ӘЛЕУМЕТ

Сапасы сын көтермейтін халыққа қызмет көрсету орталығы

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 1226 Печать страницы
Сапасы сын көтермейтін халыққа қызмет көрсету орталығы
Еліміздің басты байлығы Ата Заңымызда тайға таңба басқандай көрсетілген Адам, оның құқықтары мен бостандықтары - ең қымбат құндылық. Мемлекетіміз Қазақстан Республикасы болып өз егемендігіне қол жеткізгеніне биыл тұп-тура 30 жыл. Осы жылдарда Көксу ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Ел еңсесін тіктеп, халықтың әл-ауқаты арта түсті. Жерлестеріміз балаларын жаңа немесе күрделі жөндеуден өткен білім ордасына беріп, сапалы, заманауи жабдықталған емхана, ауруханадан ем-домын алып реттеле бастады. Бүгінгі күннің басты саласына айналған, алайда жағдайы сын көтермейтін ауданымыздағы «Азаматтарға арналған үкімет» халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының қазіргі жай күйі өкінішке орай көңіл көншітерлік емес. Халықтан алынған сауалнамада ғимараттың тар екендігіне, қызмет көрсету терезелерінің аздығына және ішке сыймаған адамдар сыртта кезекте тұруға мәжбүр болғанына наразылық тудырған.  Аудан халқының саны соңғы он жылда едәуір артқан. Оған қоса цифрландыру саясаты жұмылғанға жұдырық, бір қағаз жасатсаң да осы орталық болмаса жасалмайтын мына жағдай халықтың әбден мазасын қашырған. Еліміздегі эпидахуал кезінде ара қашықтықты сақтау арқылы вирусты тоқтатайық деген ұран сірә «Азаматтарға арналған үкімет» Көксу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына қатысты айтылмаса керек. Бұл сөзімізге дәлел өткен қыстың қақаған қырық градус аязында Көксу аудандық Азаматтарға арналған үкімет санитарлық нормаларды сақтау шараларын қолданғанына қарамастан, қажетті құжатын рәсімдеуге келген аудан тұрғындарын қуықтай ғимаратқа кіргізуге мәжбүр болған. Құжат рәсімдеуге ауданға қарасты 34 елді мекеннен сабылған халық коронавирустан зардап шекпесе де, қыстың көзі қырауда үсік шалу қаупі туындаған. Азаматтарға арналған үкімет басшылығы жедел шешім қабылдап,  келген адамдардың барлығын ғимарат ішіне кізгізуге мәжбүр болған.
Дана халқымыз қашанда ел басқарған азаматына үлкен ықыласпен қарап, қарсы шықпаған,  айтар ойын «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Халықтың жанайқайын түсінетін ол әкім. Алайда, халықтың жиі баруға мәжбүр орындарының бірі Халыққа қызмет көрсету орталығының  ғимаратын салу мәселесі әзірге құжат күйінде ғана. Жағдайдан облыстық, аудандық әкімдік хабардар. Бірнеше рет қабылдауында да болып, хат та жолданған. Жаңа ғимаратқа құжаттар рәсімделіп қыруар қаражат жұмсалып, жобалау сметалық құжаты жасалса да, жаңа ғимарат құрылысына ешқандай қаражат әлі бөлінбеді. Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Айдос Мүлікбай ғимарат салуға қаражат бөлінбесе, құжат рәсімдеуге жұмсалған ақша ауаға кететінін айтады. Маңыздысы сол, аудан орталығынан жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығының  ғимаратын салып беру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін қажеттілігі болып отыр. Бұл мәселе аудандық әкімдіктің күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте, облыстық жауапты басқармалардан қажетті қолдау болмай тұрғаны өкінішті.
Қазақстан  Республикасы  Президентінің  2015 жылғы 20 мамырдағы  бес институционалдық реформаны жүзеге асыру  жөніндегі  «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының   100-ші  қадамында:   мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құрып, халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялау қажеттігі және Қазақстан азаматтары «сапа менеджменті  ISO 9000  сериясына» сәйкес мемлекеттік қызметтерді бір жерден  алу қажеттігін  көрсетілген.
Осыған  орай,  Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2016  жылғы  29 қаңтардағы   №39  қаулысының  негізінде  «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК,  «Жылжымайтын мүлік орталығы»  РМК,  «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМК  біріктіріліп, қайта ұйымдастыру жолымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ары қарай мемлекеттік корпорация)  құрылғандығы  өзіңізге  мәлім. Нақты   уақытта,  Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2013 жылғы 18 қыркүйектегі  №983 қаулысымен  бекітілген  Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінде  (ары қарай тізілім) 698  мемлекеттік  қызмет болса,  оның ішіндегі  674 мемлекеттік қызмет «Азаматтарға арналған үкімет»  мемлекеттік корпорациясы  арқылы  ұсынылуда.  Яғни,  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  «100 нақты қадам»  бағдарламасы  аясында,  халықтың  барлық  мемлекеттік  қызметтерді  бір жерден алуын үйлестіру  үшін,   тізілімде көрсетілген  қызметтердің   басым  көпшілігі  мемлекеттік  корпорацияның   фронтофистары (халыққа  қызмет  көрсету орталығы)   арқылы  көрсетілуде.
Алайда,   Көксу  ауданындағы   халыққа  қызмет көрсету орталығы  орналасқан   ғимараттың   ауданы тар  болуына  байланысты, уәкілетті органдарды бір жерге шоғырландырып, мемлекеттік  қызмет көрсету  барысында  халыққа  қолайлы  жағдай  туғызуға  мүмкіндік   болмай тұрғандығын  назарыңызға  жеткіземіз.   Атап айтсақ,  Көксу  аудандық «ХҚКО» бөлімі  жайғасқан  ғимараттың    жалпы  алаңы  236,4 ш.м. ғана   құрайды.   Оның  ішінде  күту залының  жалпы ауданы не бары  20  шаршы метрді  құраса, операциялық    залдың  жалпы ауданы  не бары 33,9 шаршы метрді  құрайды.  Күнделікті  халыққа қызмет көрсету орталығына  500-ге   жуық   азамат   мемлекеттік  қызмет  алу үшін жүгінеді. Сонымен  қатар, Ескелді  ауданына   тиесілі Бақтыбай (халық саны 8927 адам), Өтенай (халық саны 417 адам) Алдабергенов (халық саны 4046 адам), Жастар  (халық саны 778 адам), Жаңалық (халық саны 492 адам) ауылдарының тұрғындарының басым көпшілігі Балпық би ауылына жақын орналасуына  байланысты,  электрондық  анықтамаларды  алу үшін   Көксу   аудандық  халыққа  қызмет көрсету орталығына  жүгінеді.
Сондай-ақ,   жыл сайын халыққа  қызмет көрсету  орталығы арқылы  көрсетілетін  мемлекеттік қызметтердің  түрлері  артуда.  Осыған орай,  халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінетін  азаматтардың  саны да жылдан жылға көбеюде. Мысалы: 2008 жылы Көксу аудандық  халыққа  қызмет көрсету  орталығы  ашылған  сәтте,  орталық  арқылы  не  бары  25-ке  жуық  мемлекеттік   қызмет  көрсетілетін.   Ал нақты уақытта,   орталық  арқылы  200-ге жуық  мемлекеттік  қызмет  түрі  көрсетілуде,  жүгінуші тұтынушылардың саны  бірнеше есе көбейді.     
Нақты уақытта  жалға алып отырған ғимаратымыз  мүлдем  санитарлық  нормаларға  сай келмейді  және  аудан тұрғындары үшін  қолайсыз. Атап айтсақ :
1) Ғимараттың ішіндегі күту залының ауданы не бары 20шаршы метр болуына байланысты,  әлеуметтік арақашықтықты сақтау мүмкін емес және  қызметалушылар сыймай жатыр. Бұл ретте, қызметалушылардың легін әлеуметтік ара-қашықтықты сақтай отырып, ғимараттың сыртында  ұстау мүмкін емес. Себебі, қыс мезгілі болуына байланысты ауа-райы суық және ғимаратқа сыймаған азаматтар кезегін орталықтың сыртында күтуден бас тартып, өз наразылықтарын білдіруде.
2) Қазақстан  Республикасы  Президентінің  2015 жылғы 20 мамырдағы  бес институционалдық реформаны жүзеге асыру  жөніндегі  «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының   100-ші  қадамына  сәйкес, халықтың  мемлекетік қызметтерді бір жерде  алуын қамтамасыз ету  мақсатында  уәкілетті  органдарды  халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратына орналастыруға мүмкіншілік жоқ;
3) Көлік   алаңына   ХҚКО-на келген   тұтынушылардың  көліктері  сыймайды;
4) Ғимараттың  ішінде  әжетхана  жоқ;  
6) Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретхана қарастырылмаған.
7) Ғимараттың ішіндегі  жалпы ауданның тар болуына байланысты  тұтынушыларға арналған  асхана  және  кеңсе тауарларын   сатуды  жүзеге   асыратын  киоск  ашуға мүмкіндік жоқ; 
8) Жалпы ауданның тар болуына байланысты  балаларға   арналған  бұрыш  ашуға   мүмкіндік жоқ; 
9) «Казпочта» АҚ-ның  кассасындағы кезекті азайту мақсатында  қосымша екінші   деңгейлі банктің  кассасын  орналастыруға мүмкіншілік  жоқ.  
11) Ғимараттың  ішінде  қыс мезгілдерінде  температуралық режим сақталмайды.  Орталық   қазандық  жүйесіне  қосылмаған. 
Жоғарыда  келтірілген  фактілерді негізге ала отырып және  Елбасымыз  ҚР Президенті  Н.Ә. Назарбаевтың    бес институционалдық реформаны жүзеге асыру  жөніндегі  «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының   100-ші  қадамы  аясында  мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын  орталықта,  халыққа  сапалы мемлекеттік қызметтерді көрсету  үшін   Көксу  ауданына  жаңа заманауи халыққа қызмет көрсету орталығын  салу қажеттігі  туындап тұр. 
Халық пен билікті байланыстырушы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етуші «Нұрлы Көксу» газеті халық үніне құлақ асып, мұң-мұқтажын тиісті басқармаларға жетсін деген ниетпен осы өзекті мәселені қозғап отырмыз. Еліміз дамудың жолында қадам басып жатқан өркениет дәуірінде облыстағы ғимарат құрылысына бөлініп жатқан  қаражаттан аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына қаражат бөлініп, ел игілігіне берілсе, аудан тұрғындарының да тілегені осы болар еді. 
Балпық би ауылы.
Меруерт РАХМИШОВА,
"Нұрлы Көксу" газетінің тілшісі.
{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.