ӘЛЕУМЕТ

Көксудан шыққан суретші - Әбілхан Қастеевтің шәкірті

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 1529 Печать страницы
Көксудан шыққан суретші - Әбілхан Қастеевтің шәкірті

«Жарық дүниеге келген екенсің, өмірді, тіршілікті қыран қанатындағы өнер биігіне көтерген ләзім»- депті немістің ұлы ақыны Гете. Өмір– өзен ағады, тоқтамайды. Өмір өткен күнмен, жасаған жылмен өлшенбейді. Өмір өлшемі– мына беймаза дүниеде жасаған ізгілікті ісің, артында қалған жақсы көрнекі ізің. Дана халқымызда «Көп жасап күміс болғанша, аз жасап алтын болған артық»- деген ұлағатты сөз бар. Бұл сірә, бабамыз Балпық би, 
Қадырғали Жалайыри сияқты талай елімізге танымал  тұлғаларға жарқын бейне сыйлаған қылқалам шебері, сурет өнерінің майталманы Иманбек Рахымбекұлына арнап айтылғандай.  
Кішкентай кезінен Жамбыл ауылында өсіп ер жеткен бала Иманбек табиғаттың көз тартар сұлулығына, қаймағы бұзылмаған ауыл азаматтарының татулығы мен мейіріміне бөленіп өсті. Үйінде алған тәлім-тәрбие мен сүйіспеншілік қиялға қанат бітіріп, өнерге қадам басуға, сурет сиқырына кенелуге жол ашады. 
-«Менің суретке деген  алғашқы қызығушылығым мектеп қабырғасында жүрген кезімде басталды»,- деп еске алады бала кезін. -Ол кезде мұздай тәртіп бар. Мектепке кешігіп келгендер, сабақ оқымағандар мектеп қабырға газетіне шығатын. Оларды салу маған да қызық болатын. Сондай-ақ әр түрлі мерекелерде құттықтау қабырға газеттері болатын. Осының барлығы менің бала кезімнің ұмытылмас сәттері,- деп өткенін еске алды.   
Сурет салу, бейнелеуді өнердің төресі деп жатады. Жалпы, сурет ол - үлкен шежіре. Ондаған ғасыр бойы бүкіл әлем тарапынан шашауын шығармай, жоғалтпай жеткізген бірден-бір куәгер. Біз сол суреттер арқылы мыңдаған жыл жемісіндегі тіршіліктің талқысын, адамзаттың әдет- ғұрпын, кәсібін, мәдениетін, оның бастан кешкен қайғы-мұңы мен таңдай қақтырар, тамсандырар дәуірлеп гүлденген шағын, табиғаттың мың құлпырған бояуын, жан-жануарлар дүниесінің алуан түрлілігін танып білеміз. Осындай алуан түрлі әлемді бізге жеткізетін, тамашалауға мүмкіндік беретін, әрине, суретшілер. Біз осы жолы сондай қылқалам шеберінің бірі - Иманбек Рахымбеков пен оның шығармалары жайында және жалпы бейнелеу өнері турасын ой толғамақпыз.
Сурет салуды сүю, өмірді, табиғатты, айнала қоршаған ортаны сүю деуге де болады. Бұл өнер түрі адамның ақыл-ой, парасатын өсіреді, танымын кеңейтіп, ізгілікке, әсемдікке үйретеді. Мұндай өнер иесінің де жаны таза, ізгілікке жақын болатыны түсінікті. Иманбек Рахымбекұлы 1947 жылы дүние есігін ашқан ол ауданға қарасты Жамбыл ауылының  тумасы. Шыққан тегі Жалайыр, Сыпатай. Бозбала шағында Алматы қаласындағы 12 мектепке ауысып, сол кезден-ақ, сурет өнерін тереңдете оқытатын жерлерді іздестіріп, сұрастыра бастайды. Ол кезде Алматы оқушылар сарайы балаларды үйірмелерге тегін қабылдайтын. Мектептегі сабақты аяқтай сала сол сарайға барып, сурет өнерін жан-жақты үйрене бастады. Негізі адамға бір нәрсені толық игеру үшін алдымен сол жасап жатқан нәрсесін жақсы көру керек деп жатады. Иманбек ағамыздың бос уақытын текке өткізбей күні-түні суретке арнауының, оның қиындығы мен күрделілігіне қарамастан тастап кетпеуіне бірден-бір себеп осы ісінен ләззат алатындығында. Сол үшін де (сол кездегі КасПИі) қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Көркем-сурет» факультетіне түсіп, оны 1970 жылы бітірген.  Ол кезде сурет факультеті республика бойынша тек Алматыда болатын және ол тек осы оқу орнындағы бір ғана факультет еді. Қатысушы талапкерлер еліміздің барлық өңірінен ағылатын. Ал өз ісін қатты ұнатқан болашақ суретші осы факультетке түсу үшін суреттен басқа физика, тарих, әдебиет сияқты 6 саланы меңгеріп, іріктеу турдан өтті. Қатарластарынан оза шауып, өзі қалаған саланы жоғары деңгейде меңгеріп шықты. 
Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы деген халық даналығына жүгінсек, Иманбек ағаның ұстазы қазақ ұлтының тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеев еске түседі. Өзінің дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймай, туған жерімен өскен елін перзенттік махаббатын қылқаламның ұшымен бейнелеген ұлтымыздың біртуар ұлы суретшісі Ә.Қастеевтің төл шәкірті болу екінің бірінің маңдайына қона бермейтін бақыт екені даусыз.
Өзі білім алған ұстаздары жайлы тебіренген қылқалам шебері біраз дүниені басын шалды.
- Ол кезде оқыған біздің буын шынымен бақытты еді. Құндылықтар басқа болатын. Мүйізі қарағайдай ұстаздарымыз болды. Солардың білімі мен білігі, тәжірибесі мол болатын. Қазір шығармашылықпен айналысатын азаматтар педагог болуға, жалпы білім саласына баруға ұмтылмайды. Ол кезде басқаша еді барлығы да. Дәріс кезінде бір топ студент отырамыз да бір портретті саламыз. Ұстаз аралап жүріп, әрқайсымызға жеке келіп, білмеген жерімізді үйретіп, дұрыс салмаған тұстарымызды көрсетіп, тіпті өзі араласып кететін. Портретті өзі салып көмектесетін, - дейді шебер.
Білікті ұстаз – білікті ұйымдастырушы
Иманбек Рахымбекұлы 1974-1992 жылдары көркемсурет шеберханаларында суретші, бас суретші болып жұмыс істеді. 1992-2010 жылдар аралығында аудандағы Жамбыл атындағы орта мектепте бейнелеу өнері, сызу пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарды. 1999 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. Қылқаламды өмірлік серігі еткен азаматтың білім беру саласында да өзіндік ойып аларлықтай орны бар. Иманбек Рахымбеков өз пәнін терең білетін, оқушыларға тиянақты білім бере алатын ұстаздардың қатарынан еді. Ол сызу, сурет пәндері бойынша кабинет жабдықтап, оқу бағдарламасына сәйкес көптеген материал, плакат, модельдік үлгі жинақтаған. Аудан мұғалімдері арасында «Сызу және бейнелеу өнері сабағын өткізудің методикасы» туралы өз тәжірибесін ортаға салып, ақыл-кеңесін беріп отыратын. Қылқалам шебері мектептен тыс өтетін аудан, облыс және республика көлеміндегі көрмелерге қатысып жүлделі орындарға ие болды. Иманбек Рахымбековтың қылқаламынан шыққан Балпық би, Ескелді би және Қабан жырау бабаларымыздың портреттері Республикалық Көркем-сурет мұражайының қорында сақтаулы. «Ұстазымның портреті», «Екі мәрте еңбек ері – Н.Алдабергеновтың портреті» және «Туған жер» сериясы бойынша бірнеше туынды Әбілхан Қастеев атындағы облыстық көркем-сурет галереясына қабылданды. Иманбек Рахымбекұлы тек шебер суретші, мұғалім ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекше бағаланды.
Бабалар бейнесін жаңғыртқан суретші
Қандай қызметтерде жүрсе де сурет салумен, шығармашылықпен үнемі айналысып жүрді. Бүгінгі күнге дейін портрет және пейзаж (табиғат) жанрына мүмкіндігінше көп уақытын арнап келе жатыр. Білім саласында жалықпай ұстаздық қызметін атқара жүріп шығармашылықпен айналысып қылқаламынан небір шығарма өмірге алып келді. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында аудан тізгінін ұстаған Н.Қылышбаевтың кезінде Иманбек Рахымбекұлының шығармашылығы өркендей түсті. Тарихи танымы терең, ұлт рухын жаңғыртуды мұрат тұтқан, біркүндік күйкі тірлікпен емес, ұлы мақсаттарды еңсеруге елді жұмылдыра білген Жетісу жеріндегі танымал қайраткер мен қылқалам шебері бірлесіп халық мәдениетінің мәйегі болған тұлғалардың есімін ұрпақ санасында жаңғыртты. Суретшінің қолынан дәл осы кезеңде халықтың көзінен көмескі тартқан асыл бабаларымыз Балпық би, Ескелді би, Қабан жырау, Н.Алдабергеновтердің портреттері шықты. Киелі жердің елі, иелі жердің киелі екенін білдіретін үлкен мерекелерде Көксу жерінің көркем табиғатымен қоса, ел мақтанышы болған азаматтардың портреттері облысымызда өткен көрмелердің төрінен орын алып, бергісі өз ұрпақтарының мақтанышы, арғысы алты Алаштың рухани мирасына, қазынасына айналды. Ғұмырын қылқалам өнеріне арнаған ақсақалдың айтуынша, сурет салудың, бейнелеудің бейнеті өте көп. Әсіресе, портрет жанры өте қиын әрі күрделі дейді. Пейзаж анақұрлым жеңіл келеді екен.

Сурет салудың ерекшеіктері жайында біраз сыр шертті:
- Пейзаж аса қиын емес. Тауды, сылдырап аққан өзенді не жайқалып тұрған ағашты салсаң, оныңды ешкім сынға алмайды. Өйткені, дәл сондай ағаш немесе тау бар ғой. Өзара ұқсастықтарын табуға болады. Ал біздің жұмысымыздағы ең күрделісі ол – адамды салу. Салғанда да айнытпай бейнелеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік. Мәселен, әрбір адамның көздері, мұрны мен қас-қабағы тек соның өзіне ғана тән ерекшелігі саналады. Дәл сіздікіндей ауыз бен мұрын тек сізде ғана бар. Сондықтан мен сіздің бейнеңізді айнытпай салуы үшін осы дүниелерді ескеруім керек. Адам бейнесін, оның жүзіндегі тек соның өзіне ғана тән ерекшеліктерін мұқият зерттеп алып, айнытпай қайталап шығуым шарт. Бұл соншалықты күрделі шаруа. Адамның көз қиығына дейін сәл қате, қылқаламды бір милиметр ғана дұрыс емес тартып жібердіңіз, болды. Ол адам мүлде өзіне ұқсамай қалады. Бізде осындай дүниелер бар, - дейді Иманбек ағамыз.
Жақсылық Үшкемпіровпен жаттыққан
Иманбек Рахымбекұлы спорт саласында да айшықты із қалдырды. Ол бір кездері ұлт намысын ту еткен даңқты балуандар Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев сынды арыстарымыздан жасақталған ұлттық команда құрамында шеберлігін шыңдады. Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровпен бірге боз кілемде бірге жаттықты. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат атанған Рахымбек Иманбекұлы КСРО спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін көтерілді. Ал ол кезде спортта мұндай биік дәрежеге жету екінің бірінің қолынан келе бермейтін жетістік еді. Кеңес Одағының біріншілігінде жеңімпаз атану түгілі, жүлде тұғырына көтерілудің өзі толағай табыс деп есептелді. Қылқалам шебері спорт әлемінде де талай-талай биікті бағындырар ма еді кім білсін? Алайда, сол кезде алған жарақатына байланысты боз кілеммен ерте қоштасуға мәжбүр болды. Жетпістің бесіне аяқ басқан ақсақалдың қимылы әлі де ширақ. Күні бүгінге дейін салауатты өмір салтын ұстанады. Біраз жасқа келгеніне қарамастан талмай еңбек етеді, белсенді өмір сүреді. Жекеменшігіндегі бірнеше гектар жеріне жоңышқа, соя сияқты дақылдар егіп, оны өзі суғарып, өзі баптап, ала жаздай егістік алқабында жүреді. Бұл сөзсіз, ана сүтімен бойына дарыған тәрбие-тәлімінің және спортты серік еткенінің арқасы деп білеміз.
Бүгінде Рахымбек ақсақал өзінің ата-анасы мен өскен ортасы жайында былай дейді:
- Әкем Рахымбек ұлттық қолөнер тері өңдеудің, анам Сарқыт ұлттық ою-өрнек қиыстырып, сырмақ тігіп, түскиіз кестелеудің қас шеберлері еді. Жастайымыздан біздің әулеттің балалары еңбекпен тәрбиеленіп, көргенімізді зердемізге тоқып өстік. Бүгінгі жетпістің желкенінде өткен өмірімен көз салсам, тәуба деймін. Өміріме ризамын! Ұл өсіріп тұлымынан сипадық, қыз өсіріп, құтты ұясына қондырдық. Құдай қосқан қосағыммен ел қатарлы тіршілік етіп жатырмыз.Еңбегіміздің зейнетін көріп отырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ауданымыз абыройлы осыған шүкіршілік етемін.
Түрлі көрменің төрінен орын алған шығармалары құдды бір жанды көрінетіндей. Иманбек ақсақалдың 300-ден аса шығармасы бар. Туындалары қазірдің өзінде де аудан, облыс, республика көлеміндегі көрмелердің төрінен орын тауып келеді. Өз еңбегін жоғары бағалайтын өнер иесі қазір де шама-шарқынша қылқаламды қолына алып жүр екен. Тек кей ағайынның киелі өнерді бағаламайтынына қынжылатынын да жасырған жоқ.
Айтатын ойымыз оқырманға түсінікті болсын деген ниетпен астарлы мысалмен келтірсек, өңіріміз еңбегімен, өнерімен елімізге танымал азаматтарға бай. Олар арнайы қонақ болып шақырылатын арнайы жиындарда әртүрлі суретшілердің қолтаңбасы жасалған суреттері қойылады. Ол суреттерді салушы суретшілердің ішінде Иманбек Рахымбекұлының төл туындылары да мен-мұндалап тұратыны айдан анық. Сол көздің жауын алар суреттердің қатарынан өзін көрмеген ел ағалары ағамызға қолқа салады екен. Ол шыны керек, бүкіл өмірін арнаған ағамыздың айналысатын сүйікті жұмысы. Алайда, еткен еңбек, төккен тер, оны бастан кешпегендер үшін бес минуттық жұмыстай көрінеді. - Алыс-жақын таныстар, туыстар өздерінің портретін салып беруін қолқалайды. Дайын болғанда рахметін айтып, кете барады. Ал бұл қаншама еңбек.Менің уақытым мен көз майын тауысқан алтын уақытымды айтпағанда, бір портретті салу үшін шамамен 50 мыңға дейін қаражат кетеді. Мысалы, портретке жәй бояуларды пайдалануға болмайды. Оның арнайы бояулары бар. Қылқаламды да таңдап, талғаммен алу керек дегендей. Осындай шығындары бар біраз. Сондықтан кейінгі кездері еш  қысылмай өтініш жасағандарға «Ең болмаса шығынымды бағалаңдар» дейтін болдым. Оның үстіне қазір көз жанарым да талатынды шығарды. Сурет салу адамның көзін жеп жіберетін күрделі жұмыстың бірі ғой, - дейді Иманбек ақсақал.
Суретші ағамыздың еңбегі ілуде бір кездесетін асылдың сынығындай бағалы мамандық. Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады дегендей, оқығаны мол, еңбектің дұрыс бағасын білетін адамдар ілуде бір болса да табылып жатады. Бұл өнерін бағалап, ат мінгізіп, шапан жапқан асыл ерлеріміз де жоқ емес. «Ән айтсаң да, жаныңды салып айтасың» дейтіндей сурет салудың да үлкен өнер екеніне дау жоқ. Ғұмырын осы салаға арнаған ақсақалмен әңгіме барысында осыған толықтай көзіміз жетті. Иманбек Рахымбекұлы Құдай қуат берсе әлі де қылқаламды қолыма алармын деп отыр. 
Асылдың сынығы, көненің көзі болған Иманбек Рахымбекұлы биыл жетпіс бес жасқа аяқ басты. Кезінде ауданның  бірінші  басшысы болған,  ұлт  руханиятының  майталманы Тынышбай Досымбеков  аға: –  Саналы  ғұмырымда  қаншама   ел мен  жерді басқарып  жүрсемде  Көксудай  киелі  жердің  табиғатымен  қоса  өнерлі  халқына  басымды  иемін.  Халқының  саны аз,  жер  көлемі  шағын  болса да  алтын  асықтай ауданға  саф  алтындай өнер  иелерінің  бәрі  осында  жиналыпты  дегенді айтып еді.  Иә,  «Ел іші – өнер  кеніші». Халық  айтса қалып  айтпайды. Мақала кейіпкерінің  туындылары суретімен  қоса  суретшінің  қадірін  арттырып,  жазар сөз, айтар ой иірімдерін сурет деген  бекзат  өнердің   тұнық   тереңіне  қарай бойлауға жетелейді.  
 Иә,  сурет бұл  шежіре. Ондаған  ғасырлар бойы бүкіл  әлем тарапынан шашауын  шығармай,  жоғалтпай  жеткізген  бірден-бір куәгер.  Біз  сол  суреттер  арқылы   мыңдаған  жылдар  жемісіндегі тіршіліктің талқысын,  адамзаттың әдет  ғұрпын,  кәсібін,  мәдениетін,  оның  бастан  кешкен  барша  қайғы  мұң мен  таңдай  қақтырар,  тамсандырар,  дәуірлеп  гүлденген  шағын табиғаттың мың  құлпырған  бояуын,  жан-жануарлар  дүниесінің  алуан  түрлілігін   танып  білеміз.  Сурет  салуды сүю,  өмірді,  табиғатты,  айнала  қоршаған ортаны сүю.  Ол  адамның  ақыл-ой,  парасатын   өсіреді,  танымын  кеңейтіп,  ізгілікке,  әсемдікке үйретеді. 
Бүгінде  жасы  жетпіс беске  жетсе де   қол  қусырып  қарап  отырмай  пайға  тиген бірнеше  гектар  жеріне  жоңышқа,  соя  сияқты  дақылдар  егіп,  өзі  суғарып,  өзі  баптап,   жаз  бойына  егістік алқабында  ширақ  қимылдауын    ата-анасының  еңбекқорлығымен  келген  тәрбиесімен  қоса  спортты жанына  серік  еткенімнің  арқасы деп  білген  ағамыз: – Әкем Рахымбек    ұлттық  қолөнер  тері  өңдеудің,  анам Сарқыт  ұлттық  ою-өрнек  қиыстырып,  сырмақ  тігіп, түскиіз  кестелеудің  қас  шеберлері   еді.   Жастайымыздан біздің  әулеттің  балалары  еңбекпен  тәрбиеленіп,  көргенімізді  зердемізге  тоқып  өстік.  Бүгінгі  жетпіс бестің  желкенінде  өткен  өміріме  көз  салсам,  тәуба  деймін.  Өміріме  ризамын.  Ұл өсіріп  тұлымынан  сипадық,  қыз  өсіріп  құтты  ұясына  қондырдық.   Құдай  қосқан  қосағыммен  ел  қатарлы  тіршілік  етіп  жатырмын. Еңбегіміздің  зейнетін  көріп  отырмыз.  Еліміз  аман.  Жұртымыз  тыныш.   Ауданымыз  абыройлы.   Осыған шүкірлік  етіп, тәуба   келтіремін  деп жүрген Қазақстан суретшілер  Одағының  мүшесі, Көксу  ауданының  Құрметті  азаматы  Рахымбеков  Иманбек  Рахымбекұлының  ортамызда жүргені үлкен абырой, зор құрмет.
Санаулы ғұмырын саналы басқара білген, бүтіндей бір ғылымды игеріп, оның тұңғиығына сүңги алған Иманбек Рахымбекұлының әлі де болса атқарар істері жетерлік. Осындай бекзат өнер иесінің бағасын біліп, өзіне лайықты құрметін көрсете білсе, ағамыздың көзі тірісінде сурет мектебі ашылып, төл шәкірттерін тәрбиелеу жолға қойылса, бұл біздің мемлекетіміздің рухани жаңғыру жолындағы болашаққа бағдарын айқын басып, дұрыс қадамдар жасауының алғышарты болар еді. Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді дейді емес пе. Әрине, еліміздің біртуар суретшісі Әбілхан Қастеевтің көзін көрген, тәлімін алып, тал бойына сіңірген Иманбек Рахымбекұлы ауданымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы, біруар суретшісі. Жылдар өтеді, адамдар ауысады, бірақ өнер ешқашан өлмейді. Қолда бар алтынның қадіріне жетер азаматтар болса, Иманбек ағамыздың еңбегін бағалап болашақ ұрпағына үлгі етер болса нұр үстіне нұр болары хақ.  Иә,  расында  ел іші – өнер  кеніші,  ортамызда  жүрген   жақсы  адамдар  көп  болсын.  

Меруерт РАХМИШОВА

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.