«Ұстаз» – құрметті сөз. Ол – ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлт-санасын қалыптастырушы, адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбие нұрын төгетін, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам. Шәкірттерінің бойына жақсы қасиеттерді дарытып, олардың рухани дүниесін байытады, дұрыс жолмен жүруге дайындайды, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.
Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді. Халықтың «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейтіні де сондықтан.
Отанымыздың болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, білім мен асыл қасиеттерді болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратуға бастатушы, жаңашылдықтың бастаушысы, қоғамды өркендетуші, ертеңгі тізгінді ұстайтын ұрпақ тәрбиешісі өте жауапты мамандық иесі. Біз осы мақтау сөздерге лайық болуымыз керек. Мұғалім бақыты – шәкірт құрметі екені даусыз. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік.
Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Ұстаздар жайында Әл-Фараби атамыз «Ұстаз .. алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ , жұрттың бәріне де жақсылық пен ізгілік көрседі» деп ұстаз дәп тұлғасын айтып кеткендей. Ал, қазіргі заман мұғалімінің тұлғалық белгісі – ой-өрісінің кеңдігі мен оның ауқымды дүнетанымы, меңгерту шеберлілігі, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу. Мұғалімнің сөнбеуі, кәсіби шеберлілігінің шыңдалуы іздемпаздықпен жүзеге асырылуы тиіс. Ендеше, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.
Менің ұстаздық жолыма түсуіме бірден бір себеп – өзімнің ұстаздарым, және де соларға мың тағзым жазаймын, сөзі маржан, үні ән ұстаздарымның бар болғанын мақтаныш етемін. Қазіргі өзім жұмыс жасайтын Талапты орта мектебі өзімнің алғаш білім нәрін сусындап, таудай болып шыққан ұям болғандықтан толғанысым ерекше, өзімді өсірген ұстаздарымның ортасында өзімде армандаған ұстаздық мәртебеге ие болып жүрмін. Өз мектебімнің, шәкірттерімнің алға өрлеуін қолдаймын. Әрине мақтанамын! Ұстаздарыма алғысым шексіз.
“Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау” деп Жан-жак Руссо айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Осы ретте, өзімнің ұстаздарымды және өзімнің барша әріптестерімді келе жеткен ұстаздар мерекесімен құттықтаймын.
Мақсат Отепов,
Талапты орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі.