
Президенттік сайлауға мен міндетті түрде барамын. Осылайша мемлекетіміздің, оның ішінде ауданымыздың, дамуына өз үлесімді қосамын деп есептеймін. Ел болашағы үшін маңызы зор шараға қатысып, конституциялық құқыңды білдіру ел азаматы ретінде міндетім деп білемін. Менің ойымша, әрбір қазақстандық өз таңдауын жасауы тиіс. Мен 20 қарашада Қазақстанның болашағы үшін, біздің еліміздің табысты дамып, аса мықты дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін дауыс беремін.
Дауыс беру құқына ие болғалы Президенттік сайлауға қатысып келемін және оған ешқашан өкінген емеспін. Өйткені, еліміздің бүгінгі дамуына, экономикалық ахуалына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қарап барлық кезде дұрыс таңдау жасағанымды мақтан тұтамын. Қараңызшы, бүгінде еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. Ішкі жалпы өнім көлемі 20 есе өсіп, өткен жылы жан басына шаққанда 13 мың долларды құрады. Татулығы тұрақты, бірлігі бекем еліміз қолайлы инвестициялық ахуал бойынша ТМД-да көшбасшыға айналды. Құрылыс, өндіріс қарқынды дамуда. Астана салынды,көптеген мәдени ошақтарымен де ерекшеленетін жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтар бой көтерді. Қалалар өзгерді, жаңа реңк, заманауи сәулетімен талайды таң қалдырды. Жетістігімізді тізе берсек жетерлік. Осының бәрі елімізде жүргізіліп жатқан дұрыс саясаттың, татулықтың, ел басқарудағы көрегенділіктің, кемеңгерліктің нәтижесі деп білемін. Ел дамуы бүгінгі қарқынын еселей түсері анық. Яғни, ертеңгі күнге сенім мол. 20 қараша күні сайлау. Әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін көзі ашық, көкірегі ояу, саналы жұрт жақсы біледі. Сондықтан, бұл маңызды шарадан тыс қалмайтынына сенімдімін. Өзім де жұбайым Дауренмен бірге ұл-қыздарымызды ертіп сайлау учаскесіне барамыз. Ұл-қыздарым көрсін, ата-анасы қалай дауыс беріп жатқанын, жастайынан сайлау өз еркін білдірудің маңызды жолы екенін сезіне берсін. Әр адам сайлауға дауыс беруге баруы керек деп есептеймін. Ал, кім кімге дауыс береді — ол әр азаматтың жеке таңдауы, конституциялық құқығы. Өз басым еліміздегі барлық жағдайды саралап, таңдау жасадым. Бұл тұрғыда өзіндік ұстанымым, өзіндік ой-пікірім бар. Қазір жастар арасында электоралды белсенділік жоғарылап келеді. Өйткені, жастар қоғам өмірінен тыс қалмай, ел дамуына өзіндік үлес қосқысы келеді. Бұл қолдауға лайық үрдіс. Жастардың барлығын сайлау учаскелеріне барып өз таңдауын жасауға шақырамын. Үміткерлер арасынан таңдау жасау және соған дауыс берудің маңызы мен мәнін жіті сезініп, оның қажеттігін жақсы білетін барлық азаматтардың бұл күні сайлау учаскелерінен табылатыны күмәнсіз. Ендеше, сайлау учаскелерінде кездесейік!
Жадыра Самажанова, Айнабұлақ ауылдық округінің кітапханашысы