«Қариясы бар ел - қазыналы ел» демекші, қарттардың ақыл-парасаттылығына кейінгі ұрпақ– біз әрдайым мұқтажбыз. Қарт дегеніміз– ағып жатқан дария іспетті. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қариялардың да білетіні соңдай терең. Соғыс жылдарында ата-бабаларымыз сонау ел басына қиын-қыстау күн туып, «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» аласапыран заманда халқының тыныш өмір сүруі үшін қасық қаны қалғанша ел қорғаған. Ал бүгінгі қарияларымыз сол батырлықты, отаншылдықты ту еткен, елі үшін аянбаған ардагерлеріміздің тікелей ұрпақтары, соғыс аяқталса да соғыстан кейінгі кезеңді бастан кешкен, ауыр еңбекпен, жоқшылықпен есейген ұл-қыздарымыз. Кеңес жылдарында қай ауылда болмасын бос отырған жас буын болмады, оқуға бейімдері институттарда оқып білім алса, орта білімділер кәсіптік училищелерде оқып мамандық иелері атанды. Сол кездері еңбектеніп, уақытын текке өткізбегенінің арқасында ұрпақтары бейбіт өмір кешуде.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Қазақстанда да жыл сайын бұл күн қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құрмет көрсетіледі. Биыл да мерейлі мереке өз деңгейінде аталып өтіліп жатыр. Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артуда.
Біздің ата-әжелеріміз қашанда бізге ақыл-ой, ғибратты сөздер айтып бізге өмірдің оң-солын ажыратуға үлкен үлес қосты. Бізге тіпті кішкентай кезімізде ертегі, аңыз, халқымыздың өнегелі сөздерін түсіндіріп, үйретті. Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат», деп жауға шапқан батырларымыз қаншама. Сол ата-әжелерімізді, аға-апаларымызды еске алсақ біз олармен мақтанамыз, ерліктеріне сүйсіне қараймыз. Ол кісілердің басынан өткендерді естісек, осындай бейбіт күнде дүниеге келгенімізге шүкір етеміз.
Біз өткен тарихымыз жайлы көп қызықты мағлұматтарды, аңыздар мен өсиеттерді өзіміздің ата-бабаларымыз, яғни үйдегі жанашыр қарияларымыз дән естіп, көп нәрсені бойымызға сіңіріп алдық. Тіпті кей ұмытылып кеткен салт-дәстүрлерді қайта келер ұрпаққа нақыштап, оларды үйретіп жатады. Қариялардың бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты ел бірлігіне, жер тұтастығына бас-көздік, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын берік дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу еді. Олар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік танытты, бекзаттық пен мәрттіктің рухы бола білді.
Бейбіт күннің берекесін алған коронавирус індеті де талай асыл азаматтарымызды ортамыздан алып кетті. Болған іске болаттай берік болған аға-апаларымыздың қайсарлығы бүгінгі таңда әрбірімізге керек қасиет екені даусыз. Соңғы жылдарда иманы саламатты болсын деген сөзді жиі еститін болдық. Жанға ауыр тисе де ауруға қарсы тұрғанымен ажалға қарсы тұра алмаудамыз. Қазір мемлекетіміз етек-жеңін жинап өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасқанына да отыз жыл болыпты. Осы уақыт ішінде еліміздің дұрыс бағыт алып, дамушы елдер қатарынан табылып жатқанының артында қазыналы қарияларымыздың ақыл-кеңестері, бағыт-бағдарлары тұр. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та отызға жуық ел басқарып, елімізді сын-қатерлі жылдарда тығырыққа тіремей, аман алып шықты, Туымызды желбіретіп, төрткүл әлемге танытты. Көреген көшбасшылығымен, сындарлы саясатымен ел тізгінін бекем ұстап, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосты. Бүгінде елі сыйлайтын қазыналы қарттар қатарында. Әлі де сарқылмайтын кеніштей ақылдарымен бөлісіп, өз үлесін қосуда.
Ел тізгінін ұстап халықтың бірлігін сақтаған, өсіп - өркендеу, болашағымызды жарқын ету жолында саналы ғұмырып сарп еткен ел ағалары мен аналары біздің киелі Көксуымызда да баршылық, шүкір. Кешегі күннің жарқын жұлдызы іспеттес, омырауға таққан ерлік жұлдыздардың иесі Еңбек Ерлері өскелең ұрпақтың санасында сайрап жатыр. Өлмейтұғын артына із қалдырған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов, Социалистік Еңбек Ерлері Зылиха Тамшыбаева, Закария Сейітова, Мәмилә Әлімбаева сынды дала академиктері тіршіліктің мәнін тірісінде ұғып, мемлекетіміздің гүлденуі жолында өмірін арнаған жандар еді. Талай жыл ел басқарған, аудандағы құрылыс нысандарының салынуына мұрындық болған Төлеген Ақшанов ағамыз да еліне адал қызмет еткен, үлгі тұтар азаматтарымыздың бірегейі еді. Бүгінгі қарияларымыз Наурыз Қылышбаев, Жомартқали Жексембинов, Болат Қисметов, Сайлаубай Бәзілұлы, Амангелді Қалдыбеков тағы басқа ел ағалары мен ауылдық округтердегі ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың, әртүрлі салада еңбек еткен, зейнеткерлікте болса да қоғамдық шаралардан тыс қалмаған ата-апаларымызды мақтанышпен айта аламыз.
Еліміздің ертеңі данагөй қарияларымыз барда қашан да ел еңсесі биік, болашағы жарқын болары сөзсіз. Қазыналы қарияларымыз аман болсын.
Меруерт РАХМИШОВА