
Еліміздің сайлау жүйесін жаңа өзгерістер күтіп тұр. Осыған орай ең алдымен жұртшылықтың саяси сауаттылығын, белсенділігін арттыру қажет. Себебі, қоғамдағы саяси мәселелерге немқұрайлы қарайтын жұртшылық дауыс беру процесіне қатыспайтын болған. Мұндай мәліметті аудан тұрғындарымен кездесу өткізген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан ӘБДІРОВ айтты.
Көшпелі топ алдымен Мұқыры ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жақында сайланған ауыл әкімінің жұмыс барысымен танысты. Жергілікті халықтың сайлауға деген көзқарастарын біліп, толғандырған сұрақтарын, ұсыныс - пікірлерін тыңдады. Ауылға әкім болып сайланған Жандос Жұмағұлов- халықтың өз таңдауын жасап, сайлаған әкімі. Сондықтан да болар, халық пен әкімнің арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Ауыл азаматтарының атынан сөз алған Мұқыры ауылының тұрғыны Күрішбай ағамыз сайлаудың әділ өткенін, өздері сайлаған әкім Жандос Елтайұлына көңілдері толатындықтарын жеткізді. Тек жергілікті бюджетке көбірек ақша бөлінсе, көптеген шаруалардың реті келер еді деген ұсынысын жеткізді. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина сөз алып, өзге облыс, қалалардағы халықтың айтқан ой-пікірлерімен бөлісті. Жергілікті тұрғындардың сайлауға оң көзқараспен қарайтындықтарын естіген көшпелі топ жиынға келгендерге алғысын білдіріп, келесі меже Зылиха Тамшыбай ауылына ат басын тіреді. Мұнда сол сәтте Еңбекші ауылдық округінің әкімін сайлауға дайындалып жатқан тұрғындармен, жергілікті сайлау комиссиясының құрамымен танысты. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан ӘБДІРОВ сайлауға қатысты қандай да бір өзгерістері бар-жоғын сұрады. Көптеген облыс, аудан, ауылдарды аралағанда сайлауға қатысты әр түрлі ұсыныстар беріліпті. Олардың кейбіреулерінің айтуынша, ауылдық округ әкімдерін сайлаудың ашықтығын, жариялылығын, тиімділігін қалайтын жұртшылықтың талабы толық орындалмай отыр. Тіпті, еліміздегі сайлау жүйесінде көптеген түйткілді мәселе жеткілікті. Мысалы, дауыс берудің тәртібін бюллетеньнен гөрі электронды нұсқаға ауыстыру заман талабынан туындап отыр. Яғни, әрбір адам өзінің саусақ таңбасын басу арқылы сайлауға қатысқанын дәлелдеп, саяси науқандағы белсенділігін білдіре алады. Ал, бюллетень арқылы дауыс беру ескіріп, тиімсіздігін көрсетіп отыр. Одан кейін аумақтық сайлау комиссиясын құрудың жаңа тәртібі керек. Себебі, бұрынғыдай мектеп директорларының сайлау учаскесінің басшысы болуы сайлау процесінің нәтижесін жақсартпай отыр, деген де пікірлер айтылған.
Осындай аса өзекті мәселелерге кезекпен жауап берген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров әрбір мәселеге байыппен қарау керектігін ескертіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан сайлау процесін жетілдіру жұмыстары ашықтықты, жариялылықты, әділдікті талап ететінін жеткізді. Соған орай бұл саланың жұмысын бірлесе атқару қажеттігін алға тартып, қоғам белсенділері айтқан ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын, тіпті, халықтың саяси білімін арттыруға қажетті тиімді жолдарды пайдаланудың қажеттігін ескертті. Осылайша екі жақты диалог арқылы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату бүгінгі күннің басты міндеті екендігін айтқан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының еліміздің барлық өңірлерін аралап, жергілікті жұртшылықтың талап-тілегін тыңдауға шығуы бұрын-соңды болмағанын еске салды.
Бұдан соң Орталық сайлау комиссиясының өкілдерінің іс-сапары Қапшағай қаласында жалғасын табады.
Меруерт РАХМИШОВА.