ӘЛЕУМЕТ

Күрделі мәселелер көтерілді

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 25.02.2022
Оқылды: 3321 Печать страницы
Күрделі мәселелер көтерілді

Мәжіліс депутаттары ел аралап жүр. Көксу ауданының халқымен жүздесіп, өңірдің бүгінгі жағдайын білмекке ақпанның 21-і күні Парламент мәжілісінің депутаты Данияр Алимбаев жұмыс сапарымен арнайы келді. 
Алдымен халық қалаулысы «Nur Otan» партиясы Көксу аудандық филиалы ғимаратында аудан тұрғындарымен кездесті. Қоғамдық қабылдауға аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Досымбеков, облыстық мәслихат депутаты Секенбай Шеңгелбаев қатысты.
Азаматтарды қабылдауда төмендегідей мәселелер көтерілді:
Мәмбет ауылының тұрғыны Алыбай Базаралин көкейкесті екі сауалын жолдады. Бірінші, «Қасіретті қаңтар» оқиғасында бейбіт шеруге шығып, жазықсыз қамалған азаматтардың ісін заң аясында қарастырып, әділеттілік танытуға, жазықсыздарды босатуға ықпал етуін сұрады. Екіншісі, Мәмбет ауылындағы өзі негізін қалаған «Үлгілі балалар» халық оркестріне 2 штат бөлуді сұрады. Келесі ретте, «Көксу Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі Әшімхан Оразбаев шаруа қожалықтарының күрделі мәселесіне айналған «Нулевой» су қоймасының қайта жаңарту бойынша мәселе көтеріп, ықпал етуін сұрады. Қоғамдық қабылдауда Жамбыл ауылына амбулатория салынса, Балпық би ауылдық округіне қарасты Байтұрбай би көшесіне асфальт төселіп, жарық шам орнатылса, Ақшатоған ауылына интернет желісін тарту, Т.Даулетова көшесіне жарық жүргізу сияқты өзекті мәселелер де көтерілді. Сондай-ақ Мұқыры ауылының тұрғыны А.Абдраймова жаңадан салынған аспаздық өндіріс орнын ашуға қажетті құрал-жабдықтарын алуға қаржылай қолдау көрсетуді қарастырып беруді сұрады.
Қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелер Мәжіліс депутаты Данияр Кенғазыұлының бақылауына алынды, кейбір мәселелер қоғамдық қабылдауда шешімін тауып жатты. 
Түстен кейін жұмыс барысымен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын аралап, жағдайымен танысты. Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаты Секенбай Шеңгелбаев облыстық фракция отырыстарында бірнеше мәрте көтерген, алайда оңтайлы шешім болмады. Қырық мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін ХҚКО-ның сапасы сын көтермейді, іші тар, сыйымдылығы аз және заманға сай келмейді. Халық қалаулысы Данияр Алимбаевтың заманауи ХҚКО-ын салуға қаражатты республикалық бюджеттен бөлуге қарастырып беруін сұрады. ХҚКО-на қатысты барлық құжаттар Данияр Алимбаевтың қолына тапсырылды.  Сондай-ақ, Данияр Кенғазыұлы іс-сапармен Мұқыры ауылдық округіне қарасты 10 жылдық Қазақстан ауылына барды. Жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысының жұмыс барысымен танысып, құрылыс салушы компания басшысыларымен кездесті. «АСК Ауыл құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Асылхан Жармухамбетов мектеп құрылысының жобалау сметалық құжаттамасына түзету енгізуді, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қаржыландыруды қайта қарауды сұрады. 
Ақпанның 22-і күні «Nur Otan» партиясы Көксу аудандық филиалы ғимаратында Ғалым Байжұмановтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы депутаттық фракция отырысына қатысты. 
Фракцияның күн тәртібінде екі мәселе қаралды: 1. Көксу өңдірістік учаскесінің көктемгі егістікке су жіберуге дайындығы жайындағы есебі. 2. Аудандық Ветеринариялық станцияның малдарды көктемгі егу жұмыстарына дайындығы туралы есебі. Күн тәртібінде бекітілген екі мәселе бойынша баяндама тыңдалып, Көксу өңдірістік учаскесінің көктемгі егістікке су жіберуге дайындығы жайындағы есебі назарға алынып, 30 күн ішінде партиялық бақылау комитетінің отырысында қаралу туралы, Ветеринариялық станция малдарды көктемгі егу жұмыстарына дайындығы жайындағы баяндамасы қабылдансын деген шешім қабылданды. 
Түстен кейін Лабасы ауылдық округіне қарасты Еңбекшіқазақ ауылындағы жергілікті шаруалардың жан айқайына айналған теміржол мәселесімен танысты. Тұрғындардың айтуынша бұл өткел ашық болған, кейін жабылған. Аудандық әкімшіліктің қолдауымен Қазақстан теміржолы басшылығымен келісіп көктем-күз айларында тек 1 айға ғана ашуға рұқсат етілсе, соңғы жылдары мүлдем ашылмай шаруалардың жағдайы қиындаған, ауыл сыртын 12 шақырым жер айналып өтуге мәжбүр болған. Осы күрделі мәселені билік басындағылар білсе де, осы уақытқа дейін ат басын ешқайсысы бұрмағанын және қағаз жүзінде шешім қабылданғанын айтқан ауыл халқы мәжілісменнен көмек сұрады. Осы ретте М.Қортықбаев, Е.Бабашев сынды ауыл азаматтары халық қалаулысының арнайы келгеніне ризашылықтарын білдіріп, жоғарыдан шешілуіне ықпал етуін сұрады. Мәжіліс депутаты Данияр Алимбаев халықтың сауалы ескерілетінін және шешімін табуға тиісті депутаттық сауал жолдап реттейтінін айтып шаруаларды қуантты.
ТҮЙІН.
Ауданнан сайланған мәслихат депутаттары қашан да  халықтың арасында, ішкі мәселелерден де хабардар. Мәжіліс депутатының ауданға іс-сапары кезінде үнемі кейінге қалдырылып келген, алайда шешілуі тиіс өзекті, өткір мәселелерді қозғады. Оның көп бөлігі ауыл шаруашылығына қатысты болды. Өйткені Көксу-аграрлы өлке. Аудан халқының тұрмысы жақсарып, өзгеретініне сенім мол.

 

Меруерт Рахмишова,

тілші-корректор.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.