«Сәлем – сөздің анасы» дейтін қазақ халқы қашан да сәлем беруге үлкен мән берген. Адамдар бір-бірімен кездескен уақыттарында ең бірінші әдеп те осы сәлемдесуден басталады. Ата-бабаларымыздың «Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені, жақындықтың белгісі – кешіктірмей келгені» дейтіні осыдан. Әлемдегі барша мұсылман халықтары бір-біріне «Ассаламуғалайкум» (Сізге Алла Тағаланың сәлемі болсын) деген үлгіде сәлем береді. Оған жауап ретінде: «Уағалайкум әссалам» (Сізге де Алла Тағаланың сәлемі болсын) деп айтылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Алла Тағала Адамды жаратқанда оны бірнеше періштеге жіберіп: «Бар да оларға сәлем бер және олардың саған қалай жауап бергенін ұғып ал, өйткені сен үшін және сенің ұрпағың үшін сәлем беру – олардың саған айтқан жауабы болады», – деді. Сосын ол періштелерге: «Ассаламу алайкум»,– деді, олар да жауап ретінде: «Ассаламу алайка уа рахматуллаһи!» – деп, оның сәлеміне: «Уа рахматуллаһи» (Алланың рақымы!) – деген сөздерді қосты», – деп айтқан. «Ассаламуғалайкум» сөзі қазақ халқының да дәстүрлі сәлем беру үлгісі болып табылады. Бұқар жырау бабамыз: «Сәлем – сөздің анасы, әлейк алған данасы», – дейтіні осыдан болса керек. Қазіргі уақытта қоғам арасында сәлем берудің түрлі үлгілері көп. Бірақ мұсылманның сәлемінің өзіндік мынадай артықшылықтары бар:
«Ассаламуғалайкум» деп сәлем беру арқылы адамдар бір-біріне Алла Тағаладан амандық, тыныштық, бейбітшілік тілейді.Алла Тағала Қасиетті Құранның«Нұр» сүресі, 61-аятында: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!» – деп айтқан. Бұл аятта «Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп» делінуі арқылы, сәлемнің берекетін беруші Алла Тағала екендігі баяндалған. Осылайша мұсылмандықта екі адамның бірінші тіл қатуының өзі өзара дұға тілеуден басталады. Ал мұсылманның өзге мұсылман үшін тілеген дұғасы қабыл екендігі белгілі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның бауырының сыртынан жасаған дұғасы қабыл. (Өйткені) оның басының жанында өкілетті періште тұрып, ол бауырына жақсылық дұға тілеген сайын, өкілетті періште де: «Әмин, саған да сол нәсіп болсын!» – деп айтады», – делінген. Сәлем беру – сүннет, ал оған жауап беру уәжіп болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 86-аятында: «Қашан сендерге сәлем берілсе, онда (сәлемді) одан да көркемірек не соның өзіндей етіп қайтарыңдар», – деп айтқан. Демек, Алла Тағаланың бұл аяттағы бұйрығына сай, сәлемге жауап қайтарушы адам, сәлем берушіден де артық әрі көркем түрде жауап беруі тиіс. Көркем амандасуға – егер ол: «Ассаламуғалайкум» деп сәлем берсе, «Уағалайкум ассалам» деген сөздің қасына «уа баракатуһу» (және берекетін тілеймін) деген сөзді қосып айту, қабағын түйіп амандасқанға жымиып жауап беру сынды істер жатады. Ал көпшілікке сәлем берілген уақытта арасынан біреуі жауап қатқан болса, қалғандарынан міндет түседі. Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын): «Жамағат бір жерден өтіп бара жатқанда араларынан біреуі сәлем берсе, бәрі сәлем бергендей болады. Сондай-ақ отырған жамағаттан біреуі ғана жауап берген болса, сол жеткілікті», – деген. Мұсылмандық жолмен сәлем беру арқылы екі адам бір-біріне деген сыйластық ілтипатын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар үлкен сауапқа кенелетін болады. Сәлем көп берілген жерде адамдардың өзара сүйіспеншіліктері артып, олардың арасында береке мен бірлік орнайды. Қазақ халқында өзара татулығы сақталған адамдарды «сәлемі түзу», «сәлемнен кеткен жоқ» деп айтып жататындығы сондықтан. Сол үшін де мұсылман адам барынша сәлемді жаюға тырысуы қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанмен (Алламен) ант етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болып саналмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көруге ықпал етер бір істі хабар етейін бе? Араларыңда сәлемді жайыңдар!» – деген.Адам тек өзінің таныс адамдарына ғана сәлем беруі жақсы іс емес. Бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Исламдағы істердің қайсысы абзал?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгелерді тамақтандыру, танысаң да танымасаң да (адамдарға) сәлем беру», – деп жауап берген екен.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері», – деген екен. Ендеше, біз де дініміздегі ең абзал амалдардың бірі болып саналатын сәлемді барынша жаюшылардан болайық.
Еділбек Ерімбет
Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы.