Қазақтың ұлттық болмысында ертеректе келіндер аталарының атын атамайтын. Атақты күйші Дина апамыздан «тегіңіз кім?» деп сұраса, атасының атын атаудан қысылып, есік алдында ойнап жүрген баласы Нүрпейістің есімін айта салған екен. Сөйтіп Дина Нүрпейісова болып кетіпті. Сол сынды қазақтың ибалы келіндері қайнылары, қайын сіңлілеріне де жанама ат қоятын. Тіпті, әйелдер күйеуінің атын атамай “үйдің отағасы”, ”біздің үйдегі кісі”, ”үйдің қожасы” деп қолпаштап келген. Бұдан олардың еркекті пір тұтып, өздерінен жоғары қоятынын аңғарамыз. Бұл әдет-ғұрып кеңестік кезеңде ұлттық сипатынан айырыла бастады. Ескіліктің қалдығы,еркек пен әйел тең құқылы деген саясатпен бүркемеленді. Күйеуін өзінен бір саты жоғары қойып пір тұтып отыруды келіндерінің құлағына құйып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп отыратын сол кездегі енелердің басым бөлігі о дүниелік болып кетті. Оның үстіне кеңестік жүйенің еркектер мен әйелдер тең құқылы дегенін арқа тұтқан кейбір шолақ ойлы келіншектер ұлттық-болмыс әдет-ғұрыпты ескермейтін болды. Екеу-ара әңгіме үстінде Қалқаман Кемелбаев қария: «шашты желкеге жетер-жетпес шорт қиып тастап, бұтқа ”шортик” киіп алған, алты тапқан ананы көріп түңілдім. Ол ана сондай түр-ұсқынымен келіндері мен қыздарына қалай өнеге болмақ? ”Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, олар да шешесі сияқты селтеңбайлар болып өсетіні анық емес пе? Жүнін жұлған тауықтай болып тұрған мына ұсқыныңа қарашы, қарағым деп айта алмадым. Не шаруаң бар деп беттен алып, төске шаба ма деп қауіптендім»,-деген еді. Ол қария бұғып қалып, беделімді сақтадым деп ойлады. Бірақ, бетке айтып, жөн сілтемеудің салдарынан да осындай өрескелдіктердің орын алып жатқаны жасырын емес.
Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде киім киіс, жүріс-тұрысын еркектерше ұстайтын әйелге қиямет күні Алланың назары түспейтіндігі туралы айтылған. Мен мұны жазғанда әйелдің тұрмыстағы, қоғамдағы рөлін төмендетейін деп отырғаным жоқ. Керісінше, халқымыз айрықша құрметтеген ананың ұрпақ тәрбиесіндегі орнының ерекше екенін айтпақшы едім.
Көкейде жүрген тағы бір мәселе - жаңадан отау құрған кейбір жастардың тез-ақ ажырасып кететіні. Бұл олардың бірін-бірін жете танып білмей,мінез-құлықтарын зерттемей,асығыс үйлене салуынан болса керек. Екіншіден, шамданғыштық,тоңмойындық, өзімшілдік, өркөкіректік жетекші болады.
Ренжісіп қалса бір-біріне кешірімділікпен қараудың орнына өрекпіп, жағдайды одан әрі ушықтырып, соңы ажырасуға әкеліп жатады. Қызы ұрыс-керіспен қашып келген жағдайда әке-шешесі қайта алып барып, ақыл –кеңестерін беріп, кінә кімнен екеніне көзін жеткізіп татуластырып кететін. Ал қазіргі таңда ренжісіп қалған жастарды ата- аналары татуластырудың орнына қолтығына су бүркіп, ажырасуларына қолдау танытып жататыны өкінішті-ақ. Жас отау ерлі-зайыптылардың арасында ажырасуға көп жағдайда келіндердің себепкер болатындығын байқауға болады. Бір келіндер “ауылда тұрмаймыз, қалада өмір сүруіміз керек” дегенді көлденең тартып,ажырасып кете барады. Қалаға барсын дейік, онда баспана, жұмысы жоқ болғандықтан қайтып күн көреді? Оны ой таразысына салып жатқан жастар жоқ. Отбасылық мәселелерді шешуде” менің айтқаным болмады, билік менің қолыма тимеді” деп кейбір келіндер өзімбілермендік, өркөкіректіктен ұрыс-керіске бастап, шаңырақтың шайқалып, ортасына түсуіне себепкер болып жатады. Бойжетіп қалған қызын анасы үй шаруасының барлық түріне икемдетіп, оларға ерлі-зайыптының арасындағы сыйластық жайлы да үнемі сөз қозғап, қыз тәрбиесін үнемі назарда ұстап,ақыл-кеңес беріп отыруларын мақұл көреміз. «Қызға қырық үйден тыйым», «қыз қылығымен», «қыз намысы-ел намысы» деген нақылдардың маңызын түсіндіріп, жете мән беріп отырған жағдайда ыңғайсыз, өкінетін жайлар болмаған болар еді. Бұрындары ата-бабаларымыз тұрмысқа шыққан қыздарына “Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман” деп барған жерінде судай сіңіп, балдай батқанын қалап, тату-тәтті өмір сүріп кетулерін ойлайтын. Ертеректе оң жақта отырып, аяғы ауыр болып қалған қыздарды өгізге теріс қаратып мінгізіп, бүкіл ауылды аралатып, масқарасын шығаратын болған. Ар-ұяттан беті күйген әке-шешесі ол ауылдан басқа жаққа көшіп кететін. Аяғы ауырлап қалған қыз мәжбүрліктен әйелі өлген шалға тұрмысқа шығатын. Ал соңғы жылдары, тіпті мектепте оқитын кейбір жас қыздардың аяғының ауырлауы ешқандай ұяттығы жоқ қалыпты жайға айналды. Таңғаларлық ештеңесі жоқ, ара-тұра солай болуы керек сияқты көрінетін болды. Бұрындары намыстан,ұяттан жерге кірердей болушы еді. Хадисте “кімде иман жоқ, болса сонда ұят жоқ” деп жазылған. ”Өлімнен ұят күшті” дейді халқымыз. «Ойнақтаған от басады» деп халық бастан өткеннен кейін тәжірибеден сабақ алсын деп тұжырымдаған. Алды-артын ойламай жауапсыз, ар-ұятты сыпырып тастап, істеген ісінің арты не боларын, опық жеп қалам-ау деп ойламай, содан кейін ол шарананы дәретханаға, қоқысқа лақтырып, қылмысқа барады. Тіпті, машинаның терезесінен лақтырған оқиға да кездесіп, елдің жағасын ұстатты. Көрер жарығы бар шараналарды ауруханада емдеп шығарып, балалар үйіне орналастырады. Балалар үйі нәрестелерді қанша мәпелеп, бағып, тәрбиелесе де ана алақанының жылуы қажет. Нан мен қара су ішсе де ананың жанында болғанға не жетсін?!
Барлық қыз осындай жаман ұятты іске тап болып қалады деп көпке топырақ шашудан аулақпын. Әрине,әрқашанда үлгілі үйдің қызы ұялтпайды. ”Теңін тапқанға тегін бер” дегенге ежірейе, тітіркене қарап мол дүниені көксеген бірлі-жарым болса да кейбір ата-аналар салған салығын құдалары тауып бере алмаған жағдайда махаббаттары жарасып, бірін-бірі ұнатқан екі жастың қосылуына қарсы болады немесе ажыратып тынады. Дүниеге қызығып, екі жастың обалына қалғанды көпшілік құптай қоймас. Отбасында айтқаны еленбейтін,сөзі өтпейтін еркектің ұрыс-жанжалдан қашып, үндемей күйзеліске ұшырап денсаулығынан айырылатыны да көз көріп, құлақ естіп жүрген жайт. Бұл ажырасуға жетелейтін себептің бірі болса керек. Ажыраспағанның өзінде күйеуінің қарт әкесін не шешесін қарттар үйіне апарып тапсыруына негіз болып табылатын жайт. ”Әйел би болады, сиыр пұл болады” деген болжамдар тура келген қазіргі кезеңде үйдің береке–бірлігі, татулығы әйелге байланысты екені даусыз. ”Ер жігіттің аты жақсы болса-бір бақыт, алған жары жақсы болса-мың бақыт” демекші, ақыл парасатымен танылып, ер азаматын алақанына салып, аялайтын әйелдер де баршылық. Пайғамбар хадистерінде “жақсы жар күйеуінің ғұмырын екі есе ұзартады”, ”еркегі разы болған әйелдің барар жері жұмақ”, “жақсы әйел азаматын жасытпайды” деп жазылса, “әйел ашуланса жеңіледі,еркелесе жеңеді”деп Абай да ақылы аз, ашуы көп болғанның қор болатынын меңзейді.Ізтілеу Тұрмағанбетов ”Әйел жерден шыққан жоқ,ол да еркектің баласы. Ерлер көктен түскен жоқ, әйел оның анасы” деп жұптаса, ынтымақтаса, бірлікте өмір сүрулерін насихаттаған.
“Үйлену оңай, үй болу қиын”. Үйленіп алып, үй болуға жеңіл-желпі қарайтын жастарға ата-анаңды , тойға куә болған бір қауым елді ұятқа қалдырып, көзге шыққан сүйелдей болмай, өз ар-ұятыңды сақтап, кездесетін алғашқы қиындыққа шыдамдылықпен, төзімділікпен қарсы тұрып, бақытқа қол созып,егеменді еліміздің үлгілі бір отбасының негізін қалауларыңа мүмкіндіктің мол екенін мықтап есте ұстағандарың жөн дер едім.
Нұртай Қыдыралыұлы,
ҚР білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері.