
Қыркүйектің 12-сі күні Мұқыры және Мұсабек ауылдық округтерінде су жаңа екі әкім тағайындалды. Бұл кадрлық ауыс-түйіс жалпы жалпақ жұртқа жыл келгендей жаңалық бола қойған жоқ. Себебі екеуі де сол ауылдың тумасы. Көптің көз алдында, өз еңбегімен, білім-білігімен абырой биігіне өрлеген азаматтар.
Қоғамның белді азаматтары туралы адамдар әсте әртүрлі ойлайды. Көпшілік жоғары лауазымды қызмет аспаннан салбырап түсіп, сол адамның басына қона қалғандай көреді. Әдетте, әкімдер туралы әңгіме бола қалса жақтырмай, тулай жөнелетін адамдар да жоқ емес. Әкімнің де әкімі бар. Жұмыс болған соң, оның күнгейі мен көлеңкесі де болмақ.
Әкім болу оңай ма?
Әкімдер- барлық жағдайды жоғарыдан төмен емес, төменнен жоғарыға қарай бақылайтын, соған қарап іс-әрекет жасайтын тұлғалар. Өздеріне тиесілі ауылды, қаланы, облысты көркейту, дамыту үшін барын салады. Алайда бәрі тиянақты, кемшіліксіз бола алмайды. Осы кезде, әкімдердің басы дауға қалып, сынға ұшырайды. Мұқыры ауылына барар жолда әкімдердің қызметінің аясын бір сараладым. Әкімдер төменде келтірілген мәселелерді шешіп, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосуда.
1. Денсаулық мәселесі
Дені сау халық - дені-сау елді мекен. Денсаулық сақтау мәселелері республикалық және облыстық деңгейде шешілгенімен, әкімдер өзіне тиесілі орындардағы адамдардың денсаулығының жақсы болуына жауапты.
2. Демография
Бұған елді-мекендегі көші-қон мәселелері, ұлттық, діни, мәдени әртүрлілік кіреді.
3. Ақпараттандыру
Президенттің тапсырмасына сай әкімдердің барлығы халықпен кері байланыс орнатуда. Халықты дер кезінде ақпараттандыру мемлекеттік маңызды бар бағдарламалармен немесе басқа да жаңашылдықпен жергілікті әкімдер ақпараттандырады.
4. Үй мәселесі
Үйсіз-күйсіз, біреудің босағасын жағалап жүрген отбасылар қаншама. Әкімдер де, мұны жіті бақылап, үй-жаймен байланысты мәселелерді шешуге барынша тырысып бағуда.
5. Білім беру мәселесі
Сапалы білімді, жетістікке жететін қоғамның негізі деп біледі. Сол себепті әкімдер, білім беру ордаларының дамуына көп көңіл бөледі.
6. Елді-мекен бюджеті
Қаржыландыруды жетпеген жеріне жеткізіп, жыртығын жамап жүрген де осы әкімдер.
7. Қоғамдық қауіпсіздік
Тұтанып жатқан халық наразылығын өшіруге барынша атсалысып жүрген әкімдер қаншама. Оны жақында орын алған Арыс оқиғасынан да, өзге де жерлерден байқауға болады.
8.Инфрақұрылым
Жол, ауыз сумен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік және өзге де мәселелер, біреуі шешілсе, екіншісі пайда болатын мәселелер қатарына жатады. Оларды сәл де болса шешіп, халықтың көңілін табу да қиын болып табылады.
Аптаның бейсенбісін аудан әкімі Алмас Қабдулұлы су жаңа әкімдерді халыққа таныстырудан бастады. Алдымен Мұқырыға барды. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ауылда мектеп жанында жаңа заманның талабына толық жауап беретін спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілген даңғарадай спорт алаңы тұр. Көшелері мұнтаздай таза, жолдардың 90 пайызы асфальтталған. Қалқа ақынның атын арқалаған білім ошағына жөндеу жасалған. Ауыл ажарланып, нұрланып ақ тұр. Еңбек бар. Көрініп те тұр. Байқағанымыз халықтың әл-ауқаты да жақсы. Мемлекеттік бағдарламалармен оқу курсынан өтіп қаржы алып, кәсіп ашып жатқандар да аз емес.Әкімшілік ғимаратына ауыл ақсақалдары мен белсенді халық жиналған. Әлемді әбігерге салған карантин қалың көпшілікті жинатпай-ақ тұрғаны. Ғимаратқа кіргенім сол еді, көзім су жаңа сайланған әкімге түсті. Туған жердің төсінде алысқа көз тастаған Жандос Жұмағұлов қалың ойдың құшағында. Бет орамалымен маңдайын сүртіп, ауылға қарап-қарап қояды. Күні кешеге дейін Мұсабек ауылында әкім болып қызмет етті. Сол ауылдағы жасалып жатқан игі істердің әрбірінің басы-қасында болып, халыққа қолайлы жағдай жасаумен айналысты. Бүгін туған ауылына келді. Ауылдастарының алдында жауапкершілік екі есеге артқанын түсініп тұр. Аудан әкімі келді. Халыққа Президент пен Үкімет жаңашылдықтарын жеткізді. Эпидахуалды айтты. Әкімге алдыға көп міндет қойды. «Ауыл өте жақсы. Халқы да жайдары. Жаңа әкімдеріңіз жас та болса бас болып жүрген азамат. Бірнеше қызметте болған іскер азамат. Жаңа буын өкілі. Мемлекет саясатын жүзеге асырып, елдің әл-ауқатын көтеруге аянбай жұмыс істейді деген сенімдемін. Ауылдың даму көрсеткіштері нәтижелі. Жұмысты үйлестіруде жаңа тағайындалған әкімнің тәжірибесі мен біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Ал, ол үшін осындағы ел ағалары, ақсақалдар әкімге қолдау көрсетіп, ынтымақты жоғары орынға қойғаны абзал. Ауыл тұрғындары көгілдір отынмен жақын уақытта қамтылады. Алда жастарға қолдау көрсетіп, ауданның дамуына ерекше леп беретініне сенімдімін», – деді аудан басшысы. Сөзді Көксу ауданының Құрметті Азаматы, «Қайнар-Көксу» шаруа қожалығының басшысы Әшімхан Оразбеков қорытындылап: «Тындырымды тірлік – табысқа бастайды.
Әкім деген ерте тұрып жай жатуы керек.
Ойдағы мақсат, кеудеге біткен арман. Оның бәрі осы алақандай ауылдың бел ортасында жүріп орындалып келеді. Әлі де мұрат бар. Жету үшін һакім Абай айтқан талап, еңбек, терең ой керек.
Өзіңе сәттілік тілейміз. Әлі де қыруар іс бар атқарылатын»,- деді.
Өңірдің атқару билігінде кадрлық ауыс-түйісті Мұсабек ауылдық округіне де таныстырды. Осыдан бірер күн бұрын жаңа форматта өткен сайлау қорытындысы бойынша жаңа әкім лауазымына 50 жастағы Ербол Жоламанұлы Тантыбай сайланды. Жаңа басшыны аудан әкімі Алмас Әділ ауыл активіне таныстырды.
«Ербол Жоламанұлы жоғарғы білімді. Ол Ілияс Жансүгіров атындағы Мемлекеттік университеттің экономика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдарда «Мұсабек» шаруа қожалығында бригадир көмекшісі, санақшы, агроном-бригадир, Қазақстан темір жолы акционерлік қоғамының Үштөбе филиалының инжинер-экономисі тағы да басқа қызметтерде, бүгінгі уақытқа дейін теміржол саласында еңбек етіп келген»,- деп ауыл тұрғындарына таныстырып өтті. Өз сөзінде аудан басшысы ауыл әкіміне экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және кірісті арттыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту, мал санын арттыру, инвестиция тарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Ауыл ақсақалдарының төрағасы Сайлаубек Қоңқақов «Ербол балам, бар күш-жігеріңді тапсырылған жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсайды деп сенемін. Ауылдың табыстары да, проблемалары да баршылық. Ел үшін еселі еңбек атқарып, халықтың алғысына бөленіп, елмен етене жұмыс жаса»,- деп батасын берді.
Түйін:
Халықтың сынына ұшырап, өкпе-назын тыңдап, саясаттың ыстығына да, суығына да шыдайтын әкімдерді, бір сәтке болсын түсініп, жұмыстарына сәттілік тілеп, барынша қолдауға тырысайық.
Айгүл АЙМАНБЕКОВА,
Мұсабек-Мұқыры.