
Құрметті Отан қорғаушылар!
Біздер, күллі қазақстандықтар үшін мамыр айы мерекелі ай. Қаһармандық дәстүрдің жарасымды жалғасы іспетті еліміздің бейбіт болашағы үшін жарияланған 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі құтты болсын!
7 мамыр – егемен еліміздің Қарулы күштерінің мерейін асқақтататын, Отан үшін отқа түскен ата-бабаларымыздың, болашақ ел қорғайтын асыл азаматтарымыздың мейрамы. Бұл күннің мемлекетіміздің болашағы үшін маңыздылығы жоғары, себебі әрбір қазақстандықтың ұлы да, құрметті міндеті – Отан қорғау.
Отандастарымыз үшін бұл мереке батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.
Қай дәуірде болмасын, Отан қорғау әр Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келеді. Қазақстан әскерлері қатарында қызмет атқарып жүрген барлық азаматтарды, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, жауынгер – интернационалистерді, кез келген уақытта Отан қорғауға даяр азаматтарымызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызды атаулы мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға қуаныш, құт-береке, зор денсаулық, еліміздің дамуы жолындағы еңбектеріңізге табыстар тілеймін.
Бейбітшілікті сүйген тәуелсіз еліміздің айбынын асқақтатып, абыройын арттыра түсетін қанатын кеңге жайған салтанатты, мерекелі, қуанышты күндер көп болсын!
Туған еліміздің іргесі бүтін, тәуелсіздіктің көк байрағы биік, мәртебеміз жоғары, ынтымағымыз ырысты, берекеміз бекем болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын, ағайын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлері!
Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Сондықтан Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Бұл – аға буынның жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жеңісі. Қаһарман қайсарлықтың хас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігерлерінің жемісі.
Өзінің қайғы-қасіреті мен зардаптары жөнінен бұл соғыс күллі адамзат тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыс болды. Осы Жеңіс жолында миллиондаған адам құрбан болып, біз бұл жеңісті қимас боздақтарымыздың, әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен өтедік. Ел басына күн туып, өмір мен өлім арпалысқан қан майданда қазақ жауынгерлері ерекше ерлігімен, қайтпас қайсарлығымен көзге түсті. Олар Отан үшін шейіт болды. Біз бүгінгі ұрпақ өкілдері соғыс құрбандарының өлмес рухына әрқашан да құрметпен бас иеміз.
Кейінгі ұрпақ аға ұрпақ өкілдерінің ерлік пен отансүйгіштік дәстүрін лайықты жалғастыруда. Олар кеше интернационалистік борышын ерлікпен атқарса, бүгін Отан қорғау міндетін абыроймен орындауда.
Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Бейбіт өмір үшін, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түсіп, қайғы-қасірет шеккен, соның бәрін қайыспай жеңе білген ардагерлердің жанкешті ерлігі мен еңбегі жадымыздан ешқашан өшпек емес.
Сондықтан да, қан майданнан оралмаған батыр қандастарымыздың есімі мәңгі ел есінде, ал, осы күнге жеткен қазыналы қарттарымыз, ардагерлеріміз әрқашанда мемлекеттің ерекше қамқорлығында.
Осынау айтулы мерекеде барша ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне дендеріне саулық, шаңырақтарына шаттық, бақ пен береке тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!