Тазалық баршаға ортақ. Кінә кімнен?
Күнделікті көріп жүргеніміздей, өмірдегі өзекті мәселенің бірі – тазалық. Себебі, тазалық – өмір айнасы, иманның жартысы. Ол болмаған жерде бейберекетсіздік еңдеп, қоғамда қауіпті жағдайлар орын алып, адам денсаулығына зиянды факторлар пайда болуы ғажап емес. Бұлай деуімізге Қытай елінде тараған «коронавирус» себеп болуда. Яғни тазалық сақталмаған жағдайда инфекциялық түрлі ауру-сырқау тарайтынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан санитарлық жұмыстардың жүйелі жүргізілуінің мәні осында. Бұл – бір. Екіншіден, тұрмыстық қатты қалдықтар кез келген жерде шашылып жатса, көшенің де көркі қашады. Ауыл, елдің сәні бұзылады.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген ұғымды әкеміз бен анамыз қаршадайымыздан-ақ санамызға сіңірді. Бұл біздің отбасымыз үшін ғана емес, Отан алдындағы азаматтық міндеттің ажырамас бөлігі екенін бәріміз жақсы білеміз. Күнделікті есіктің алдынан бастап, қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орынға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналған. Әжелеріміз «Лас жер – жын-шайтанның мекені. Отырған, жүрген жерлеріңді таза ұстаңдар. Айналаңа қоқыс тастама» деп отыратын. Жарықтықтар адам қажеттілігін терең философиямен жеткізіп кеткен екен-ау. Біз осынау тақырып арқылы атқарылар істердің берекесін келтіру жөнінде толғамақпыз. Қандай істе және қай жерде береке бар? Әрине, таза жерде, таза орында, тазалықтан. Сондықтан аудан аумағының тазалығын бір сүзіп өткен болатынбыз. Аудан орталығында орналасқан көшелердің тазаланғаны, қоқыс салынатын контейнерлерді босату жұмыстары жүргізілгенін көріп, көңіліміз орнына түскендей болды. Округ әкімі Қуат Күзбаев бір сұхбатында «Жыл сайын округті көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тазалық мәселесін де күн тәртібінен түсірген емеспіз. Алайда, халықты қоқыс тастау мәдениетіне бейімдеу керек. Арнайы қоқыс жәшігіне салынуға тиісті қоқысты жетер-жетпес лақтырып тастай салатын тұрғындардың іс-әрекеті жұмысымызды жоққа шығаруда. Тазалықты әркім өзінен бастаса» деген болатын. Балпық ауылының тұрғыны Берікбай Әлиасқаровтың айтуынша, түнгі мезгілде көлікпен келіп, әр жерге қоқыс төгіп кететіндер бар көрінеді. «Дәл үйіміздің тұсында орналасқан көлдің табаны қалдыққа толған. Жаз болса сасыған иіс үйге қарай келеді. Сасыған иіс қоңқаны алады» дейді ол. Бұл қоқысты бейберекет тастамай, тазалық жұмысын жіті жүргізу жеңіл-желпі қарайтын іс емес. Жалпы ауыл әкімі орталығымыздың көріксіз келбетіне тұрғындардың іс-әрекеті себеп десе, халық контейнердің жоқтығын алға тартты. Осы кезге дейін аудан тұрғындарын тазалық сақтауға үндеп, бірнеше рет мақала жазған болатынбыз. Сонда кінә кімнен? Әкім халыққа, халық әкімге ысырып салған тазалық жұмысы осыдан соң жүйелі жүргізіле ме? Еңбекке құлықты есебін, құлықсыз себебін табадының кері емес пе бұл?
Айгүл АЙМАНБЕКОВА.