарды іздейтінің де өтірік емес.
Қазіргі: «Сананы – тұрмыс билеген» қым-қуыт заманда, көптеген адами құндылықтар, күнделікті түйткіл- тіршіліктің тасасында қалып қоятыны өкінішті. Жақынына жақсылық жасамақ түгілі, сырқаттанып қалсаң, хал сұрауға жарамайтын дос- жаранды да,  беймаза көңіліңді аулап, рух берер жақсы сөзін қимайтын ағайынды  да кездестіріп жүрміз...
Жақсы адамның – жақсы атын атауға да қиналамыз, мақтап- мадақтауға, марапаттауға да қимаймыз... Ащы да болса – шындық!!!
Ондай қайырымсыз жекжаттардың қасында, алдына: «сіркең су көтермей»  жаның қиналып барғанда, жайдары қабағымен қарсы алып, бір- екі ауыз жылы сөзімен жаныңды жадыратып, ауруыңды ұмыттырып жіберетін дәрігерлердің барына шүкіршілік жасайсың. 
Іштей, өмірде әлі де «жақсы адамдар» бар екен ғой деп, бір сәт ойланып, қуанып, марқайып қаласың... 
Сондай парасат пайымы терең, түсінігі жоғары, тәрбиелі де өнегелі дәрігерлердің қатарында, есімдерін ерекше атауға тұрарлық ізгі жандар біздің ауданымызда да бар. Сол себептен, осыған дейін ұстанып келе жатқан: «жақсылықты жырлайтын» әдетімше, тағы бір жақсы адамды үлгі тұтуды жөн деп таптым.
Әңгімемнің кейіпкері – ақ ниет, адал жүрегімен, қарапайым болмысымен, шуақ шашқан жылы жүзімен, ем- домын жасап, кәсіби кеңесінің өзі:  ауырған жеріңе шипа болардай сезілетін, тіс дәрігері – Гусенов Рамис Гасанұлы.
 Оның өз саласына адал қызмет етіп жүрген, инабатты да тәрбиелі дәрігер екеніне ешкімнің дауы жоқ. Тіпті, бұл салаға келуінің өзі де кездейсоқтық емес, тәлімгер әкенің салған соқпағы екенін ескерсек, Рамистің мамандық таңдауда еш жаңылыспағанына көзіміз жетеді. 
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз ана мен өзіне жол көрсетіп, бағыт- бағдар берген дәрігер әкеден шыққан  – Рамис Гасанұлы  1981 жылы дүниеге келіп, М.Құрманов орта мектебін тәмамдаған, төл топырақтың перзенті. Отбасындағы  екі ұл бір қыздың ортаншысы екен. Алдындағы әпкесі де анасының жолын қуып мұғалім мамандығын алыпты. Баку қаласында тұрады екен.
Рамис 1998 жылы мектепті бітірген соң, 2002 жылы Талдықорған медициналық колледжін аяқтап, алғаш 2003 жылы Көксу аудандық емханасына тіс дәрігері болып жұмысқа орналасады.
2007 -2019 жылдар аралығында Н.Алдабергенов орта мектебінің Тіс дәрігері кабинетіне ауысып, сол жерде табан аудармастан, он екі жыл уақыт қызмет етеді.
Бүгінгі таңда, Рамис Гасанұлының есігінен кісі арылмайтын, жекеменшік,  тіс емханасы бар.
Рамис – екі  ұлдың әкесі. Жоғары санаттағы тіс дәрігері. Зайыбы да өзінің анасына тартқан ұстаз екен.
«Өмірде қандай адами құндылықты дәріптейсіз?»,- деген сұрағыма «адалдық пен мейірімділік» деп, жауап берген кейіпкерімнің кісілігі де кішілігі де таудай екенін байқадым. 
Өйткені, біздің Көксудай кенен жеріміздің перзенттері – ұлт пен ұлысқа қарамастан, туған өлкеміздің көркем табиғатына сай: төл топырақтан нәр алып, сусындаған, парасатты да рухани терең, «таумінез» болып туса керек. 
Ал, еңбек пен абыройды егіз деп танып, еңбекқор әкеден таусылмас тағылым алған  Рамистей азаматтың: «Бос уақытымда  табиғат аясында балық аулап, тауға шыққанды ұнатамын» деуінің өзі тегін болмаса керек...
Ендеше, кәсібін – нәсібіне айналдырып отырған, өз мамандығының майталманына әрқашан шығар тауы биік болсын деп, таудай абырой тілеймін.

                       Қаракөз Сейітжанқызы,
   ҚР Журналистер одағының мүшесі,
             Қазақ Журналистикасының қайраткері.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.