ӘЛЕУМЕТ

Төскейді төлге толтырып

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 12.10.2021
Оқылды: 1351 Печать страницы
Төскейді төлге толтырып
Бейбіт қоғамда бейнетшіл пендеге қандай кәсіппен айналысамын десе де қолайлы жағдай жасалған.  Тек ниет пен тәуекел керек. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түлік соңына түссеңіз де, дүкен ашып саудамен айналысамын десеңіз де, ешкім бетіңізден қақпайды. Керісінше, мемлекет тиімді жобалар ұсынып, несие беруде.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауылда іске асырылатын кәсіптің барлық түріне төмен пайызбен несие береді. Несиелендіру мерзімі 6,5 жылға дейін. Кәсіп бастағандарға жеңілдік мерзімі қарастырылған. Кепілдікке ауылдық жерлердегі мүлкін де қоюға болады. Бір сөзбен айтқанда, несие алудың шарттары жеңіл, талаптары қиын емес. Ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына мемлекет барынша қолдау көрсетеді. Ауданымызда мемлекеттің қолдауы арқылы өз істерін ашқан бірқатар кәсіпкерлер бар. Мәселен, 2020 жылы-174 млн 600 мың несиені 48 адам алса, 2020 жылдың он айында 61 адамға-193 млн 950 мың теңге берілген. Мамандардың айтуынша жыл соңына дейін тағы 50 млн теңге қаражат кәсіп ашқандарға берілмек. 
Қазақ халқы әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кең байтақ даласының шөбі шүйгінді, жері құнарлы. Төскейін төрт түлікке толтырып, ел ырызығын еселейтін ауыл шаруашылығының берік тағаны – мал шаруашылығы. Сондай-ақ, халықты азық-түлікпен, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз етеді.
Көшпелі қазақ халқы жазда жайлауға, қыста қыстауға қарай қоныс аударып, мал жаюға ыңғайлана өмір сүрген. Ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, жесең – ас, кисең – киім, төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан. Соңғы жылдары қайта қолға алынып отырған мал шаруашылығы еліміз алғаш нарықтық қатынасқа көшкен тұста құлдырауды бастан кешкен еді. Дегенмен, бүгінде болашағы зор бұл саланы жандандыруды жолға қойған жобалар жеткілікті. Ауданымызда 447 мың 816 га астам жайылымдық жерлер барын ескерсек, отандық мал шаруашылығын дамыту да, арзан ет өндіру де өз қолымызда екендігіне көз жеткіземіз. Бүгінгі таңда «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сынды тағы басқа бағдарламалар жемісін беруде.
Бұл бағыт біздің ауданымызда да кенже қалған жоқ. Жыл санап кәсіпкерлердің қарасы көбейіп келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қарқынды даму байқалады. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке тоқталар болсақ, мүйізді ірі қара –     56 924 бас, қой мен ешкі –   227 314  бас, түйе –   199, жылқы – 22291, құс – 30877 басты құраған. Мал шаруашылығы саласында серпін бары байқалып-ақ тұр. Үкімет тарапынан қолдау тапқан тиімді бағдарламалар халықтың ата-кәсіппен айналысып күн көруіне, адал еңбекпен нәпақасын табуына үлкен мүмкіндіктер туғызуда. Ет, сүт бағытында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер де жетерлік. Бүгінгі таңда мал бордақылау орнын ашқан  шаруа қожалықтары, сондай-ақ,  шұбат, сиыр сүтінен құрт, айран, қаймақ сынды өзіміздің өнімдермен аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтар да жетерлік.
Кәсіптің көзін тауып, ісін өрге домалататын еңбекқор адамдар жайлы газетіміздің әр нөмірінде жазып келеміз. Бүгінгі кейіпкеріміз Мұқыры ауылының тұрғыны,  Қабылжаппар Үйшін мал шаруашылығымен айналысып, кәсібінен нәсібе теріп отырған жан. «Туған жер-тұғырың», «Туған жерге-туың тік» демекші Үйшін  ҚХР-нан ата жұртқа аңсап жеткен бауырларымыздың бірі.  Елге оралған соң қол қусырып қарап отырмай, қолда бар азын-аулақ қаражатқа қора-жай салып, ірі қара мал сатып ел қатарлы өз тіршілігін бастап кетеді. Осылайша ешкімге алақан жаймай баспаналары тұрған жерді тиімді пайдаланып, мал басын өсіруді көздейді.  Десек те, қысқа жіп күрмеуге келмейтіні сияқты, қаражат тапшылығы ойға алған қыруар істі жүзеге асыруға қолбайлау болғаны да шындық.  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры туралы жаңалықтардан естідік. Жұмыспен қамту орталығына барғанымда  ол жердегі мамандар жаңа кәсіп ашқысы келетіндерге берілетін барлық жеңілдіктерді түсіндірді. Тіпті кәсібіңді тұрақты табыс көзіне айналдырып алғанша жеңілдік мерзімі барын түсіндірді. Бизнесті қалай бастаймын деп сенімсіздікпен келген азаматтарға бұл үлкен қолдау. Тағы бір ерекшелігі кепілдікке алатын мүлік ауылдық жерде болса да шектеу қойылмайтындығы қызықтырды. Біз үшін несиенің 6 пайыздық мөлшерлемемен берілетінінің өзі үлкен жеңілдік болды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 6 пайыздық жеңіл несие алдым. Мемлекеттің жәрдемі қолға тиген соң  4 млн теңгеге 11 бас сиыр алып, Үкіметтің елге берген үлесін кәдеге жаратып, еңбекті бастап кеттім. Мал – баққанға бітеді. Қазақ халқы қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан. Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған ата кәсіппен шұғылданғандардың ырысы мол. Сондықтан, мал шаруашылығымен айналысқанды жөн санадық. Оның үстіне 3 топ мүгедектігімде бар. Бір көзім өте нашар көреді.»,-дейді кәсіпкер.
2021 жылдың шілде айында кәсібін бастаған кәсіпкер  мал бордақылау жұмысын алға қойып, етін сатумен айналысады. Сонымен қатар, сауын сиыр да бар көрінеді. Одан өндірілетін сүт, құрт, май өнімдерін Балпық ауылына әкеліп, дүкендерге өткізеді. Кейіпкеріміздің еңбекті сүйетіні, алға қойған мақсатқа жету үшін әрбір істі бағамдап, икеміне қарай еңбек етуді басты ұстанымына айналдырғанын сөзінен байқадық. 
 «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының мақсаты - шағын несие беру арқылы адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуға және жаңадан кәсіп ашамын,  кәсібін кеңейтемін дегендерді ынталандыру. Сайып келгенде, бұл еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамуына даңғыл жол ашады. Сонымен қатар,   Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тек мал шаруашылығына ғана емес, ауылда іске асырылатын кәсіптің барлық түріне 6 пайызбен жеңілдетілген несие береді»,-дейді аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков.
 «Кәсіптің өзін тапқан байлықтың көзін табады» деген қазақ тәмсілі тегін айтылмаса керек. Біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын аңдап, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, белшеден берекеге кенелтетін адал еңбекті тапқан жан. Аудан әкімі кезекті есеп беру барысында екі қолға күрек таппай жүрген ауыл азаматтарын жеке кәсіппен айналысуға шақырған болатын. Әр ауылдан кем дегенде 30 отбасы кәсіпкер атанып, сол ауылдың қажеттіліктерін өтеуге, сондай-ақ, жұмыссыздықты жоюға атсалысуы тиіс деген еді. Ал, енді ғана кәсіп ашып, нәпақасын табуға бекінген жандарға бүгінгі кейіпкеріміз үлгі болуға әбден лайық.
 
Айгүл Айманбекова.
{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.