ӘЛЕУМЕТ

Абзал азамат, жігіттің төресі еді

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 12.10.2021
Оқылды: 1350 Печать страницы
Абзал азамат, жігіттің төресі еді

Қамшының сабындай ғана, қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмір-ай десеңші, бір күні шорт үзілетінің баршаға мәлім. Әрине, «Тумақ бар да, өлмек бар» дейді шариғат сөзі. Бірақ, бұл сөзді жақсы адамға қарата айтқанда, қабырғаң қайысып, ортаң ойсырап, жан дүниең қайғыдан қан жылап тұрады екен. Сондай жанның бірі о дүние түгілі, өкпеге қимайтын, көзден кетсе де көңілден кетпейтін, білімді және білікті, адамгершілігі зор, қимас жан – Құдайбергенов Тыныштық ағамыз.
«Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады» деген екен Асан қайғы бабамыз. Сол айтқандай қолыма қалам алып, естелік жазуыма себеп болғаны – ағамыздың жете алмай кеткен мерейтойы. Ортамызда болғанда Тыныштық ағамыз биыл 70 жасқа толар еді…
Құдайбергенов Тыныштық ағамыз Алматы облысы, Көксу ауданы, Мұқыры ауылында 1951 жылы 5 қазанда дүниеге келген, 1969 жылы мектеп бітіргеннен кейін Қазақтың ауылшаруашылық институын ғалым-агроном мамандығы бойынша 1975 жылы тамамдады. 1975-1978 жылдары Жетіжал қой совхозында аға, бас агроном болып қызмет атқарды. 1978-1982 жылдары Қазақтың ғылыми-зерттеу егіншілік институында оқыды. 1982-1998 жылдары осы аталған мекемеде агроном, аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. Осы аталған жылдары Талдықорған өңірінде бидайдың отандық жаңа сорттарын сынақтан өткізуде және оны өндіріске енгізуге айтарлықтай еңбек сіңірді. Осы тұрғыда студент кезінде білім алумен бірге ғылыми жұмыстармен шұғылданып, ғылыми тәжірибелік конференцияларда баяндамалар жасап, мақалалары ғылыми журналдар мен ғылыми еңбектер жинағында жарық көрді. Тыныштық ағамыз өмірінің соңғы жылдары «Ғалым» элиталық тұқым шаруашылығының басшысы болып еңбек етті. Ағамыз басқарған шаруашылық жаңа тұқымды өсірумен қатар, жаңа технологияларды да өндіріске енгізіп отырды. Бұл ретте Мексикалық әлемге танылған ғалым доктор Кен-Сайремен бірге жұмыс жасап, Халықаралық бидай дақылын асылдандыру орталығымен (СИММИИТ, ГТЦ) және осы сияқты жобалармен жұмыс жалғасын тапты.
Тыныштық ағамыздыдың басқа қырынан танитын болсақ, әуесқой сазгер ретінде бірнеше әндер мен күйлердің авторы. Атап айтсақ атақты ақын Тұманбай Молдағалиевтың сөзіне жазылған «Келші қалқам», «Көңіл көші» әндері, Көксу ауданының тумасы, ақын Зайда Елғондинованың сөзіне жазылған «Жар туралы баллада»,  халық ақыны  Қалқа Жапсарбаевтың сөзіне құралған «Гүлденген елім», «Нақыл» әндері және «Қалқа туралы толғау» күйі ақынның 100 жылдық мерейтойында орындалды. Қазақтың біртуар азаматы, атақты композитор Нұрғиса Атабайұлы Тілендиновке 1986 жылы көзінің тірісінде бірінші болып «Асыл аға-Нұр аға» - деп күй арнады. Ол кісі өз құлағымен естіп, ризашылығын білдіріп, батасын беріпті. 2003 жылы Мұқан Төлебаевтың 90 жылдығына арналған әуесқой композиторлар шығармалары байқауының лауреаты және осы байқаудың бұдан кейінгі жылдары да бірнеше дүркін лауреаты болды. Шығармалары облыстық «Халық шығармашылығы орталығы» шығаратын «Жетісу композиторларының әндері» атты Журнал жинағында жарық көрген.
Тыныштық аға – атына заты сай азамат еді. Ол кісі бір қарағанда сөзге сараң және кезкелген адаммен әңгіме құра қоймайтын тұйық сияқты көрінетін. Ал шын көңілмен, адал сеніммен, ақ көңілмен араласа кетсең, оның шынайы бейнесіне, керемет ке묬бетіне көзің жетеді, көңілің тоя¬ды. Сәл тілін тауып, әңгімеге тарт¬¬саң, шаруашылық ісін былай қойғанда, тарих, шежірені майдан қыл суырғандай қылып баяндай жөнеледі. Кейде, жылдың қай мез¬гілінде де науқандық жұмысы үзіл¬мейтін шаруашылық ісінен уа¬қыт тауып, соның бәрін қайдан оқып-білген деп таңқалатынмын.
Тыныштық аға отызында біліммен орда бұзса, қырқында қайратымен қамал алып, елуінде ел ағасы, алпысында ақылшы ақсақал, жетпіске жақындағанда ортада ойын анық, ашық айта алатын аптал азамат бола білді. Қашанда басын тік ұстап жүрді, тіке сөйледі, жүзін де, көзін де төмен түсірген жоқ. Ары таза, ұятынжоғалтпаған, намысқойадамғанасолайістейалады.
Осындай абзал азамат, нар тұлғаның шаңырағының сәні мен мәнін кіргізген өзіне лайықты асыл жары бола білген, аяулы ана, сүйікті әже Қадиша тәтеміз әйел затының сұңғыласы деуге лайық. Дана халқымыз «адам өмірде екі жағдайда адасуға болмайды» деген екен. Бірі – мамандық таңдауда, екіншісі – жар таңдауда. Тыныштық аға осы екі таңдауда адасқан жоқ. Таңдаған мамандығы өміріне азық болса, Қадиша тәтеміз өмірлік темірқазығы бола білді. Білімді де, білікті екі жас құрған одақ берекелі отбасына айналды. Екеуі тату- тәтті береке-бірлікте өмір сүріп, өмірге сайдың тасындай ұлдары Дидар, Дархан, Дастан және Ақтоты атты қыз балалары дүниеге келді. Ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып Аружан, Нұрмұхамед, Әлихан, Әмина, Төре, Айша, Шыңғыс, Нұркелді, Ақжүрек, Мұстафа атты немере, жиендер сүйді.
Балалары білімді, тәрбиелі, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүрген ел азаматтары болып өсті. Дидар – жеке кәсіпкер, Дархан Көксу ауданының  аумақтық инспекциясының басшысы, Дастан әке жолын жалғап «Ғалым» шаруа қожалығының тізгінін ұстады.
Кеше ғана ортамызда жайраңдап жүрген, көңіл төрінде азаматтық келбеті сақталған, бала-шағасы, туған-туыстары мен құдалары және достарына шапағатын тигізіп жүрген кезінде кенеттен  2019 жылы маусымның17 жұлдызында мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Ардақты азаматтың ғұмыры келте болғанымен, тұғыры аласарған жоқ. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп ұлы хакім Абай айтқандай, ағамыз әлі де жүрегімізде мәңгі болады. Себебі, «қызы бардың ізі бар, ұлы бардың өзі бар» дегендей, артында сене алар ұлдары, ізін жалғар қызы, асыл жары Қадиша тәте бар.
Тыныштық аға тірі болғанда биыл 5 қазанда 70-ке толған  тойын өткізер еді. Бірақ, бұл той туған туыстарының маңдайына жазбады. Дегенмен, ол тұғыры биік, нар тұлға, нағыз қазақ, кісілік пен кішіліктің тізгінін тең ұстаған абзал азамат! Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына өмір берсін, отбасы аман болсын деп тілеймін.
     Асқар Алпысбаев.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.