Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына таңсықпен қарайтыны бар.
Көксулық жас отбасы Кеңшілік пен Ардагүл Бекетовтар бір күнде көпбалалы отбасы атанды. Облыстық перинаталдық орталық мамандары 25 қазанда туған үшемді бағып-қағып, күні кеше үйлеріне шығарып салды. Бұл – соңғы 15 жылдағы Көксу ауданындағы бірінші жағдай. Үшемдер 1900,0 гр. бойы 42см, 1800,0 гр, бойы 42см, 1700,0 гр, бойы 41см 34 аптада өмір есігін ашты. Әуелі реанимацияда, кейін жағдайлары жақсарған кезде жаңа туған сәбилердің паталогиясы бөліміне ауыстырылды. Тиісті емін алды, әрі қарайғы бақылау тұрғылықты мекен-жайы бойынша жалғасады, – деді жаңа облыстық перинаталды орталықтың директоры Қанат Қалиханұлы.
Үшемдердің анасы Ардагүл Әскербек қалам мен қағазды жанына серік еткен тілші. Сарқан ауданы, Бірлік ауылының тумасы. «20 жасымда тұрмысқа шығып, 1 жылдан кейін тұңғышым Жансаяны дүниеге әкелдім. Тағы 1 жылдан кейін екіншім Айсұлтан, артынша ұлым Нұрсұлтан дүниеге келді. Балаларымның арасы 2 жастан. Көңілге демеу боларлығы – күйеуім өте балажан. Бір баласына нұқып, зекіп сөйлеген емес. Өте ақкөңіл. Бәріне мейірімді көзбен қарайды. Көмек қолын созуға дайын. Алла маған осындай жар кездестіргеніне қуанамын, – деп жас ана жолдасына ризашылығын білдірді. Қыздардың есімін тұңғыштары Жансая - Гүлсая, Нұрсая, Нұрсыйла деп қойған. Бүгінде балалардың денсаулықтары қалыпты. Ардагүлдің айтуынша, ол Құдай қанша бала берсе, сонша баланы босанғысы келеді. «Иә, оңай емес. Бірақ мен барлығы жақсы болатынына сенемін. Әрбір бала үлкен бақыт қой», – деп сыр бөлісті көп балалы ана.
Бекетовтар отбасының қуанышымен құттықтауға аудан әкімінің атынан орынбасары Жамбыл Бейсенбай барып, бағалы сыйлықтар мен тәтті толы себет табыстады. Айтуынша Көксу ауданында 897 көпбалалы ана бар, оның 311-і алтын алқа иегерлері, 495-і күміс алқа иегерлері. «Көксу ауданы үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін өте қуанышты жағдай. Ана мен нәрестелердің денсаулығын үнемі бақылауда ұстайтын боламыз, әкімдік тарапынан заң аясындағы қолдаулар көрсетіледі»,-деді Жамбыл Жанатұлы.
Түйін. Бізде газет ұжымының атынан әріптесімізде құттықтаймыз! Әйел үшін мынау өмірге сәби әкелгеннен артық бақыт бар ма? Кіп-кішкентай періштені аман-есен босанып, бауырына басқан бір сәтте-ақ ана байғұс тоғыз ай тоғыз күн бойы көрген қиындығы мен азабын ұмытып сала береді. Құшағындағы балбыраған бақытқа ет-жүрегі елжірей, емірене қарағанының өзі ғажап қой, шіркін.
Айгүл АЙМАНБЕКОВА.