
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп һәкім Абай атамыз бекер айтпаса керек-ті. Шәкірттеріме «білгенімді үйрету – парызым әрі мақсатым. Жан-жақты ойлай алатын білімді жас жеткіншектерді тәрбиелеу. Осы мақсат жолында өзімнің күш жігерім мен уақытымды сарп етемін»– деп өзіне серт беріп, ұстаздық жолды таңдаған жанның бірі – Илиясова Райхан Адамбекқызы.
Райхан Илиясова - 1994 жылдың 14 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Атамекен ауылында дүниеге келді. Сол ауылдағы мектепті үздік бітіргеннен кейін, 2011 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсіп, биология мамандығына ие болады. Қорғаған дипломдық жұмысы – тез тағайындалатын тағамдардың адам ағзасына әсері тақырыбында болды.
2017 жылы ауданымызға қарасты Жетіжал орта мектебіне жастар практикасы арқылы биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, бүгінгі күнге дейін атқарып келеді. 2020 жылы география мамандығы бойынша қосымша жоғарғы білім алып, биология және география пәндерінен сабақ беруде.
Білім беруде біліктілігін арттыру мақсатында көптеген курстарды оқыды. Соның ішінде ағылшын тілі курсын тәмамдап, қазіргі таңда оқушыларға биология пәнін ағылшын тілінде оқытуда.
«Әлемдегі қазіргі білім беру үрдістерінің талабына сай, қашықтықтан оқыту жағдайында білім беру технологияларына сүйене отырып, мен өз тәжірибемде сандық карталар, электрондық платформалар, бірлескен ғылыми жұмыстар және тағы басқа ресурстарды пайдалана отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамытуға жаңа әдістерді кеңінен қолданудамын. Педагогикалық жетістіктеріме келетін болсақ, 2020 жылы облыстық «Туған ел тарихы» байқауында шәкірттерім II орынды иеленгені үшін жетекшісі ретінде облыстық білім басқармасынан алхыс хат, 2020 жылы «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы аясында халыққа қолдау көрсетуге ерікті ретінде ат салысқаны үшін аудан әкімінен алғыс хат, 2020 жылы аудандық білім бөлімінің басшысынан құрмет грамотасы, 2021 жылы аудандық «Әр географ-өлкетанушы» жобасы аясында «Өлке топырағы» атты байқауында II орын, 2021 жылы аудандық «Әдістемелік шеберхана» байқауында II орын, 2021 жылы «Жылдың үздік мұғалімі-2021» байқауының аудандық кезеңінде I орын және облыстық кезеңінде «Шығармашыл ұстаз» номинациясын иелендім, - дейді жас ұстаз.
Бүгінгі күні республикамызда білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Оның негізгі факторы жаһандану үдерісіндегі білім беру саласында жаңа модельдердің дүниеге келуі, білім беру үдерісінің ақпараттандырылуы болып табылады. Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды. Мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар, оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт беруші болып саналады. Отандық білім беру ұйымдарында білім мазмұнын жаңарту барысында қазіргі өмірде кең ауқымды дағдыларға көп көңіл бөлінуде.
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсекеге жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Мұндай бағыттар нағыз ұстаздың қолынан келеді.
ХХІ ғасырдың ұстазы қандай болмақ? Әрине, кәсібінің майталманы үшін осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да белгілі. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін адамға тән қасиет.
Жаңартылған оқу бағдарламасының, оқу материалдарының тақырып бойынша және сынып бойынша күрделенуі, Блум таксономиясы бойынша оқыту мақсаттарының иерерхиясы, сонымен қатар, пәнаралық байланыстардың жүзеге асыру барысында «ортақ тақырыптардың» болуы, оқу процесін ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарлар түрінде технологияландырылу болып табылады.
Егер, әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені, қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», – деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Ұстаз бойында дүниетанымдық көзқарас, қызметке бейімділігі, кәсіптік білімі мен біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілет, заманға сай жаңашылдық болуы керек. Осындай даралық қасиеттер болса, бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені – өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде ұстаздың еңбегі зор. Құрметті кәсіп иелерінің төл мерекесі қарсаңында ауданға қарасты мектептер арасында үздік ұстаздарды анықтайтын «Жылдың үздік мұғалімі-2021» байқауы ұйымдастырылды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, қатарластарынан оза шапқан Жетіжал орта мектебінің намысын қорғаған Райхан Адамбекқызы барлық кезеңдерде үлкен дайындықпен келгенін көрсетіп, үздік атанды. Сыныпта талай баланы білім нәрімен сусындатып, талай шәкірттің бойына ең игі адамгершілік қасиеттерді дарытып келе жатқан жас ұстаз, «Үздік ұстаз - 2021» байқауының Бас жүлде иегері: Бұл жеңіс – менің еңбегімнің нәтижесі. Оқушылардың табысы - ұстаздың табысы. Жалпы осындай конкурстар ұстаздың шығармашылығын жетілдіреді. Оған рух береді. Шәкірттерге білім беру үшін барлық жағдай бар. Барлық техника бар. Сондықтан осыны пайдалана білу керек. Интернет желісі бар. Барлық оқушыларға қосымша білім алуға мүмкіндік бар,-деп есептейді.
Тәрбие – білімнің бастауы. Адамға ең бірінші білімнен бұрын тәрбие берілу керектігін ұлы данамыз әл-Фараби айтқан болатын. Осы орайда, мұғалімдік қызметімен қатар, «Елбасы медалі» жобасында тәлімгер қызметін атқаруда. Ондағы мақсаты – оқушыларға білім берумен қатар, алдарына мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін жоспар құрып, еңбектенуге үйрету және де балалардың әр түрлі қабілеттерін ашу.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демейді ме дана халқымыз… Ұстазынан үлгі-өнеге алып, биік белестерді бағындырып келе жатқан шәкірттері де аз емес. 2020 жылы облыстық «Туған ел тарихы» байқауында шәкірттері II орынды иеленгені үшін жетекшісі ретінде облыстық білім басқармасынан алхыс хат; 2020 жылы «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы аясында халыққа қолдау көрсетуге ерікті ретінде атсалысқаны үшін аудан әкімінен алғыс хат; 2020 жылы аудандық білім бөлімінің басшысынан құрмет грамотасы, 2021 жылы аудандық «Әр географ-өлкетанушы» жобасы аясында «Өлке топырағы» атты байқауында II орын; 2021 жылы аудандық «Әдістемелік шеберхана» байқауында II орын; 2021 жылы «Жылдың үздік мұғалімі-2021» байқауының аудандық кезеңінде I орын және облыстық кезеңінде «Шығармашыл ұстаз» номинациясын иеленді.Оқушыларының жетісіктеріне тоқталсақ: «Еріктілер жылы» аясында Серікқызы Күнай – облыстың «Ең үздік ерікті» номинациясын; Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық онлайн олимпиадасында география пәнінен Қызайбай Қайратжан, Тұрсынбек Еділбек – I орын, Мұқият Ләззат, Сарсимбек Айгерім, Сламжан Рафхат – III орын, Санатова Жанель, Шакуадин Айгерім, Сагадиева Дамира, Әбілқасым Ернияз – II орын; «Ақбота» интеллектуалдық марафонында Нара Батыл – II орын, Мадина Мейрамбекқызы, Фархат Асхатұлы – III орын; Аудандық ғылыми жобалар байқауында биология секциясы бойынша Түйешібай Сания – сертификат; «Байтақ ел» экологиядан республикалық қашықтық олимпиадасында Бақашұлы Жәнібек, Абдықадыр Манас, Ибенабес Сайлау – II орын алды.
Бүгінгі ақпарат заманының талабы кез-келген адамды көп қырлы болуға тәрбиелейді. Сүйікті жұмысын жеке өмірімен ұштастырып жүрген Райхан отбасында үлгілі жар, бақытты ана. «Тұрмыстамын, екі баланың анасымын. Жолдасым, Кулдасов Диас Салимұлы – белгілі күйші-композитор, экономист, мемлекеттік қызметкер. Өз анам, жолдасымның анасы, әпкем, барлығы – үлгілі ұстаздар. Бос уақытымызды балаларымыздың тәрбиесіне, оларға қосымша білім беруге жұмсаймыз. Біздің отбасымыздың ұстанымдары – білімге талпыну, қажырлы еңбек ету, үлкенді құрметтеу, жақсылық жасау, салауатты өмір салтын ұстану, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау. Алға қойған мақсатым – бәсекеге қабілетті, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеу»- деген өз ұстанымдарын да жасырмады.
Облыста өткен «Үздік ұстаз» байқауында ұйымдастырушылардың Алғыс хатымен және «Шығармашыл ұстаз» номинациясымен марапатталды.
Түйін. Бұл ұстаздық жолын ұлы мұрат етіп таңдаған Райхан Адамбекқызының осы салада қол жеткізген азды-көпті жетістіктерінің баспалдағы ғана деп білеміз. Алдағы уақытта да тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу жолында көптеген істер атқаратынына сенім мол.
Меруерт РАХМИШОВА,
Жетіжал ауылы.