ӘЛЕУМЕТ

Өнегелі отбасы - мемлекет тірегі

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 12.10.2021
Оқылды: 1576 Печать страницы
Өнегелі отбасы - мемлекет тірегі
«Білім — біліктілікке жеткізер баспалдақ,
Ал біліктілік — сол білімді іске асыра білу дағдысы»
А.Байтұрсынов
Мектеп... Шәкірт...Ұстаз... Осы үш сөз бір арнаға тоғысқандай. Бұл қаламның басы мен ұшы сияқты, егіз жүретін түсінік. Мектеп пен шәкірт... Ал, осы екі ұғымға жан бітіретін құдірет иесі әрине, – ұстаз. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз оның жүрегі» деген тіркес осы сөздерімнің мәнін ұқтырғандай. 
Ұстазды ақылдылық пен көрегенділіктің бейнесі деп білемін. Ұстаз – зор тұлға ол күннің құдіретті сәулесі іспеттес. Барша шәкірттің тұла бойына білімінің биігін сыйлай отырып, қаншама жанның жүрегінен орын алатын, өз өмірін өзгенің болашағына арнайтын ақылдың тозбайтұғын асылы. Бойындағы бар білімі мен ақылы, арман мен мақсаттарын орындай жүріп, шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын бейне де осы – ұстаздікі. 
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтардың бірі ұстаз болу екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Ұстаздық жолын таңдап, осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек ете жүріп, қаншама шәкірттерін қанаттандырған, өз тағдырларын бір арнаға тоғыстырып, өмір өзенінде қатар жүзген қос ұстаздың отбасылық өмірі мен ұстанымдары жайлы қалам шертуді жөн санадық. 
Отбасының тірегі һәм ақылшысы, отағасы  Көлбаев Нұрдәулет Ниетбайұлы 1961 жылдың 15 қазанында дүниеге келген. 1983 жылы І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген. 1986 жылдан бері ауданымызға қарасты мектепке дейінгі шағын орталығы бар Қызыларық орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Санаты жоғары. 2019 жылы аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің кәсіптік оқыту факультетін бітірген. Ауданда өтетін көрмелерге қатысып, жүлделі орындар алып жүрген жайы бар. Халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналып басылған «Бабалар аманаты « кітабында қолөнер бұйымдарын шығарып, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 
Қыдырманова Сандуғаш Қаспақбайқызы 196 жылы 5 шілдеде дүниеге келген. 1979-82 жылдары Панфилов педагогикалық  училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, 1983-88 жылдары Қазақ педагогикалық институтын бастауыш оқытудың педагогикасы мен методикасы мамандығында аяқтайды. 
Бұл бір отбасындағы қос ұстаздың ұстаздық жолға қадам басқан алғашқы жылдары еді. Осы бір ұлағатты ұстаздар Көлбаевтар отбасы бүгінде ұстаздықтың алтын діңгегі, Тәуелсіз еліміздің  қалыптасу жолында аянбай тер төккен берекелі шаңырақ. Қырық жылдан астам өмірін мектепке, ағартушылыққа арнаған ұстаздардың балалардың сауаттылығын ашып, үлкен өмірге қадам басуына жағдай жасасам деген тілектері орындалды. Бір ғана Сандуғаш Қаспақбайқызының қолынан 12 сынып түлектері ұшып шықты. 2017 жылғы түлектерінің барлығы жоғарғы оқу орындарындағы білім гранттарын жеңіп алып, ұстаздарының мерейін үстем етті. Еткен еңбек, төккен тер еселеніп ақталды. Бұл  ұстаздық жолын ұлы мұрат еткен жандардың білім саласындағы инемен құдық қазғандай табанды еңбектерінің жемісі еді. 
Адам бойындағы ең асыл қасиеттер — ізгілік пен білімділік. Ал адам жанына осы асылды дарытушы — мұғалім. Елбасымыздың сөзінде: «Мұғалімдер — қоғамның ең білімді, ең отаншыл бөлігі. Мемлекеттің идеологиясы, халықтың дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырағы секілді болады. Нұрдәулет Ниетбайұлы мен Сандуғаш Қаспақбайқызын әріптестері де, шәкірттері де кәсіби шеберлік пен шығармашылықтың шыңына жеткен тұлғалар деп бағалайды. Бала жүрегінің пернелерін дәл тауып, жанының тамыршысы бола білген ұстаздар отбасы нағыз ұстаздың ұлағатты бейнесін көрсетті. Отбасында 3 бала, 7 немере тәрбиелеп, елінің алғысын адып жүрген жарасымды жұпқа барлығы қызыға да қызғана да қарайды. Ұстаздық жолын таңдауға еш ойланбастан шешім қабылдаған, әкесі мен анасының жолын қуып, осы бір ауыр жүктей мамандықты ар-ұят таразысына салып, осы салада қызмет жасап жүрген қызы Жадыра Көлбаева  технология пәнің мұғалімі. Ұлы Дәурен Көлбаев  әскери қызметте, ал Дарын Көлбаев болса биология пәнінің мұғалімі. 
Ұстаздықтың заңғар шыңын бағындырған Нұрдәулет Ниетбайұлы «Үздік ұстаз» атағын иеленіп, төсбелгісін иыққа тақса, жұбайы Сандуғаш Қаспақбайқызы білім саласына қосқан Ерен еңбегі үшін  2018 жылы «Ұлағатты ұстаз» медалімен марапатталды.  
Алғаш қолыңа қалам беріп, сені білімнің тереңіне бойлатып, үлкен өмірдің қыр-сырын үйрететін алғашқы ұстаз кім-кімнің де жүрегінің түкпірінде қалатыныны даусыз. «Ұстаз» деген ұлылықтың қадір-қасиеті де сол алғашқы ұстаз арқылы келеді. Бала шақтан болашаққа қанат қақтырған, саналы ғұмырын осы жолға арнаған, Нұрдәулет ағай мен Сандуғаш апайдың алдынан өтпеген шәкірт кемде-кем. Ұлағатты ұстаздар – еңбек жолында кез-келген қиындықтарға төтеп бере алатын қайсар жандар еді. Шәкірттеріне деген мейірімділігі, жұмысына деген ынта-жігері, өмірдегі болмысы кім-кімге де өнеге. Ұстазының алғаш қолына әліппе ұстатып, өзінің мейірімге толы дауысымен, әліпбидің алғашқы әрпін жұмсақ та нәзік қолдарымен дәптеріне жазғаны қай шәкірттің болсын көз алдында екені даусыз. Сол кездегі толқыныс, сол кездегі ұстазға деген махаббат әттең, кері қайтпайтын өмірдегі ең ұмытылмас сәттер. 
Ұстаз қызметінің нәтижесі де, таразысы да білім берген оқушылары десек, білікті ұстаздан білім алған әрбір шәкірттердің өзге де ұстаздар алдында беделі жоғары болады. Қос ұстаздың да білім айдынында қатар жүріп, жеткен жетістігі аз емес, Мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкірттерінде десек, аудандық, облыстық, республикалық әртүрлі байқау, іс-шаралардан алған марапаттары, оқушылары мен, ұл-қыздарының жетістіктері жұлдыздарын жаққаны сөзсіз. Осы орайда Д.Ушинскийдің: «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген дана сөзі ойға келеді. Шынымен де, ұстаз жолы қиын жол. Жан-жағындағы адамдарға қуат беріп, білімнің сар даласында дамыл таппай, ізденісте жүреді. Себебі, мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де жойылары хақ. Ұстаздың зор міндеті де сол – адамды қалыптастырады. Айта берсек ұстазға жүктелер міндет те, айтылар теңеу де көп. Десек те, ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттеріне жемісті ықпал жасайтын болады. 
Осы уақытқа дейін рухани азық,  адамгершілік нұрын құя білген, талай дарынды да дара саңылақтардың өмірден өз орнын таба білуіне ықпал болған ұстаздардар отбасы  Көлбаевтар әулетіне өмірдегі бар жақсылықтарды, шәкірт мерейі, отбасы бақытын тілейміз.

Меруерт Рахмишова.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.