
Халқымызда «Жақсы бала ойлағыш,
Жаман бала тойлағыш» немесе «Баланың ойнағанына қара, қазанның қайнағанына қара» деген аталы сөз бар. Қанша жерден дамыған ғылымға ерсекте, бала тәрбиесінде атадан қалған асын сөздерді ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ұлағатты сөздер өмір тәжірибесі, өткеннің ізі. Мәселен, мектеп жасына дейінгі балалар үшін тағылымды тәрбиеден тыс, ойынның да ролі айрықша болмақ. Балалар үшін ойын еңбек, ойын тәрбиелеуді ең мықты формасы. Сондықтан, мектеп жасына дейінгі балалар үшін дұрыс ойынның балаға берері зор.
Ойын - бала әрекетінің негізгі түрі. Ол бала тілінің дамуына ықпал етіп ғана қоймай, айналаны тануға деген белсенділігін арттырады. Баланың білімге құштарлығы, сөйлеуі ойнай жүріп қалыптасады. Ойындар баланың жас ерекшелігіне қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті-рөлді,, дидактикалық, құрылыс ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар т.б. болып бөлінеді.
Ондағы мақсат, баланың әлеуметтік белсенділігі мен жеке тұлға болып қалыптасуына жол көрсету және жетілдіру, өз әрекетін серіктесінің іс-әрекетімен үйлестіре білуін қадағалау арқылы балалардың ортамен болған ынтымақтаса білуді үйрету. Бірге ойнау барысында, достық пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруына, құштарлық пен танымдық қабілеттіерін жетілдіруге күш салу.
Сонымен қатар әр баланың ойынды өз ойынша құрып, ойлаған ойын іске асыруына жетекшілік ете жүріп, өзін ойын желісі мен ережесіне сәйкес ұстауды үйрету арқылы жеке шығармашылық қабылеттеріне үңілу. Балалардың өсіп келе жатқан ортасында тіршіліктің жағымды жақтарын бақылауына көмектесу.
Жалпы алғанда ойын –адамзат мәдениетінің бірегей феномені, өмірдің бастауы, қайнар көзі мен көздеген шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойынды оқытқан өте дұрыс шешім, ол баланы дамытады, тәрбиелейді. Сондықтан да, қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?»- деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.
Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, ұлы бастама.
Болашақ тұлғаның дене құрылысы ойын арқылы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Ойын арқылы тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық,белсенділік қасиеттер қалыптасады.
Демек, ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге дайындалады.
Мақпал Құрманғали,
«Жұлдыз» бөбекжай-
балабақшасының
тәрбиешісі.