
Аптаның сейсенбісінде облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы Қошамбеков кеңес мүшелерімен, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Орынхан Нұртаевтың қатысуымен мәслихаттың кіші залында көшпелі отырыс жиынын өткізді.
Жиынның басталғаны сол еді қатты дауыл соғып, электр жарығы өшіп қалды. «Бұл біздің емес, сіздер жақтың дауылы» деп жиынды бастаған төраға қоғамдық кеңес мүшелерімен таныстырып, қабылдауға жазылған азаматтардың мәселелерін тыңдады.
Балпық би ауылының тұрғыны Абильмажин Байсуанов Қоғамдық кеңес төрағасына зейнетақысының тағайындалуын қайта қарауды сұрады. Бар ғұмырын ауданда мемлекеттік қызметке арнаған азаматтың бейнетінің зейнетін көрем ғой деген шағында талай жылғы еңбек өтілінің есепке алынбай, керісінше ең төменгі зейнетақы мөлшерлемесімен тағайындалғаны дұрыс емес екенін дәлелдеуге сол қырық жылдан кейінгі өмірін арнаған бармаған есік, соттаспаған заң органдары қалмаған. Алайда нәтиже жоқ. Құрамы қайта жаңартылған қоғамдық кеңес әділеттілікті анықтап, тиісті шара қолданады деген ниетте.
Келесі азамат Әнуарбек Карибаев, баспанасын өз меншігіне аударып беру туралы өтінішін жеткізді. Анығында баспананы өзі сатып алса да, құжаттарын қызы Карибаева Мейрамгулдің атына заңсыз Ләззат Курмангалиеваның аударғандығын айтып, қайтарып беруді сұрады. Қарияның басты тілегі қартайған шағымда қаңғытып жібермесе дейді. Жағдайды өз бақылауларына алған көшпелі кеңес бұл жағдайды бітімгершілік жолмен шешуге уағдаласты. Келесі Аманкуль Борашбаева баспанасын пәтер үйге ауыстыруға көмек көрсетулерін сұрады. Бір ұлы қайтыс болып, бір ұлы із түссіз жоғалып кеткен, енді бірі жол апатын жасап адам өліміне кінәлі боп танылып сотталып кеткендіктен кейуана кеңестен көмек сұрады. Сексенге жуықтаған шағымда артық қимыл жасауға әлім жоқ, қыздарым тұрмыста, оларды мазалай алмаймын. Бір үмітім сіздерде деп түйіндеді сөзін. Төраға Аманкуль апаның мәселесін шешуді өз бақылауына алып, заң аясында көмек көрсетілетінін атап өтті. .
Жетіжал ауылының аманатын арқалаған ақсақалдар алқасының төрағасы Арғынғазы Шаймерденов бірнеше мәселесін ортаға салды. Атап айтқанда, интернет, су мәселесі және Мәулен Мамыровтай олимпиада чемпионын дүниеге әкелген Жетіжал ауылына балаларға арналған стадион салынуға ықпал етсе деген өтінішін жеткізді. Соңғы қабылдауға жазылған Исмаиылов Маариф Абузароглы Мұқыры ауылының Садовая көшесіндегі жерін өз меншігіне аударып беруін сұрайды. Бір кездері машина жөндеу ғимаратын салып бастап, кейін 3-4 жыл ауылда болмағандығын пайдаланып біреулер жерді өз аттарына заңдастырып алған. Алайда, он алты жыл өтсе де ол жерді пайдаланбағандығына таң, оны мемлекет те өз меншігіне алмай отырғанына да наразы. Себебі, пайдаланылмаған жер пайдаланам дегенге берілсе, ауылдың азаматтарын жұмылдырып кішігірім болса да кәсбімізді дөңгелетіп, нәпақамызды табушы едік дейді. Бұл ретте қоғамдық кеңес мүшелері заң аясында тиісті құттар жолдап, қайтарып беру жолдарын қарастыратының айтты.
Қоғамдық кеңес - қоғам сенімі. Құрамның жаңартылғаны кеңес мүшелерінің нақты жауап беріп, шешілу жолдарын әп-сәтте қарастырып жатқанынан анық аңғарылады. Сенім білдіріп мәселесін көтерген әр тұрғынға алғыс білдіріп, жергілікті қоғамдық кеңес те өз деңгейінде қызмет көрсететінін жеткізді.
Кез келген аудан тұрғыны өзін не қоғамды толғандырған мәселесімен 87074445213 нөміріне қоңырау шалып, алдын ала кеңес отырысына жазылуға болады.
Меруерт Рахмишова.